«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел төріндегі Азиада

0 68

2011 жылғы 30 қаңтар күні Астана төрінде VІІ қысқы Азия ойындарының алауы тұтанды. Бұл шын мәнінде Қазақстан тарихындағы елеулі күндердің бірі саналады. «Астана Арена» стадионында өткен салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, барша қазақстандықтарды және мәртебелі меймандарды ірі құрлықтық спорт форумының басталуымен құттықтап, өз елдерінің намысын қорғауға келген спортшыларға сәттілік тіледі. Салтанатты рәсімге елдің басшылығымен қатар, Халықаралық Олимпиадалық комитеттің және Азия Олимпиадалық кеңесінің президенттері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Осылайша, 28 қаңтар – 6 ақпан аралығында Астана мен Алматы қалалары алып құрлықтағы аламан жарыстың алаңына айналды.

VII қысқы Азиада ойындарына 27 елдің спортшылары қатысты. Құрлықтың үздік спортшылары 11 спорт түрінен сынға түсті. Атап айтқанда, коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек және шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыстары бойынша 69 алтын медаль сарапқа салынды. Бұл да жүлделер саны бойынша қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Азиада ұранымен он күнде Астана тұрғындары мен қонақтары түрлі жарыстарды тамашалап, елордамыз спорт қаласына айналып шыға келді. Күн сайын «Алау» мұзайдын сарайына, «Сарыарқа» велотрек кешеніне, «Қазақстан» спорт сарайы мен «Астана Арена» стадиондарына мыңдаған жанкүйерлер жиналып, спортшылардың сайыстарына куә болып жатты.
Ал енді жарыстың өзіне келетін болсақ, еліміздің көптеген атлеттері қысқы Азиаданың жұлдыздарына айналды. Қазақстан спортшылары арасынан биатлоншы Елена Хрусталева екі алтын, бір күміс медальді жеңіп алса, фристайл бәсекесінде Юлия Галышева екі алтынға қол жеткізді. Ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен алдына жан салмай алтын тұғырға көтерілді. Қазақ жанкүйерлерін ерекше қуанышқа бөлеген жеңіс деп шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер құрамасының Азиада чемпионы атанғаны болғаны анық.
Ең басты жеңісіміз, әрине, Қазақстан спортшыларының осы ойындарда қысқы Азиада ойындарындағы алтын медаль саны бойынша рекордты жаңартқаны болды. Біздің спортшылар 32 алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Ал құрамасының қоржынында жалпы есепте 70 награда түссе, оның 21-і күміс және 17-сі қола медальдар болды.


Екінші орынды 13 алтын, 24 күміс және 17 қола медаль жинаған Жапония иеленді. Ал үшінші орынға 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медаль алған Оңтүстік Корея көтерілді. Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медаль алған Қытай құрамасы табан тіреді.
Бұған дейінгі рекорд Жапония құрамасына тиесілі болатын, олар 1986 жылы Саппорода өткен бірінші қысқы Азиада ойындарында 29 алтын медаль еншілеген еді. Осылайша, Астана мен Алматы алаңдарында өткен құрлықтық ойындар Қазақстан үшін шын мәнінде жеңіс жарысына айналды.
Символы – Барыс болып таңдалған, ұраны – «Мақсаты бірдің – рухы бар!» деп аталған Азиада ойындарын шетелдік екі мыңнан аса журналист, теледидар және ғаламтор арқылы 500 миллионнан аса адам тамашалады.
Қазақстан тарихының айшықты оқиғасы болған VII қысқы Азия ойындары елімізде ірі спорт форумдарының жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын, Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халық­аралық аренадағы беделінің арта түскенін айқындап көрсетті.

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды