«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елбасы тұсауын кескен кәсіпорын

0 59

Қазақстан мен Түркияның қорғаныс саласындағы келісімдерге сәйкес, қос мемлекет басшыларының қолдауымен еліміздің қарулы күштерін қажетті оптикалық құралдармен қамтамасыз етіп, техникалық және сервистік қызмет көрсету мақсатында 2011 жылдың мамыр айында Астанада «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС біріккен компаниясы құрылған болатын.

ТҮН МЕН ТҮТІНДІ ТАЛҒАМАЙДЫ

Кәсіпорын алғашқы күннен бастап түнгі көру құралдарын – монокуляр мен бинокуляр, жылулық шолу аспаптарын, күндізгі көру мен барлау құ­ралдарын, жер бетіндегі нысаналарға жарық түсіретін лазерлі нысана көрсеткіш портативті кешендер, қашықтан басқарылатын тұрақты жауынгерлік модульдер шығаруға, электронды платтарды құрастыруға және ИК-линзалар өндіруге бағдарланған. Сондай-ақ зауытта броньды техниканы электронды-оптикалық жүйелері жағынан, әуе кемелерін авионика жа­ғынан модернизациялау саласындағы бақылау да жүзеге асырылады екен.
Мамандардың айтуынша, ҚР Қарулы күштерінің жарақтануындағы техниканың басым бөлігі негізінен ескірген үлгілер болып келгендіктен, көп ұзамай жер бетіндегі және әуедегі құрыш қалқан платформаларды модернизациялау мен жаңарту көкейкесті мәселелердің бірі болған. Өйт­кені уақыт өткен сайын танк, бронетранспортер, тікұшақ жүйелеріне күтім жүргізу қиынға соққан. Бұл тұрғыда интеграциялану үшін ескі атыс платформаларын басқару мен шолуды түгелдей сандық жүйеге көшіру міндеттілікке айналған.
Түнгі көру құралдары мен тепловизорларды қолдану ұрыс жүргізудің тактикасында және нысаналарды анықтауда айтарлықтай серпіліс туғызған. Себебі аталмыш аспаптар күндізгі нашар көрінетін тұман, түтін кезінде де, түнгі уақытта да жұмыс істейді.

БІРЕГЕЙ КОМПАНИЯ

Аталмыш компанияға «Ас­тана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан индустриялық парк аумағынан жеті жарым гектар жер телімі бөлініп, ғимараттың құрылысы аяқ­талған соң Қазақстан мен Түркияның қорғаныс саласы өкілдерінің қатысуымен зауыт ресми түрде 2013 жылдың желтоқсанында іске қосылған. Ашылу салтанаты өткен соң бірер күннен ке­йін кәсіпорынға арнайы барып, зауыттың алдағы жұмыс жос­па­рымен танысып, Қазақстанда дәл осындай жоғары технологиялы өндіріс орнының құрылуы осы саладағы үлкен жетістік екенін атап өткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев компания жұмысына сәттілік тілеген. Айта кету керек, екі жақты келісім аясында Түркияның «Аселсан» компания­сы Қазақ жеріндегі зауытты техникалық құжаттамалар, қорғаныс-өнеркәсіптік кешені өнімдерінің құрамдас бөлігі болып табылатын электронды-оптикалық құралдар, электронды платтар мен лин­залар өндірісі үшін материалдар мен технологиялық жабдықтармен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, қазақстандық мамандарды Түркиядағы «Аселсан» компаниясында және Еуропа мен АҚШ-тың зауыттарында өндірістік тәжірибеден өткізуге атсалысып, техникалық жағынан зор қолдау көрсеткен. Осылайша, отандық «КАЕ» ЖШС компаниясы сүңгуір қайықтардан бастап ғарыш кемелеріне дейінгі түрлі техникаларда қолданылатын электронды платтардың кең шоғырын жинап құрастыру, инфрақызыл линзалардың төл өндірісін ұйымдастыру, нано-деңгейдегі өндіріс үдерісі инновациялық өрісте қамтамасыз етілген. Біріккен кәсіпорын өнімдеріндегі қазақстандық үлесті бастапқы кезеңдегі 30 пайыздан бес жыл ішінде 67 пайызға дейін жеткізу жос­пары да рет-ретімен орындалып келе жатқан көрінеді.
«КАЕ» – жай ғана түнгі кө­ру құ­ралдарын шығаратын кәсіп­орын емес, ол бұ­рын Қазақстан аумағында ба­ламасы болып көрмеген, электронды-оптикалық өнімдер өндіретін дара компания. Кәсіпорын жұмыс істеп келе жатқан уақыттан бері шығарылып жатқан өнімдер номенклатурасы 15-тен астам аталымды құраған. «Бұл көрсеткіш кәсіпорынның бүгіннің өзінде өндіріс техно­логиясының толыққанды трансферін жүзеге асырғанын, мамандарды кәсіпке әбден баулығанын, сондай-ақ осы номенклатурадағы өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, орнатып қана қоймай, оларды жоғары дәрежеде толықтай игеріп, меңгергенін аңғартады» дейді мамандар.

ӨНІМ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРЫЛМАҚ

Қазіргі таңда өндіріс аумағында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның 15-і – «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің бірқатар техникалық жоғары оқу орындарында білім алғандар болса, 50-і ҚР Үкіметі қолға алған дуальдық оқыту тәжірибесіне сәйкес, еліміздің кәсіптік колледждерінің тү­лектері мен студенттері екен. Бұл тұрғыда аталмыш кәсіпорын мен кәсіптік білім беретін 4 колледждің бас­шылығы арасында ынтымақ­тастық туралы мемо­рандумға қол қойылған. Сонымен қатар, кәсіпорында Назарбаев университетінің 15 студенті мен Түркия, Қытай, Ресейдің техникалық университеттерінде оқып жатқан қазақстандық студенттер өндірістік тәжірибеден өтуде. Сол сияқты кә­сіп­орынның 25-тен аса қызметкері де Түркия, Венгрия, Сингапур, Малайзия, Ресей, Голландия сынды елдерде тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырып келген.
Электронды-оптикалық құралдарды жинап-құрастыру Қазақ елі үшін жаңа сала болғандықтан, түркиялық серіктес «Аселсан» компаниясының қолдауымен зауытқа Еуропаның, Американың стан­дарттарына сай 50-ден астам бірегей жабдықтар әке­­лініп орнатылған. «KAE» компаниясында осындай әлем­дік тәжірибе ықпалымен өндірістік мәдениетке қатты көңіл бөлінуде. Компанияда жақсы үрдістердің кең қанат жаюын ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов өз назарын­да ұстауда. Бұл үдерістің тереңдей беретініне күмән жоқ. Алдағы жылдарда компания­ инновациялық үлкен орталық­қа айналады» дейді мамандар.
Зауыт ұжымының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мұнда барлық мүмкіндіктер қарастырылыпты. Мәселен, бес күндік жұмыс кестесіне сәйкес еңбек ететін өндіріс орнының қызметкерлері таң­ғы және түскі уақытта ком­пания асханасынан тегін ау­қат­танып, сонымен қатар олар­ды таңертең және кешке жұмыс пен үйлерінің арасына ар­найы қызметтік көлік тасымалдайды екен. Сондай-ақ, аталмыш зауытта ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген шетелдерден елге оралған қандастарымыз да тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Компанияның келешекте өнімдерін ел ішінде ғана емес, әлем елдеріне экспортқа шы­ғаруды жоспарлап отыр­ға­нын айтады мамандар. Қазіргі уақытта да олар өздері шы­­­ғарған аспап, құралдарды ше­телдік көрмелерде таныс­тырып, әлем елдерін аралап, көптеген мемлекеттердің қарулы күштері мен әскери құрамаларында көрсетіп, таныс­тыру жұмыстарын жүр­гізіп жүр екен. Бірқатар шетелдік кәсіпорындар зауыттың кейбір өнімдеріне қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр. Солардың ішінде 5 кәсіпорынмен ИК-линзаларды сату жөнінде келіссөздер де жүргізілген.

Нұрдәулет АҚЫШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды