«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 92

СИНГАПУР  – ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА

Expat Explorer жариялаған жыл сайынғы сауалнама қорытындысы бойынша Сингапур экспаттар үшін үздік ел атанды.

Сарапшылар өз рей­тингінде табыс деңгейін, өмір сүру сапасын ескерген. Қорытындысында Сингапур ең жоғары орынға көтерілді. Одан кейінгі тізімде Жаңа Зеландия мен Германия келеді. Канада мен Бахрейнге де бестіктен орын табылды. Рейтингте ең жоғары жалақы алатын елдердің көшбасшысы Швейцария болып отыр. Бұл елде жұмыс істеуге келген шетелдіктерге жылына 202 мың доллардан төлейді. Оның ізінде АҚШ (185,1 мың доллар), Гонконг (178,7 мың доллар) келеді.

ТАҢҒАЖАЙЫП КӨЛІКТЕР

Франция астанасы Париждегі автосалондардың бірінде болашақтың көліктері таныстырылды.

Жұрт назарына ұшатын көлік, жүргізушісіз қозғалатын автобус пен такси секілді бұрын-соңды қолданыста болмаған көліктер ұсынылды. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта бұл кө­ліктер көпшіліктің қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болады. Қазірдің өзінде бірнеше компанияның тапсырыс бергені хабарланды. Париждегі жергілікті такси қызметтерінің бірі клиенттерді тасымалдау үшін осы модельдерді енгізуді жоспарлап отыр. Келер жылы Дубайда жүргізушісіз басқарылатын 25 автобус қолданысқа енгізілмек.

ПЛАСТИК ЫДЫСҚА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Еуропарламент пластиктен жасалған бұйым­дарға, әсіресе ыдыс-аяқтарға тыйым салуды талқылады.

Пластикалық асхана құралдары және теңіз қоқысының 70 пайызын құрайтын өзге де заттарға Еуропа Одағы нарығында 2021 жылдан бастап тыйым салу жоспарланып отыр. Ал баламасы жоқ ыдыс­тарды пайдалануға 2025 жылға қарай шектеу қойылмақ. Мұндай бұйымдардың ішінде тамақ, десерт және балмұздақ салуға арналған контейнерлер бар. Осындай тыйым темекі өнімдерінің қалдықтарына да қа­тысты болады. Бұл ұсыныстар 22-25 қазанда Еуропарламенттің пленарлық сессия­сына дауыс беруге ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды