«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел үшін туған тұлға

0 43

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері және қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына арналған «Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт» атты халықаралық конференция өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты.

Биыл – халқымыздың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет аталарымыздың мерейтойы. Алғашқы той тұлғалардың кіндік қаны тамған туған жерінен бастау алып, еліміздің әр өңірінде ұласуда. Елордадағы бас жоғары оқу орнында өткен конференция соның бір жалғасы деуге болады.
Сәкенді көп қазақ дауылпаз ақын деп біледі. Ал оның қайраткерлік қыры көп айтылмайды. Шын мәнінде, ардақты азамат қамшының сабындай аз ғұмырында туған халқының жарқын болашағы үшін орасан еңбек етіп, үлкен із қалдырды.
Жиынды жүргізген университет ректоры Ерлан Сыдықов оның өмірі мен қайраткерлігі жайында сөз қозғай келіп: «Сәкен Сейфуллин – Қазақ елінің тағдыры сынға түскен сәтте қайраткерлігін көрсеткен тұлға. Өткен ғасырдың 20-жылдарының басында Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып, еліміздегі көп саланың дамуына айрықша еңбек сіңірді» деді.
Конференцияны ресми ашқан Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев өз сөзінде былтыр өткен Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен халқымыздың ардақты үш перзенті – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің шығармашылығы мен тартысқа толы тағдырларына тоқталып, парасатты ой өрбітті.
– Тәуелсіздік, мемлекетшілдік деген ұғымдар – бір-бірімен жалғасып жатқан ұлағатты сөздер. Бұл тұрғыдан алғанда, Сәкен Сейфуллиннің орны бөлек. Сонау қиын-қыстау жылдары ол кісіге қазақ мемлекетін басқару оңай болған жоқ. Асыл азамат орталықтандырылған биліктің өктемдігіне қарамай, терең ақыл-парасатының, кемел білімділігінің, алғырлығының арқасында еліміздегі көптеген мәселелердің шешілуіне ықпалын тигізді. Әсіресе, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерге баса ден қойып, мәдениет пен әдебиетке жанашыр болды, – деді ­Б.Сапарбаев.
Жиын барысында Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов көрнекті қайраткер туралы толымды ой айтып, «Үш арыс: Сәкен, Ілияс, Бейімбет» атты жаңа кітаптың таныстырылымын жасады.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қабырғалы қаламгердің 20-ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, сөз өнеріне құбылыс болып келгендігін айтты.
– Сәкен халықтың жүрегінен жол тапқан қадау-қадау туындыларымен әдебиетіміздің көш басынан орын алып отыр. Оның қазақ ауыз әдебиеті­нен жазған зерттеу еңбектері жоғары оқу орындарында әлі оқытылады. ­Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағына да ақынның қосқан үлесі зор. Сәкен ағамыз өмірде жан-жақты адам болған. Иманжүсіпті Қызылордаға алдыртып, бір күн бойы әнін тыңдап, сыр­ласқан екен. Әбікен Хасеновті тауып алып, күй тартқызып, оның бір күйін «мынау Сайдалы сары Тоқаның күйі деп айтты» деген әңгіме де бар. Бір сөзбен айтқанда, Сәкеннің есімі ешқашан ел есінен өшпейді, – деді.
Сондай-ақ конференцияда басқа да ғалымдармен бірге шет мемлекеттерден келген қонақтар Сәкен Сейфуллиннің саяси-қоғамдық қыз­меті, ғылыми және жазушылық еңбегі, шығармашылық тұлғасы туралы байыпты баяндамалар оқыды.

Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды