«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елбасының «Жастық шағымен» қауышты

0 23

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасы кітапханасында кино апталығының ашылу салтанаты өтті. Онда Парламент Мәжілісінің депутаты, актер Нұрлан Әлімжанов астаналық жастармен кездесті.Кездесу барысында Нұрлан Әлімжанов Елбасының өмір жолы негізінде түсірілген «Балалық шағымның аспаны» фильмі туралы әңгімелеп берді.
«Түсірілім барысында актерлік шеберліктің үлкен мектебінен өтіп, кино майталмандарымен таныстым. Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Арынбасарова сияқты белгілі өнер адамдарымен қатар, Евгений Сидихин, Евгений Стычкин, Валентин Гафт, Владимир Стеклов, Ксения Раппопорт сынды Ресейдің беткеұстар азаматтарымен тіл табысып, кеңестерін тыңдадым. Шыны керек, бірқатар туындының түсіріліміне қатысып үлгерсем де, аталмыш фильмнің басты кейіпкерін, Елбасының рөлін сомдайтыным өзімді қамшылай түсуге түрткі болды. Түсірілім тобының маған артып отырған үміті мен сенімін, жеке басымның зор жауапкершілігін сезіндім. Күн тәртібін дұрыс жүйелеп, уақытылы ұйықтап, денені шынықтырып, ойымды сергек ұстауға дағдыландым. Еңбегімнің басты жемісі ретінде Тұңғыш Президенттің ризашылығын естіп қуанғаным бар» деді ол.
Нұрлан Әлімжановтың айтуынша, киноға түскен актерлерге кейде өз кейіпкерлерінің қандай да бір қасиеті немесе «энергетикасы» жұғып кетуі мүмкін. «Елбасының рөлін сомдаудан алған әсерім өміріме де оң әсерін беріп жүр. Бұл – менің тағдырымдағы үлкен бір белес, өмір жолымдағы, өнерімдегі үлкен шыңдардың бірі» деп ағынан ақтарылды актер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды