«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 20

Зілзаладан 16 адам зардап шекті

Жапонияның Хоккайдо аралында магнитудасы 6,7-ге тең зілзала болып, қаза болғандар саны 16 адамға жетті. Бұған қоса 300-ден астам тұрғын түрлі деңгейде жарақат алса, жергілікті құтқару органдары 26 адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады.

NTV (Nihon Television Network) телекомпаниясы табиғи апаттың эпицентрі Ибура ауданында, ошағы 37 шақырым тереңдікте орналасқанын жеткізді. Ал Ацума елді мекенінде жер сілкінісінің күші 7 балға дейін жеткені анықталды. Сонымен қатар апат кезінде бірнеше мәрте сел болыпты.
Хокайдо жерінде электр жүйесі істен шы­ғып, үш миллионға жуық үй жарықсыз қалды. Аймақта жарық жүйесін қалпына келтіру үшін бір аптадай уақыт кетпек. Сол сияқты аралда жаңадан ашылған аэропорт та уақытша жұмыс істемей тұр.
Қазіргі уақытта апат орнында 20 мыңнан астам адам құтқару жұмыстарына жұмылдырылды.

Құпия зират табылды

Мексиканың Веракрус штатының прокуроры Хорхе Уинклер өткен бейсенбі күні жасырын түрде көмілген 166 адамның бас сүйегі табылғанын мәлімдеді.

Прокурордың айтуынша, бұл мәлімет белгісіз біреулер арқылы жеткен. Осыдан кейін жергілікті билік штат аумағында тексеріс жұмыстарын жүргізіп, құпия зираттың орнын анықтаған.
– Бас-аяғы 32 орында іздеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, табылған бас сүйектерге қарап, 166 адамның көмілгенін анықталды, – деп хабарлады Уинклер баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек, 200-ге жуық киім, 114 адамның жеке құжаты, сондай-ақ бірнеше зат табылды. Сарапшылардың мәліметі бойынша, 166 адам кем дегенде екі жыл бұрын көмілген екен.
Бір айтарлығы, мұндай жайт Мексикада жаңалық емес көрінеді. Осыған дейін жасырын зираттар Халиско, Герреро, Морелос штаттарынан да табылыпты.

Toyota 1 млн көлікті қайтарады

Toyota автокомпаниясы өрт шығу қаупі бар көліктерді кері қайтармақ. CNN басылымы әлем бойынша ақаулы автомобильдердің 1 миллион данасы таралып үлгергенін хабарлады.

Оған 2015-2018 жылдары шыққан Prius және C-HR SUV маркалы көліктер енген. Бұл машиналардың басым бөлігі Жапонияда таралса, 200 мыңы АҚШ-та, ал қалғаны Еуропа мен өзге де мемлекеттерде сатылыпты.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, ақау автокөлік қуатын басқаратын блокпен байланыс­ты сымдарда көрінеді. Себебі сымдарда жылу көрсеткіші артатын болса, машина өртке орануы мүмкін.
Бұл Toyota компаниясында алғаш кездесіп отырған проблема емес, 2016 жылы тежегіштегі ақауларға байланысты 1,7 млн автомобильді кері қайтарып алған екен.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды