«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел жүрегі – елорда

0 69

Астана қаласының №5 балалар кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында №64 мектеп-лицейі мен С.Мәуленов атындағы орта мектеп оқушыларының қатысуымен қаланың 20 жылдығына орай «Ел жүрегі – елорда» атты библиокеруен өтті.

Шара шеңберінде кітапханашы Бағжан Ғұмарова жеткіншектерге шаһардың байырғы шежіресінен сыр тартып, бас орданың Алатаудың етегіндегі әсем қаладан Сарыарқаның төсіндегі Ақмолаға көшкен жылдардағы тарихи сәттерді әңгімеледі. Аз мерзім ішінде көкпен бой таласқан биік ғимараттар туралы сөз өрбітті. Қаланың көркем келбеті жайында бейне-слайд көрсетілді. Одан кейін балалар арасында «Сен білесің бе?» атты блиц-турнир ұйымдастырылды. Оқушылар елорданың қалыптасуы мен даму жолын қамтыған сұрақтарға жауап берді. Астана жайында өлең оқып, әуелетіп ән айтып, мың бұралып би биледі. Күмбірлетіп күй төкті.
«Бәріміз де туған қаламызды ерекше ұнатамыз. Ал балалар оны ересектерге қарағанда одан да қатты жақсы көреді. Өйткені Астана – болашақтың қаласы. Ал шараға қатысқан балалар – жаңа шаһардың ертеңі. Сондықтан олардың елордаға деген құрметі айрықша екендігін түсінемін. Биыл – қаланың үлкен мерейтойы. Соған олар өз үлестерін қосуды бастап кетті. Шараға белсенді атсалысқан ұстаздар мен оқушыларға алғысымды айтамын» дейді №5 балалар кітапханасының жетекшісі Рау­шан Серікбаева.
Жүздесу соңында жеткіншектер «Тілек­тер сайысы» атты ойын ойнап, бас қаланың мерейтойына тамаша тілектерін айтты.

Азамат ҚҰСАЙЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды