ЕЛ БОЛУ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Халқымызда «Бақ берер­де елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын ел өміріндегі елеулі өзгерістермен қарсы ала отырып, жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Осы ретте Мемлекет басшысы жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялаған болатын. Мұндағы мақсат айқын, бағыт белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену.

yyyyy

Енді, міне, көздеген межеден көріну үшін біздің мақсат-міндеттерімізді, басымдықтарымызды белгілейтін Елбасымыздың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты әлеуметтік маңызы зор іргелі мақаласы жарияланып отыр. Өз басым бұл мақаланы Президент Назарбаевтың мұның алдында туған халқына арнап жазған «Ұлы Дала ұлағаттары» атты туындысының заңды жалғасы деп қабылдадым. Мемлекет басшысы бұл жолғы мақаласында да еліміздің мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы өз ойларын ортаға салуды жөн санапты. Солардың бірқатарына тоқтала кеткен жөн болар.

Қазақ елінің адамдық ресурстарының сапалы болуы – тәуелсіздігіміздің, мемлекет қауіпсіздігінің, ұлтаралық сыйластықтың кепілі. Ал тәуелсіздікті бекемдеу деген сөз сананың тәуелсіздігін қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да Елбасы аталмыш мақаласында ХХІ ғасырдағы Ұлттық сана туралы өзінің көзқарасын білдіріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы қазір күллі жер жүзі тұрақты өзгеру үстінде екендігін ескерте келе, замана ағымына икемделу қажеттілігіне және сол арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіру қажеттілігіне ерекше назар аударады.

Осы орайда Елбасы бәсекелік қабілетті бірінші ке­зекке қойып отыр. Бұл кез­­­дейсоқ емес. Мақалада айтыл­ғандай, қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге толық мүмкіндік алады. Осынау тұста: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтық» деген хакім Абайдың ұлағатына құлақ асуға тура келеді. Яғни, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты. Сол себепті Президент елімізде «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламалары қабылданғанын ескертеді.

Прагматикалық сананы қалыптастыру бағыты да мақалада кеңінен айтылады. Мәселен, ықылым замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Сайып келгенде, Елбасы бізге ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлап, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермейтін прагматикалық көзқарас қалыптастыру қажеттігін мегзеп отыр.

Ұлттық сананы кемелдендіруде ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы тәрізді бағыттардың атқарар міндеттері зор, көтерер жүгі мол. Сондай-ақ, мақаладағы заман сынағына төтеп беруге қажетті нақты жобалар, атап айтқанда: қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын, «Туған жер» бағдарламасын, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу бүгінгі күн тәртібінің өзекті тақырыбы болып есептелінеді. Түптеп келгенде, бұларды іс жүзіне асыру әрқайсымызға байланысты. Өйткені Президент бұрындары да айтып жүргендей: «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында». Тұңғыш Президент, әсіресе, жас ұрпаққа сенім артады, бұл – түсінікті жайт. Еліміздің тірегі де, жүрегі де – ұрпағы. Өйткені бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел  болашағы, қорғаны.

Кенжеболат  Жолдыбай,
саясаттанушы

Сонымен қатар

ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРДІ?

Бүгін бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып аумақты түгел …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған