«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел қамын жеген Едіге

0 49

Ұлттық академиялық кітап­ханада атақты Едіге батыр­дың туғанына 600 жыл толуына байланысты сирек кітаптар көрмесі болды.

Бұл кітап көрмесіне 1905 жылы көне славян қарпінде Санкт-Петербург баспасынан жарық көрген Шоқан Уәлихановтың қолжазбасы, араб қарпіндегі «Қазақ эпос» туындысы (Ташкент, 1922), латын қарпінде басылған С.Мұқановтың «Батырлар» кітабы (Алматы, 1939) мен В.М.Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» жинағы (Ленинград, 1947) және В.В.Радловтың «Алтын сандық» (Алматы, 1993) атты шығармалары қойылды.
Шара барысында алаштанушы-ғалым, қаламгер Тұрсын Жұртбай Едіге туралы жырдың 40-тан астам түрі бар екендігін айтып, он­дағы оқиғалар нақты шын­дық­пен баяндалғанын сөз етті. Ал Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры Болат Қорғанбеков алып тұлға туралы баяндама оқыды.
«Едіге батыр» жыры – эпикалық дәстүрдің қалыптасуына әсер еткен туынды. Бұл шығарма хатқа 1820 жылы түсірілді. Алдағы жылы жырдың хатқа түскеніне 200 жыл толады. Едіге батырдың өмірі мен ерліктері туралы жырлар мен аңыздар қазақ қана емес, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, қырым татарлары, құмық, түрікмен және т.б. халықтар арасында көп кездеседі. Жырдың Түркия, Румыния өңіріне тараған нұсқалары да бар» деді ғалым.
Айта кетейік, ел қамын жеген ер Едіге – Әмір Темір заманында өмір сүрген көрнекті мемлекет қайраткері, әрі әділ билігімен есімі аңызға айналған. Алтын орда хандарының ақылшысы болды. Қазір ғалымдар «Қарға тамырлы қазақ» деген ұғым Едіге батыр заманынан келе жатқан сөз екендігін айтады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды