ЕЛ БІРІНШІЛІГІНІҢ ЕҢ БІРІНШІЛЕРІ

Шымкент қаласында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Он күнге созылған бәсекенің он салмақ бойынша чемпиондары мен жүлдегерлері белгілі болды.

Тартысты өткен додада осы шыңды бұрын да бағындырған бірқатар боксшы өздерін тағы да бір дәлелдеп, өз биіктерінен көрінді. Сондай-ақ дүлдүлдердің арасынан осы уақытқа дейін аты шықпаған боксшылар да танылды.
Сонымен ел біріншілігінде 49 келі салмақта ақмолалық Теміртас Жүсіпов алтыннан алқа тағып, осымен төртінші рет чемпион атанды. Ол бұл атаққа 2013, 2014 және 2016 жылдары қол жеткізген.


Ал 52 келіде Олжас Байниязовтың бағы жанды. Оңтүстік Қазақстан өрені чемпион ретінде алғаш рет төбе көрсетті.
56 келіде – астаналық Ілияс Сүлейменов, 60 келіде маңғыс­таулық Берік Әбдірахманов жеңімпаз болды. Бұл екеуі де осымен екі дүркін ел чемпионы атанды.
Оңтүстіктің тағы бір оғланы Бекдәулет Ибрагимов 64 келіде үздік болды.

Қазақстан-2017 чемпионатының ең үздік боксшысы – Асланбек Шымбергенов

Қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде бұрын есімі ерекшеленбеген жамбылдық Асланбек Шымбергенов қара үзді.
Оңтүстіктің қоржынына олжа салған үшінші боксшының есімі – Абай Төлеш. Ол 75 келіде жұдырықтасты.
81 келі мен 91 келіде ел намысын әлемдік деңгейде қорғап жүрген Әділбек Ниязымбетов пен Антон Пинчук алға озды. Әділбектің қарсыласы жарақатына байланысты ақтық сайысқа шыға алмай, күмісті місе тұтты.
Ал аса ауыр салмақта жаңа чемпион пайда болды. Өткен жылғы чемпион Олжас Бұқаевты финалда қапы қалдырып, жамбылдық Нұрсұлтан Аманжоловтың мерейі үстем болды.
Жалпы командалық есепте ОҚО боксшылары көш бастады. Олардың еншісінде – 3 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде. Екінші орынға 2 алтын, 3 күміс, 2 қоламен Маңғыс­тау облысы көтерілді. Үздік үштікті түйіндеген жамбылдықтар 2 алтын, 1 күміс медаль иеленді.
Бұл бәсекеде Астана қаласы құрамасының да нәтижесі жаман болған жоқ. Басында елордалық Ілияс Сүлейменовтің екінші рет чемпион болғанын атап өттік. Оған қоса, 69 келіде Қанағат Маралов күміс жүлдегер атанса, 91+ келіде Нұрболат Сермаханов қолаға қол жеткізді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

 

Сонымен қатар

ХОККЕЙ ЖҰЛДЫЗДАРЫ ЕЛОРДАДА БАС ҚОСАДЫ

Биылғы «Хоккей жұлдыздары аптасы» Астанада 10 мен 14 қаңтар аралығында өтеді. Бұл ауқымды спорт шарасы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған