«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 84

РЕСЕЙ АҚШ-ТЫҢ ОСАЛ ЖЕРІН ТАПТЫ

 

Ресей Американың облигацияларынан бас тартып, оның осал жерін тауып алды.

Осылай деп жазған «Business Insider» газеті Ресейдің биылғы сәуір-мамыр айларында АҚШ-тың өзіндегі мемлекеттік займдарын 96 млрд доллардан 15 млрд долларға дейін азайтқанын атап өтті. Бұл Құрама Штаттардағы пайыз ставкаларының күрт өсіп кетуіне апарып соқтырды.
Жағдайдың бұлайша өріс алуы Дональд Трамптың әсіре наразы­лығын туғызды. Себебі президенттің сайлау алды бағдарламасында берілген уәденің бірі Америка экономикасы үшін залалды болып табылатын қымбат кредиттерді жою болатын.
Ал Ресейдің мұндай қадамға баратын себебі көп. Мәскеу сәуірде басталған антиресейлік санкциялардан кейін Америка құнды қағаздарын шектеуге баруы әбден мүмкін. Бұған қоса, АҚШ облигациялары активінің қысқаруы рубльді нығайтып, валюта резервін әртараптандыруға көмектеседі.

БАЛАЛАР ЕНДІ  МОНАХ БОЛДЫ

Таиландта үңгірден құтқарылған 11 футболшы бала мен олардың ұстазы будда ғибадатханасының тыңдаушыларына айналды.

Аталған жасөспірімдер аузын су басып қалған үңгірде екі апта уақыт болғаннан кейін құтқарылған еді. Олар кеше түгел салтанатты түрде будда тыңдаушылары мен монахтары атанды. Шара Чианграй провинциясындағы ірі будда монастырьлардың бірі – Ват Пхра Тхат Дой Тунгте өтті. Thai PBS телеарнасы тікелей эфир арқылы 11 оқушы мен олардың бапкерінің салт рәсімін қалай жасағандарын көрсетті.
Жасөспірімдер әзірге тыңдаушы болып қабылданды. Ал бала жасында тыңдаушы жолынан өткен жаттықтырушы бірден монах болып қабылданды.
Буддизмнің тхеравада тармағын ұстанатын тай елінде ер кісілердің барлығы өз өмірлерінде кемінде бір рет, жасөспірім шағында уақытша монах салтын жасайды. Таиландта, сондай-ақ, жақындарының бірі қайтыс болған адам уақытша тақуалық өмірді бастан кешеді.

ӨРТ ҚҰРБАНДАРЫ – 74 АДАМ

Грекияда болып жатқан ормандардағы алапат өрт құрбандарының саны 74 адамға жетті.

Сонымен қатар, 164 ересек кісінің, 23 баланың, барлығы 187 адамның түрлі дене жарақатын алып қалғандары белгілі болды.
Ежелгі Эллада елінде дүйсенбі күні бірнеше жерде ірі өрт басталды. Олар, негізінен, Афинаның Аттика аймағында орын алды. Елде соңғы күндері 40 градустан жоғары ыстық болып тұр. Бұған күшті жел қосылып, жағдайды ушықтырып жіберді. Осының салдарынан өртті дер кезінде сөндіру мүмкін болмай қалды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды