«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел-классико

0 43

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер лигасында чемпиондық атақ үшін күрес шиеленісті. Жексенбі күні «Астана» мен «Қайрат» кездесіп, өте шешуші ойында елордалықтар 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл жеңіс ертең УЕФА Еуропа лигасы турнирі аясында Голландия чемпионы «АЗ Алкмаар» командасымен ойнайтын «Астана» футболшыларының көңіл-күйін көтергені сөзсіз.

Осы ойынның алдында Алматының «Қайраты» ел чемпионы болуға бір табан жақын тұрған. 29 ойыннан кейін 62 ұпайы бар алматылықтар 57 ұпайы бар «Астана» командасымен осы матчта кем дегенде тең түскенде алтын медаль алғалы тұр еді. Алайда ойындағы жағдай басқаша өрбіді. «Қайрат» қаншалықты тырысқанымен «Астана» өз деңгейінің жоғары екенін дәлелдей түсті. Матчтың 8-інші минутында Марин Томасовтың алыстан соққан добына «Қайрат» қақпашысы қайран көрсете алмады.
Бірнеше рет тепкіге ұшырап, жарақат алған Томасов 55-інші минутта алаңнан шығып тынды. Осы тұста екі команда ойыншылары төбелесуге жақын қалып, әйтеуір төрешінің пәрменімен әзер басылды. «Қайрат» болса тынымсыз шабуылға шыға берді, әсіресе команда капитаны Бауыржан Исламхан «Астана» қорғанысын біраз әбігерге салды. Алайда өте салқынқанды ойнай білетін астаналықтар жақсы тосқауыл құра білді. Ал ойынның 61-інші минутында кейінгі кезде бұрынғы қалпына келе бастаған Сергей Хижниченко «Қайрат» қақпасынан саңылау тауып, есепті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен «Қайрат» та қарап қалмады, Раде Дугалич бір гол соғып, команданың алтынға деген үмітін қайта ұшқындатып жіберді. Бірақ «Астана» қорғанысы мызғымады. Ал ойынның 90-ыншы минутында алаңға шыққан Рангело Янга тағы бір гол соғып, «Қайраттың» үмітін де, жігерін де жер қылып жіберді. Дегенмен «доп домалақ» дегендей соңғы ойындарда не болатыны дәл болжап айту қиын. «Қайратта» екі ойын, ал «Астанада» үш ойын қалды.
Сонымен, еліміздегі ең мықты командалары арасындағы «ел-классико» матч 2019 жылдың чемпионы кім болатынын шиеленістіріп жіберді. Ал чемпионаттың аяқталуына екі-ақ тур қалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды