ЕЛ ЕЛОРДАСЫМЕН ЕҢСЕЛІ

Елбасының астананы Алматыдан Арқа төсіне көшіру туралы шешімі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы ұлы мақсаттардан туындаған көрегендік қадам болды. Көпшіліктің қолдауымен үндескен осы мұрат, мүдде отандық тарихтың жаңа парақтарын ашты, ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Сөйтіп, Сарыарқаның кіндігінде, ерке Есілдің жағасында әлем мойындаған әсем шаһар бой көтерді. Бүгінде осы экономикалық және саяси жетістіктер мен рухани, мәдени жаңғырулардың негізіне айналып отырған бас қаламызға жиырма жыл толғалы отыр. Астана қаласының жиырма жылдығын мерекелеу туралы Мемлекет басшысының өкімі де шықты. Осыған орай, біз мерейлі мереке қарсаңында кезінде Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімі қызметін атқарып, елорданың қалыптасуына қал-қадірінше еңбек сіңірген, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар АХМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Сапар Қайратұлы, жи­ыр­ма жылдық мерейтойға қала қандай жетістіктермен жетіп отыр деп ойлайсыз?
– Астана – Елбасының ерен еңбегінің арқасында, ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажаптардың бірі. Менің ойымша, оның ең басты жетістігі – іс жүзінде астаналық мәртебеге ие болуы. Кез келген шетелдікке ұялмай көрсететін, әлемнің ірі қалаларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетуі. Екінші жетістік – ол мегаполис тұрғындарының өмір сүру деңгейінің өсуі. Осыған сәйкес адами капиталдың дамуы, астаналық тұрғын мәртебесіне сай көзқарастың, менталитеттің қалыптасуы.
Тағы бір айта кетерлігі, қаланың символы іспетті «Бәйтерек» кешенінің, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы мен океанариум орналасқан «Думанның», «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Орталық Азияда теңдесі жоқ «Әзірет Сұлтан» мешітінің, «Қазақстан» орталық концерт залы, 30 мың көрерменге арналған «Астана-­Арена» жабық стадионы мен 10 мың орындық «Сарыарқа» велотрегінің, көздің жауын алатын әсем қонақүйлер мен мәдени орындардың, сәулет өнерінің үздік үлгісіндегі басқа да ғимараттардың бой түзеуі елорданың экономикалық тұрғыдан да ірі мегаполис болып қалыптасқанын айқын дәлелдеп тұр.
Ең негізгісі – астанада орта және шағын бизнес жақсы дамуда. Кезінде Елбасы: «Осы саланың ел экономикасындағы үлесі елу пайыздан кем болмасын» десе, біздің қалада ол алпыс пайыздан асып кетті. Бұл жерде, әсіресе, туризм, халыққа қызмет көрсету кеңінен өркендеуде. Мұның мәні орасан. Өйткені елордамыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ-ның саммиті, қысқы Азия ойындары мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты маңызды іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.
Жылдан-жылға қала тұр­­ғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары көтеріліп келеді. Жыл сайын бір миллионнан аса шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымның заман талабына сай жабдықталуы – үлкен жетістік. Бұл – осы елорданың қалыптасуына жан аямай тер төккен азаматтардың қанқиярлық еңбегінің арқасы. Астана әкімдігінде қандай білікті азаматтар жұмыс істеді! Әлі де еңбек етіп жатыр. Жиырма жылдыққа біз осындай оң үрдістермен келіп отырмыз.
– Елордаға жастар көптеп келуде. Шаһарымыз оларды несімен баурайды?
– Менің ойымша, аз ғана жылда көрген жанды сүйсіндіретіндей бас қаламыздың көркеюі кез келген адамның бойында айрықша мақтанышты, астаналық рухты қалыптастырды. Әуежайдан немесе вокзалдан түскен бойда жүрегі «елім» деп соққан әр жанның кеудесіне айрықша жылылық сезімі ұялайтыны сондықтан. Тарих үшін қас қағым сәтте заман көшінің алдыңғы легінен көрінердей айшықты шаһар тұрғызу оңай шаруа емес. Бұл абыройлы іс астаналықтардың қолынан келді. Әр қиырдан келетін сарапшыларды да, саясаткерлерді де тартатын бір ерекшелік осы болса керек. Бұл туралы Елбасы да «…Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз, астаналықтар, өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деп толғанғаны бар.
Жастардың өз өмірлерін Астанамен байланыстыруы – заңдылық. Шаһар жастар үшін, ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мен асқақ армандардың, биік мақсаттың алтын кілті дер едім. Оқу үшін, кәсіпкерлікпен айналысу үшін елорда – жігіттер мен қыздарға ең қолайлы қала. Болашағын осы қаламен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі – ғылым-білімге деген құлшыныс, келесісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Осы бәсекелестік орта жастардың алдынан жарқын болашақ ашады.

Жастардың өз өмірлерін Астанамен байланыстыруы – заңдылық. Шаһар жастар үшін, ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мен асқақ армандардың, биік мақсаттың алтын кілті дер едім

 


Осы жолда табысқа жетіп жатқандары да баршылық. Қалада 1 миллион халық тұрады десек, соның 200-250 мыңы жастар екен. Қазір білімді де, ғылым мен техниканы да игеріп, инновация­лық жобаларды да жүзеге асырып жатқан – осы жастар. Олар сол білімге және нақты істерге құлшыныстарымен бас қаламыздың мерейін асырып жүр.
– «Астана – Еуропаның мәдениетін, Шығыстың руханиятын бойына сіңірген қала» деген пікір айтылады. Бұған не айтасыз?
– Бұлай айтылуы – заңдылық. Мен жоғарыда айттым, аз ғана уақытта Елбасының басшылығымен еліміздің қарқынды жылдамдықпен дамуы, осы бағытта дұрыс та берік ұстанған сара саясат, білімді, мәдениетті, экономиканы ілгерілету дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей көршілес елдердің қызығушылығын туғызды. Біз мыңдаған жылдар бойы Шығыспен де, Батыспен де, Оңтүстікпен де, Солтүстікпен де тереземіз тең қарым-қатынас жасап келеміз. Сол үрдіс мемлекетіміздің бүгінгі саясатында да жалғасын табуда. Соның арқасында Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, қазіргі заманауи шаһары болып қалыптасты. Ол бойына осы жылдары Еуропаның мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Бүгінде Астананың бейнесінен еуропалық бағыттағы тамаша ғимараттарды, мүлтіксіз сервисті көрсек, Шығыстың да жетістіктері бізге жат емес. Түркиялық компаниялар тұрғызған зәулім үйлер мен бизнес орталықтары, ойын-сауық ғимараттары, Қытайдың «Пекин Паласы» мен сол үлгіде салынып жатқан елшілігі, мұсылман елдерінің заңғар көкпен таласқан алып құрылыс­тары – осының барлығы Еуропаның да, Азияның да қол жеткен жетістіктерін ұштастырып, органикалық түрде елорданың ХХІ ғасырдың шаһары екенін көрсетіп тұр. Мұндай қала Ресейде де, Қытайда да, ешбір жерде жоқ. Сондықтан мен Астананы өз идеологиясы қалыптасқан қала десем, қателеспеймін.
– Биыл жаз бойы қала төрінде дүркіреп «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті. Көрме астаналықтар үшін несімен құнды болды?
– «ЭКСПО-ның» өткізілуі астаналықтар үшін, біріншіден, үлкен бір пікір алмасу, мол тәжірибе жинау, жетістіктерді тарату алаңы болды. Екіншіден, елордалықтардың кеудесінде өзінің болашағына деген керемет сенім ұялатты. Әрі бізді, біздің бас қаламызды тек қана саяси орталық емес, экономикалық, инновациялық орталық ретінде, жаңа бағытты, жаңа үрдісті ұстап отырған ел ретінде әлемге паш етті. Астанамыз Қазақстанның бір көрсеткіші дейтін болсақ, шетелдіктер мұнда келу арқылы мемлекеттің келбетін, Отанымыздың ғаламат мүмкіндіктерін көрді. Жүз елу бес елден туристер келген екен. Ал «ЭКСПО-ны» үш айда барлығы төрт миллионға жуық адам тамашалапты.
Бұдан бөлек, ол сыртқы сая­саттағы табысымыз бен елді біріктіріп, тұтастыра түсетін уақыттық нышан еді. Көрме Астананың инф­рақұрылымына үлкен серпіліс әкелді. Жаңа қонақүйлер салынды, жаңа жұмыс орындары ашылды, сауда-саттық, шағын және орта бизнес өркендеді. Ең бастысы, көрме жастардың бойын­дағы жаңашылдық рухты жаныды. Олардың ғылымға құлшынысына дем берді. Оның «Болашақ энергиясы» деп аталуының өзі «жасыл» технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесіне өзек болды, талай бастаманың іске асыру кілтіне айналды. Әсіресе, мектеп оқушыларының бағыт-бағдар алуына темірқазық іспетті жол сілтеді. Менің ойымша, «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің құндылығын біз қазір көре алмаймыз. Оның жемісін келешектен көреміз. Өйткені біз өскелең ұрпақтың бойына құнарлы дән септік. Соның нәтижесін елі мен туған халқы болашақта көретін болады.
– Сіз елорданың қалыптасуына азды-көпті еңбек сіңірдіңіз. Қазір Парламент Мәжілісінің депутатысыз. Қандай да бір жағдайда Астанаға бүйрегіңіз бұратын шығар?
– Астана Алатау баурайы­нан осы жерге алғаш қоныс аудара бастаған кезде – 1997 жылы «Күрделі құрылыс басқармасы» деген мекемеге инженерлік жұмысқа келдім. Негізгі мамандығым – құрылысшы. Бұл кәсібімді мен жақсы көремін. Сондықтан жұмысыма бар ынтамен кірісіп, Астананың тұңғыш ғимараттарының алғашқы іргетасын қаласуға атсалыса бастадым. Мен үшін осы қаланың әр тасы, әр көшесі, әр ғимараты ыстық. Бұл – жастық жігермен жалындап еңбек еткендіктен ғана емес, өзіңнің болашақтың іргетасын бірге қаласып, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, бірге жүргеніңді сезінген, кеудеңді кернеген мақтаныш сезімінен айтылған сөз. Бұл қала маған етене жақын дейтін себебім – Алматы және Сарыарқа аудандарына әкім болдым. Халықпен қоян-қолтық араласу, олардың мұң-мұқтажын, тұрмыс-тіршілігін қатар жүріп көру, соны қолыңнан келгенше жақсартуға тырысу адамға жауапкершілікпен қоса үлкен жігер де беретінін түсіндім.
Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының бірінші орынбасары қызметінде де мен елорда халқының үлкен белсенділігін байқадым. Қандай істі де бірігіп атқаруға деген құлшыныс үлкен мұраттар жолындағы оң қадам екенін олар жақсы түсінеді.
Мен де өзімді осы астаналық болғаныма, оның өсіп-өркендеуіне теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосып келе жатқанымды абырой санаймын әрі зор жетістігім деп ойлаймын.

Астана – кемел келешектің қаласы. Оның болашағы бұдан да жарқын, бұдан да сәулетті болатынына менің сенімім кәміл. Өйткені оның авторы – Қазақстан Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев

Менің бүгінгі таңда жоғарғы органда халық қалаулысы атанып жүруімнің өзінде де Астана мен астаналықтардың әр кез қолтығымнан демеп, қанатымды қомдап, қолдаған рухани күші жатыр. Елорда тек елдің саяси орталығы ғана емес, адамды рухани жетілдіруші орталық деп батыл айта аламын.
Сондықтан мен Астананың тыныс-тіршілігін күнде бақылап отырамын. Осы Парламент Мәжілісіндегі «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерін жаздырып алып оқитын бірден-бір депутатпын десем, артық айтты деп ойламаңыз. Сол арқылы бұрынғы өзім жұмыс істеген қаладағы аудандардың хал-ахуалдарымен, қыз­меттес болған адамдардың, журналистердің ой-пікірлерімен, мақалаларымен танысып, өзіме қатысты көптеген мәселелерге назар аударып отырамын.
Мәселен, мен осы жазда қалада 3-інші жылу электр орталығын салу жобасымен айналыстым. Бұл өзі шаһар аумағының кеңеюіне байланысты көптен сөз болып келе жатқан жай еді. Тіпті Елбасының өзі де оған айрықша назар аударған болатын. Алайда кейбір себептермен ел Үкіметі оны «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, тым созып жіберді. Мұндай істің бір адам соңына түсіп, нақты қолға алмаса, алға жылжымайтыны түсінікті. Міне, мен осы жобаны жандандырып, Үкіметке «Елбасы тапсырмасы неге орындалмай жатыр?» деп депутаттық сауал жолдадым.
Қазір аталған «Астана қаласын газдандыру жобасы» Үкіметте қолға алынды. Бұған қоса, елордадағы тұрғын үйлерді күтіп ұстау, қызмет көрсету талаптарына қатысты мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдадым. Менің бұл бастамам Үкімет тарапынан қолдау тауып, оның жүзеге асырылу жолдары айқындала бастады. Міне, бас қалада жұмыс істеуімнің оның әлеуметтік-тұрмыстық тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстығымның, осыған байланысты жинаған тәжірибемнің арқасында осындай жұмыстар атқарылып жатыр.
Депутат ретінде «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалына барып, түрлі мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдаймын. Олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, оны мүмкіндігіне қарай шешуге тырысамын.
– Жігіт жасына жетіп отыр­­­ған Астананың болашағын қалай елестетер едіңіз?
– Астана – кемел келешектің қаласы. Оның болашағы бұдан да жарқын, бұдан да сәулетті болатынына менің сенімім кәміл. Өйткені оның авторы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев. Елбасы мен елорда – егіз ұғым. Оны бір-бірінен бөліп қарау әсте мүмкін емес. Қаламыздың осындай әлем сүйсінетіндей жетістікке жетіп, жылдан-жылға мәртебесінің асқақтай түсуі Мемлекет басшысының тікелей күш-қайраты мен саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болып отыр. Оны бүкіл қазақстандықтар түсінеді.
Сондай-ақ, елорданы республиканың басқа өңірлерінен де бөліп қарауға болмайды. Ол – еліміздің жүрегі. Жүрек – бүкіл ағзаның тіршілік тірегі болса, Астана да байтақ Қазақстанымыздың әлеу­меттік-экономикалық дамуының қуатты локомотиві рөлін атқаруда. Сөйтіп, ол заманауи өнеркәсіп, ғылым және мәдениет орталығына, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы мекенге және ел экономикасына қомақты үлес қосар үлгіге айналды.
Бас қаламыз болашақта бұдан да гүлденіп, бұдан да сәулеттеніп, қазіргі өркениет пен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қасиеттерін ұштастыра отырып, әлемде еш қалаға ұқсамайтын айрықша келбетті, жалынды рухы бар Қазақ елінің астанасы болып өркендей береріне сенемін.
Ол үшін бүгіннен бастап біз, астаналықтар, соның негізін қалауымыз керек. Балаларымыздың бойына отансүйгіштік қасиеттер сіңіріп, туған қаласының ертеңі үшін жаны ауыратын, осы жолда тер төгіп, аянбай еңбектенетін азаматтар тәрбиелеуіміз қажет.
Қаланың әр тұрғыны оның тазалығына ұқыпты қарап, жасыл желекке оранып, гүлзар баққа бөленуіне шын ниетімен өз үлесін қоса білсе, бұл шаһардың ертеңі бүгінгіден де нұрлы болары сөзсіз.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Сонымен қатар

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Елорданың үш жылдық бюджеті бекіді – 369 млрд теңге 2018 жылға. Астана қалалық мәслихатының депутаттары қаланың 2018-2020 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған