«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Эльза мен Анна қазақша сөйлейді

0 16

«Дисней» киностудиясының «Мұзды өлке-2» анимациялық фильмі қазақстандық прокатқа шықты. Аталған туынды «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылып жатқан «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тілінде дубляждалды.Дубляж кастингіне 40-тан аса актер қатысқан. Нәтижесінде Аннаның рөлін дыбыстауға – ­Назерке Серікболқызы, Эльза рөліне – Бегімнұр Халила мен Гүлсім Мырзабекова, аққала Олафтың рөліне – ­Шах-Мұрат Ордабаев, Кристоф рөліне – Олжас Жақыпбек, Идуна патшайым рөліне – Динара ­Сұлтан, Елена рөліне Жанат ­Чайкина бекітілген.
– Биыл «Өзіңнен баста» жобасы аясында алты фильмді қазақшаладық. Бұл жұмысқа 50 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. «Диснейдің» дубляжға қояр талаптары өте жоғары. Мәселен, шығарма­шылық топ құрамында 70 шақты мамандық өкілі болуы керек, оның ішінде режиссер, актер, аудармашы, дыбыс режиссері бар дегендей. Кастингтен өткен актерлер дауыс жазып болған соң, мұның бәрі Лондонда қаралып, түпкілікті шешім сонда қабылданды, – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесі төрайымы Динара Шайжүнісова.
Фильмдегі басты қаһармандардың бірі Аннаны дыбыстаған Назерке Серікболқызы – елордадағы «Жастар» театрының актрисасы. Ол бұған дейін де Моана, Рапунцель, Белль секілді «Дисней» кейіпкерлерін қазақша «сөйлетіпті».
Дубляж режиссері ­Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, фильм мюзикл жанрында болғаны себепті ән мәтіндеріне ерекше көңіл аударылған. Туындыны локализациялау мақсатында кейбір эпизодтарда Абай өлеңдерінен үзінділер, қазақы сөз орамдары қолданылған.
Ендігі мәселе қазақша дубляждалған фильмді кинотеатрлардың ыңғайлы уақытқа қоюы болып отыр. Өйткені бұған дейін қазақ тілді көрермендер тарапынан аталған мәселеге қатысты шағымдардың жиі айтылғаны белгілі.
Айта кетейік, «Мұзды өлке-2» фильмі – «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақша дубляждалған 33-туынды. Оған BI Group компаниясы демеу­шілік көрсетіп келеді. Жобаның арқасында 100 отандық актер «Дисней» компания­сының дыбыстық базасында тіркеулі тұр. Қазақ тілі – осы компанияның дубляж тарихындағы 39-тіл.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды