ЭКСПОНЫҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ

ЭКСПО көрмесі кезінде «Нұр Әлем» павильонына кіріп үлгермеген астаналықтар мен қала қонақтарына тағы бір мүмкіндік! 11 қарашадан бастап ЭКСПО қалашығының туристік аймағы барша қонақтарға есігін айқара ашпақ.

ЭКС-КӨРМЕ АУМАҒЫНА КІРУ ТЕГІН
Болашақтың музейі «Нұр Әлем» плазасына демалыс күндері, яғни, 11-12 қараша күні кіру тегін болмақ. Бұл шешім туралы баспасөз мәжілісінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев мәлімдеді. Ал билеттер 14 қарашадан бастап жаппай сатылымға түседі. Билеттерді ресми сайттан және қалашыққа кіреберісте орналасқан кассалардан сатып алуға болады.
«Нұр Әлеммен» қатар турис­тер екі қазақстандық тақырыптық павильонды, үздік тәжірибелер аймағын, шығармашылық энергия орталығына мен Энергия холына кіруге мүмкіндік алады. Компанияның дирекциясы қонақтарға кішігірім сый әзірлеп отыр. Павильондардағы экспозициялар бұрын-соңды болмаған виртуалды әлемнің модельдерімен толықтырылады. «Павильондардың мазмұндық жағы әркімді таңғалдыратыны анық» деді Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров.
Баға саясатына тоқталып өтсек, аумаққа кіру үшін 1500 теңге жұмсайсыз. Айта кету керек, ел азаматтары үшін арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер кешенге тегін кіре алады. Ал студенттерге билет құны 800 теңге болса, мектеп оқушылары мен көпбалалы аналарға 50 пайыздық жеңілдік жасалып, билет құны 500 теңгеге тең болмақ.
Қалашық аптасына алты күн жұмыс істейді, ал дүйсенбі демалыс күні болып белгіленді. Сейсенбі мен жұма аралығында 10:00-20:00-ге дейін жұмыс істесе, сенбі-жексенбі күндері 10:00-21:00-ге дейін келушілерге ашық. Айта кетейік, көрме аумағында 23 тамақтану нысаны жұмыс істейтін болады.
ЭКСПО қалашығына барлық адам тегін кіріп шыға алады. Оған батыс жақтан – MEGA Silk Way сауда орталығынан, ал солтүстіктен – тұрақ аймағынан кіруге болады. ЭКСПО аумағына өз көлігімен келетіндер үшін де жағымды жаңалық бар. Тұрақта аялдау алғашқы үш сағат – тегін, кейін әрбір сағат үшін 100 теңге төлейсіз.

ҚЫС ҚЫЗЫҒЫ – ЭКСПО АЛАҢЫНДА
Биылғы жаңа жыл астаналықтардың жадында мәңгілікке сақталады деген болжам бар. Себебі әдетте «Хан шатырдың» айналасында өтетін шаһардың бас шыршасының шамын жағу рәсімі бұл жолы ЭКСПО аумағына ауыстырылды. Оған қоса «Нұр Әлемнің» іргесінде мұз айдыны тұрғызылды. Жалпы аумағы 3500 шаршы метрді құрайтын коньки тебу стадионы өзгелерден өзгеше болмақ. Осылай деп сендірген коммерциялау дирекциясының бас­тығы Дәулет Еркімбаев «Бір айтарым, мұндай мұз айдын әлі елімізде болған емес» деді. Қалалық әкімдікпен келісілгендей, «Хан шатыр» аумағында орналасқан мұз қалашығы жаңажылдық шыршамен бірге ЭКСПО қалашығына көшіріледі.
«Мұз айдыны 11 қарашада ашылады. Ал мұз қалашығын салу үшін қыс түскенін күту керек. Бұл дегеніміз қалашық шамамен желтоқсанның басынан бастап жұмыс істейді» деді Дәулет Еркімбаев. ЭКСПО аумағына кіру тегін болғандықтан, жаңажылдық шырша мен мұз қалашығына кез келген адам емін-еркін кіре алады. Ал мұз айдында коньки тебу ақылы, алайда бағасы ақылға қонымды. «Мұз айдынына кіру құны 1000 теңге болады, бір сеанс шамамен 4 сағатқа созылады. Конькилерді жалға алу құны да осыншама көлемінде» деді ұйымдастырушылар. Жеңілдік ретінде 6 жасқа дейінгі балалар тегін кірсе, мектеп оқушылары мен зейнеткерлер билеттің 50 пайызын ғана төлейді.

КӨРМЕ НЫСАНДАРЫНЫҢ КЕЙІНГІ ҚЫЗМЕТІ
«ЭКСПО-2017» туристік аймағының ашылуына орай баспасөз мәжілісінде көрме мұрасы ретінде қалған нысандардың кейінгі қызметі туралы айтылды.


ЭКСПО көрмесінің негізгі нысаны «Нұр Әлем» сферасы мұражайға айналатыны белгілі. Ал оның жанындағы екі тақырыптық павильон да түрлі энергия көздерін таныстыратын болады. Барлық халықаралық павильондардың ғимараты «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі. Орталық келер 2018 жылы ашылып, бүкіл Орталық Азияның қаржылық хабына айналмақ. «Job World» – адам ресурстарын дамыту бойынша білім беру орталығы АҚШ пен Оңтүстік Кореяның үздік тәжірибелерін қолданбақ. Жоба жасөспірімдерге жоғары технологиялы салалардағы мамандықтарды таңдауға көмектеседі. Оқушыларды кәсіби дағдыға машықтап, алған білімді шынайы өмірде қолдануға үйретеді. Арт-орталығы заманауи өнер саласындағы тың идеяларды зерттеуге арналады. Оның негізгі екі міндеті – өнерге баулу және білім беру. Энергия холы ресми және арнайы іс-шараларды өткізу орны ретінде пайдаланылады. Ғимараттың залы 868 көрер­менге арналған. Конгресс орталығы – ауқымды мәдени шаралар мен іскерлік кездесулерді өткізуге арналған еліміздің ең ірі ғимараты. Бұрынғы үздік тәжірибелер орталығында Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталық ашылады. Орталық жасыл технологиялар мен инновацияларды жасау мен енгізудің халықаралық орталығына айналады деген үміт бар. Ал IT-технопаркі ақпараттық технологиялардың мамандары мен инвесторларды тартуға бағытталған алаңды құруға мүмкіндік береді. Онда стартаптарға және әлемге әйгілі IT-саласының үздіктеріне инновациялық экожүйе қарастырылады.
Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінен кейін босатылған нысандарды жалға алудың құны жарияланды. Компаниядағылар қазіргі таңда көрме кезінде төрт халық­аралық павильон орналасқан аймақтарды қайта жөндеу жүріп жатқанын жеткізді. «Оларды Халықаралық қаржы орталығы мен өзге кәсіпорындарына беру көзделгені о бастан айтылған еді. ЭКСПО-ның медиа орталығы, ұйымдастырушылар кеңсесі сияқты бірқатар ғимараттар жалға беріледі. Сондай-ақ кешен аумағында павильондарға пайдалануға берілген кейбір нысандар босатылып жатыр. Оларды да біздің компанияның саяси ұстанымына келетін түрлі компанияларға жалға беретін боламыз. Нысандарды шамамен бір шаршы метрі үшін 6700 теңгеге өткіземіз» деді Дәулет Еркімбаев.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған