«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елбасымен ән салған

Өнербаян

0 564

«Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің қашанда мәртебесі жоғары». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл сөзді бекерден-бекер айтпады. Елбасының бір кісідей домбыра шертіп, ән салатын өнерінен жұрт хабардар. Арасында орысша да, украинша да, татарша да «әу» деп жібереді. Ал жақсы өнерпазды көрсе, жанына жақын тартып, қамқорлық танытудан аянбайды.

Ілгеріректе белгілі әнші, музыка зерттеушісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген әр­тісі Серік Оспановқа Елбасының тигізген шапағаты туралы жазған едік. Президент, сонымен қатар, дарынды музыкант, композитор, Қ. Қуаныш­баев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының бас хормейстері Амантай Жұмашевтың да өнерін бағалап, өміріне шуақ шашты. Мәртебесін көтеріп, мерейін тасытты.
«2004 жылдың қысында Бурабайда бір басқосу өтетін болып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен өнерпаздар шақырылды. Әнші, композитор Жеңіс Сейдуллаұлы келе алмай, ор­нына мен бардым. Да­йын­дық кезеңінде бәрімізге Елбасының алдында бір-­бір әннен салуды, Елбасы сұраса ғана екінші ән айтуды тапсырды. Менің кезегім келгенде Нұрсұлтан Әбішұлының алдында әнімді салып бердім. Елбасы елең ете қалып, екінші ән айтуымды сұрады. Артынша үшінші ән кетті. Осыдан соң өзі «Баспадым жардың шетін құлай ма деп», «Дүние-ай» деген сүйікті әндерінің бірін бастап кеп жіберді. Баяным­ды тартып, мен де қосылдым. Не керек, сол жерде бір­талай ән сал­дық. Пре­зидент риза болып, кім еке­німді сұрады. Өзімді таныстырып, Қалибек Қуанышбаев театрында бас хормейстер болып жұмыс істейтінімді айтып едім, «Әзірбайжан Мәмбетовте істейді екенсің ғой» деп қолымды қысты.
Сол жерде Елбасының көмекшілері телефон нөмірімді жазып алды. Содан Мемле­кет басшысының қатысуы­мен өтетін шараларға жиі шақырылатын болдым» дейді А. Жұмашев.
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында Нұрсұлтан Назарбаев өлеңін жазған «Елім менің», «Үшқоңыр», «Шұбар ат», «Жерім менің» әндерімен қатар «Жұлдызым», «Көзімнің қарасы», «Беу, айдай» және «Сәулем-ай» деген Елбасының сүйікті әндері орналастырылған. Амантай Жұмашевтың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлының халық әндеріне деген махаббаты ерек. Соның ішінде «Гауһартас», «Бір бала», «Жанерке», «Белес» әндері секілді ұлтымыздың төл музыкалық туындылары бар.
«Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естелігі осы әні мен күйінде, жыр-тол­ғауында жатыр» деген Елбасының «Домбыра үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақ­ты қазақ деп айтудың өзі қиын» деп айт­қаны да бар. Өзі туып-өскен жер жәннаты
– Жетісу өңі­рі­нің әндерін бойына сіңірген Елбасы Арқа ән­дерін де жатсынбайды. Соның ішінде өз заманында ноқтаға басы сыймай кеткен ақын, әнші, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлының атақты «Иманжүсіптің әні» атты туындысын шырқағанын көргенде шын мәнінде арқаланып кетесің.
Амантай Жұмашев Елбасымен танысқанда Астана әкімі Өмірзақ Шөкеев еді. Өмірзақ Естайұлы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып ауысқанда Елбасының өңірге жасаған бір сапарында музыкант та жанына еріп жүрді. «Сарыағашта да Нұрсұлтан Әбішұлымен кем дегенде екі-үш сағат ән салдық. Қараңғы түскенде далаға бірге шықтық. Сонда Елбасы аспанға қарап: «Амантай, қарашы, аспандағы жұлдыздар да ерекше орналасқан. Әлде көңіл-­күйі­міз солай ма?» деді. Мен сол сөзінен шабыттанып, композитор Сүгірәлі Сапаралиевтің «Жұлдызым» әнін бастадым. Ол кісі іліп әкетіп, бастан-аяқ шырқады. Сонда Елбасының есте сақтау қабілетіне таңғалдым» дейді А. Жұмашев.
Музыканттың қолында Германияда жасалған ақ баян (суретте) бар. Бұл аспап Елбасының жасаған сыйлығы деп айтуға болады. Тағы сол Бурабайда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 8 наурызда бір басқосу өтті. «Арқа аязының әлі қайта қоймаған кезі ғой. Қолымда аязға шыдамайтын баян болды. Кеш батқан шақ. Далада жанып тұрған алаудың жанында Елбасы, басқа адамдар тұрды. Сол жерде ән бастап кеп жіберіп едім, баянның бір түймешесі қатып қалып, ызыңдап, кедергі келтірді. Білдірмейін деп ақырын ойнадым. Соны Елбасы байқап, мұның жайын сұрады. Түсіндіріп едім, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Амантайға жаңа баян сатып алып беру керек» деп жан-жағына қарады. Астанаға қайтып келіп, жарты ай өткен соң филармонияның сол кез­дегі директоры Бекболат Байсағатов шақырып, Германиядан жаңа баян келгенін айтып, қолыма тапсырды. Жап-жаңа, жеп-жеңіл тамаша аспап екен» дейді А. Жұмашев.
Кейіннен музыкант үш бөлмелі пәтер иесі болып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері де атанды. Ал Елбасының әнге келгенде байқампаздығы жайлы Амантай Жұмашев сөзін былай сабақтайды: «Бір басқосу өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы марқұм Мақсұт Нәрікбаевпен әңгімелесіп отырды. Елбасы өзі­нің жас­тық шағы туралы «Теміртау түні» әнін жазған Илья Жақановтың әндерін жақсы көретінін білем. Сол жерде Илья ағаның «Әсел» әнін бастадым. Екінші шумағына келгенде сөздерін ұмытып қалдым. Елбасы байқамайтын шығар деп ойлап, бірдеңе қылып құ­рас­тырып, айта салдым. Бірақ Елбасының айтқан сөзінен кейін бұл қылығыма қызарып, ұялдым. Ән аяқталған соң қолың шапалақтаған Президент: «Амантай ән жақсы. Оның екінші шумағын да жаттап ал» деді.
Музыкант ел арасында айтылып жүрген халық әндерінің тың нұсқаларын Елбасы шырқайтынын айтады. Олардың арасында қара өлең түрінде келетін небір көркем сөздер де кез­деседі. Таяуда жария­ланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Дала фольклорының антологиясын» жасап, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару туралы тапсырмасы да соның бір айғағы болса керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды