Среда, 28 Июнь 2017
-->

Ел құрметіне бөленген ардақты ардагер

Елбасымыздың әйел­дер қауымына айтқан: «Өмірде жаны нәзік, көңілі биік, ал істе мы­ғым әйелдерсіз бұл қоғамды көзге елестету мүмкін емес» деген орынды сөзі өмірден алынғаны ол, әрине, шындық.
Міне, менің айналамда сондай еңбекқор әйел, әйел-басшы, әйел-қай­рат­кер, қо­ғам белсендісі, ардагер әйел баршылық. Солардың бірі, бірегейі – астаналық Роза Иман­ғалиқызы Асылбекова.

434_cc70d377650e27dcef23b00bf666413d

– Мен нағыз зұлмат заманның түлегімін. Саяси қуғын-сүргін жылдары өмірге келсем, балалық шағым соғыс жылдары таршылықпен өтті. Сол жылдары қаншама қиындықтар мен кедергілер де болды. 1-сыныпқа мен анам қайтқан жылы бардым. Оқуды жақсы оқыдым, анам айтушы еді, ол кезде есімді біліп қалдым ғой. «Роза жаным, оқуды жақсы оқы, көріп тұрсың ғой, күн көру оңай емес, еңбектен қашпа!» деп ақыл айта­тын, – деп өткен күндердегі қиын уақыттарын Роза апай күрсіне отырып еске алды…
… Шын мәнісінде Роза анасының осы сөздерін есіне сақтап қалады. Ол 5-сыныпты бұрынғы Ақмола қаласындағы қыз балаларға арналған интернатта жалғастырады, бұл интернат жетім қыздарға арналған оқу орны болатын. Мектепті Роза Асылбекова кілең «5»-ке оқып, күміс медальға бітіреді.
1954 жылы мектепті бітірісімен, Алматыдағы бұрынғы С.М.Киров (қазіргі Әль-Фараби) атындағы университетінің биология-топырақ­тану факультетіне оқуға түседі. Соғыстан кейінгі уақыт қой, ата-анасының жоғы бар, оған өмір сүру оңайға түспейді. Бірақ өжет те қайсар қыз өмірдің қа­таң тағдырына төтеп береді.
4-курста оқып жүргенде, Марат Тұрсынханұлына тұрмысқа шығады. Жоғары оқу орнын бітірген ол 1959 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық орта мек­тебіне мамандығы бойынша қызметке орналасады. Бір жылдан кейін, 1960 жылы Целиноград кооператив техникумына мұғалім болып қызметке ауысады. Мұнда ол тура 17 жыл химия-микробиология негіздері пәнінен дәріс беріп, қызмет етеді. Сол жылдары қоғамдық жұмыстармен де етене араласады. Ауданның, Целиноград қаласының партия-кеңес жұмыстарының әртүрлі шараларына қатысып, өзін аудан тұрғындары алдында таныта біледі.
Целиноград қаласы екі ауданға бөлінгеннен кейін, 1977 жылы оны Совет аудандық атқару комитеті пред­седателінің орынбасары қызметіне тағайындайды. Онда 1981 жылға дейін істейді де, сол жылы Целиноград қала­лық атқару комитеті председателінің орынбасарлығына тағайындалады. Бұл қызметті ол 1987 жылға дейін атқарады. Партия-кеңес қызметіне көндіккен ол талай істің басын атқарады. Негізгі қызметі әлеуметтік сала болғандықтан, жұмысы өте ауқымды әрі шешімін табатын шаруа­лар көп болатын.
Шын мәнісінде оның қызметі көп­шілікпен жұмыс істейтін қызықты да қиын қызмет еді. Бірақ ол бастаған ісін тындырмай тынбайтын. Алдына қойған істі шеше алмаса, оны шешудің жолдарын іздестіріп, жаңа бір әдіс тауып, қайткенде де сол адамға көмектеспей қоймайтын. Алға қойған жұмысына уақыты жетпесе де, соны тауып, үлгеруге тырысатын.
Роза Иманғалиқызы жолдасынан да ерте айырылады, екі баламен қалған ол бала тәрбиесімен қатар, білдей азаматтың жүгін арқалап, Целиноград қалалық атқару комитетінің қызметінің ыстығы мен суығына, ауыры мен жауапкершілігіне төзе білді. Бұл қызметте ол 1987 жылға дейін болады. Бұл жерде айтайын дегенім, 1986 жылдың ызғар-шарпуы Роза Асылбековаға да тиген болу керек. Сол жайында сұрадым.
– 1986 жылғы жағдайдан кейін басшылық қызметтен біраз қазақ басшылары мен кадрлары шет­тетілгенін білеміз. Бұл үрдіс Целиноградты да шарпып, қалалық ат­қару комитетіндегі орынбасарлық қызметінен сіз де кеттіңіз ғой. «Сәкен мұражайы ашылған кезге дейін Роза Иманғалиқызы жұмыссыз жүрді» деп жазыпты кезінде «Алаш айнасы» газеті. Сол жайында не айтасыз?
– Желтоқсанның ызғары шынында көп адамдарға тиді. Ол – шындық. Маған да тістері батты. Ол қызметтен кеткеннен кейін алты айдай облыстық Бейбітшілік қоры председателінің орынбасары болдым. Маған дейін Сәкен мұражайына директорлыққа біраз ер-азаматтарға ұсыныс жасапты, бірақ олар бас тартқан екен, ал мен бұл ұсынысты қабыл алдым. Себебі ұлтымыздың мақтанышы Сәкендей азаматтың, Мемлекет қайраткерінің, сүйікті ақынымыздың жұлдызын жарқыратсам, одан артық арман бар ма деп ойладым.
1988 жылы ақпанда мұражай ашылды, мен сәл кейінірек директорлығына тағайындалып, жұмысқа кірісіп кеттім. Жұмыстың ең үлкені сол кезде «жоқтан бар құрау», яғни қор жинау болды. Әйтеуір, көңілге бір демеу – Сәкеннің көзін көрген кісілер бар. Солармен жүздесіп, Сәкенге қатысты деректер мен мұрағаттарды, жәдігерлерді іздеп, туған жерін, ауылынан бастап, қызмет істеген қалаларға, Мәскеуге дейін бардым. Қазір айтуға оңай, бірақ ол кезде қызметкерлеріміз де аз, қаражат жоқ, қиындық өте көп болды. Жалақы айлап кешігіп, ақшасы төленбегендіктен, телефонсыз да отырдық. Соған қарамастан, 1989-1991 жылдар аралығында біз қазіргі жәдігерлердің біраз бөлігін жинастырып үлгердік, – деп еске алды Роза Асылбекова.
– Шын мәнісінде ол жылдары қазаққа мұражай ашу оңай болмаған шығар. Бұл бастаманы кімдер бастады, мұның өзі бір тарих қой?
– 1985 жыл, мен ол кезде, өзіңізге аян, Целиноград қалалық атқару ко­митеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Сол жылы менің қабылдауыма қаланың бір топ ақсақалдарын бастап Молдахмет Досаев келді. Ол кісі Сәкен Сейфуллинге арнап мұражай ашуға ұсыныс жасады. Бұл мәселені, ол кезде қайта құру кезеңі жүріп жатқан кез, облыстың бірінші басшысы қолдады. Менің сол кезде қазіргі Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезов көшесі қиылысатын жерде тұрған ағаш үй есіме түсе кетті. Себебі оның қасында Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана бар еді. Кейін ол кітапхана көшірілді, қазір ол «7-арнаның» ғимараты ғой. Ол уақытта бұл ағаш үй балабақша болатын. Ол кезде балабақша мәселесі қиын болмайтын. Ата-аналардың келісімімен балаларды қалаған балабақшаларға ауыстырып, бұл мәселені де шештім. Содан бұл үйді Облыстық мәдени басқармасы өз қарамағына алды да, күрделі жөндеу жұмысын бастап кетті, бірақ ол кезде мен жөндеу жұмыстары біткеннен кейін осында қызметке келетінімді білмеп едім, – деп есіне алды Роза Иманғалиқызы.
… Әрине, жаңа ғана ашылған мұра­жайға көп нәрсе керек еді. Ең бастысы, іздене отырып Сәкен Сейфуллинге қатысты тың жәдігерлерді іздестіру керек болатын. Міне, Роза Иманғалиқызы жұмысты осыдан бастайды.
Кезінде бүкіл өмірі мен ғұмырын тек Сәкенге арнап, оны ақтап аламын деп зар еңіреп, зыр жүгірген, талай тар жол, тайғақ кешкен оның аяулы жан жары Гүлбаһрамның да жоқ кезі. Дегенмен Роза Иманғалиқызы алғашқы жұмысын ақынды көзі көрген адамдармен кездесіп, олардың әңгімелерін жазып алып, ол жайында жазылған мақалаларды жиыс­тырып әрі туған-туыстарымен жолығып, ол туралы деректер жинаудан бастайды.
Сәкен Сейфуллинге қатысты деректі кино, фотоқұжаттар жинауды қолға алады. Сәкен қызмет істеген жерлерде болып, ол жақтан да біраз материалдар әкеледі. Туған жері Жаңаарқа мен өзі жырына арқау еткен Көкшетау қаласы мен қызмет атқарған Қызылорда, Ташкент, Жезқазған қалаларына мұражай қызметкерлерін жіберіп, құнды деректер алдырады.
Роза Иманғалиқызын сол кезде есінде жүрген алдағы жоспары көп мазалайды. Себебі 1994 жылы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы аталып өтпекші болатын. Сол мерейлі датаға орай мұражайдың алдынан ақынның ескерткіші бой көтермекші еді. Міне, осы шаралар қалай өтеді деп қатты толғанады.
Дегенмен көп болып көтерген іс жеңіл болады демекші, бұл айтулы мереке – Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы дүрілдеп өте шықты. Ақынның туған-туыстары, өнер сүйер қауым, жазушылар мен ақындар Целиноград қаласында бас қосып, Сәкен ақынның атын аспанға шарықтатты.
Роза Иманғалиқызының тағы бір мұражайға қосқан үлкен ісі Сәкен мұра­жайының экспонаттарын толықтыру үшін кезінде Республикалық мұражай қорынан Сәкеннің біраз дүниелерін осы Ақмоладағы мұражайға беруді сұ­райды, бір емес, бірнеше рет хат жазады.
Кезінде ақынның бар заттарын сақтаған жары Гүлбаһрам қайтыс болған соң, оның сіңлілері бар дүниелерді Алма­тының Орталық мұражайына өткізген екен. Бірақ Орталық мұражай оны көрмеге қоймапты. Ол заттар қоймада жатса да, Сәкеннің бұл дүниелерін Ақмоладағы Сәкен үйіне бермейді. Осы мәселені Роза Иманғалиқызы сол кездегі Қазақ ССР Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековке Сәкен мұражайын келіп көрген кезінде айтады. Ол кісі мұражай жұмысын жақсы білетіндіктен, ол бұл мәселені бірден шешіп береді. Көп ұзамай Сәкеннің он шақты заттары мен оның әйгілі темір кереуеті де осындағы Сәкен мұражайына әкелінеді. Бұл да Роза Иманғалиқызының талап­танған істерінің бірі әрі оның қайсар мінезділігінің бір қыры дер едік.
Міне, ол осы өзі құрған Сәкен Сейфуллин мұражайында тура 14 жыл қызмет етіпті. Роза Асылбекованың кезінде мұражай жанынан «Достық» атты әдеби ұйым жұмыс жасады. Онда Сәкеннің өмірі мен қызметі, шығармашылығымен байланыстыратын ақын-жазушылардың естеліктері арқылы шығармашылық кеш ұйым­дастырылып отырды.
2007 жылы Роза Иманғалиқызы Астана жанындағы Малиновка ауылына орналасқан саяси қуғын-сүр­гін құрбандарына арналған «Алжир» лагері ашылар алдында оның ал­ғаш­қы ұйымдастыру жұмыстарына да көмектесіп, осында алты айдай қызмет жасайды. Ал Астанадағы Максим Горький театрының мұражайын ұйымдастыруда да қолғабысын тигізген.
Бүгінде Роза Иманғалиқызы сексеннің сеңгіріне шықса да, қоғамдық жұмыстардан қалған емес. Ол – Астана қалалық және Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі.
Ол Сарыарқа аудандық отбасы және әйелдер комиссиясының мүшесі болды. Астана қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы қалалық әкімшіліктегі бас­тауыш ұйымын басқарады. Наградалары да жоқ емес. Қазақстан Рес­­публикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Астана», «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10, 20 жылдығы» медальдарымен, тағы да басқа «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты» да тапсырылған.
– Ендігі арманым осы тәрбиелеп өсірген екі балам Марал мен Оралдың, үш немерем – Зәуре, Жәмила мен Жәнияның амандығын тілеп, осылар­дың қызығына тоймасам деген ойым бар, – дейді қайраткер, ардагер, аяулы ана Роза Асылбекова.

Ғалия Балтабай,
ҚР-ның мәдениет қайраткері әрі құрметті журналисі, Қазақ радиосының үздігі

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*