«ЭКСПО» қалашығы қайта ашылды

Кеше «Экспо» қалашығындағы Энергия холында көрме кешенінің бұдан кейінгі пайдалану жоспары таныстырылып, бірқатар павильондар туристерге салтанатты түрде қайта ашылды. Жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова,
«ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, елорда әкімі Әсет Исекешев бастаған лауа­зымды тұлғалар қатысты.

Алғашқы боп сөз алған «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Смағұлұлы 93 күнге созылған көрменің нәтижесіне шолу жасап, оның тек елдің имиджін көтеретін халықаралық шара емес, экономикаға, аймақтарға серпін берген бірегей жоба болғанына тоқтала кетті. Айрықша атап өтер жайт, Елбасы көрмеде қойылған үздік технологияларды жан-жақты игеруге тапсырма берген болатын. Соның негізінде Энергетика министрлігі – 150, Ауылшаруашылық министрлігі 60-қа жуық жобаны іріктеп алып, оларды әр салада енгізудің «жол картасын» дайындап жатыр. Экспода қойылған жобаларға бизнес-орта да, аймақтар да қызығушылық танытты. Мысалы, Астанада фин технологиясы негізінде ауа райын бақылайтын модельді станса сынақтан өткізілуде. Облыстарға келсек, Қарағанды облысы – 30, Павлодар – 20, Ақтөбе – 20 жобаны өздерінде енгізуге талаптанып жатыр.


Ахметжан Смағұлының айтуынша, көптеген елдерде мұндай ауқымды шаралардан кейін құрылыс нысандары бұзылады немесе коммерциялық нысандарға беріледі. Мысалы, 2015 жылғы Миланда өткен Экспо көрмесінен кейін Қазақстан өз павильонын бұзып алған болатын. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баламалы қуат көздері тақырыбына арналған «Экспо-2017» философиясын одан әрі жалғастыру, көрме қалашығы нысандарын тиімді пайдалану идеясын қолдады. («Экспо» нысандары көрмеден кейін қандай мақсатта қолданылатыны, қандай нысандар орналасатыны газетіміздің өткен №133 (3638) санында егжей-
тегжейлі жазылған болатын – ред)
Ахметжан Смағұлұлының бұл ойын одан кейін сөз алған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жалғады. Әсет Өрентайұлының айтуынша, Экспоға даярлық арқасында қалада ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа әуежай терминалы мен теміржол вокзалын айтпағанның өзінде, Астанада 11 жаңа көше салынды, жүздеген шақырым жолдар мен магистральды құбырлар жөнделді. «Егер ЭКСПО-ға дейін қалада 165 қонақ үй болса, көрмеден кейін олардың саны 200-ден асты. Қалада 2000-ға жуық бейнекамера қойы­лып, тіркелген қылмыстың саны 20%-ға азайды. Осының арқасында Астана – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің ішіндегі ең үздік шаһарлардың бірі атанды. Әсет Өрентайұлы: «Экспо қалашығында орын тебетін Қаржы орталығы – инвестиция мен қаржының тартылыс ортасы болады. Ал, «НұрӘлем» плазасы қаламыздың беткеұстар жаңа көрнекі нысанына айналды. Астана қаласы әкімдігі 2020 жылға дейін туризм саласын дамытудың тұжырымдамасын әзірледі. Соған сәйкес, жылына 2 миллион «сапалы» турист тартуды жоспарлап отырмыз» деп алдағы жоспарларымен де бөлісті. Көрменің маңызы мен мәртебесіне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
«Экспо-2017» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ерлан Сыдықов та тоқтала кетті. Салтанатты шара барысында Ерлан Бәтташұлы Экспо компаниясының төрағасы Ахметжан Есімовке 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінен түсірілген тарихи фотоны табыс етті. «Егер қазақ делегациясына Мәскеудегі Совет халықтарының мемлекеттік этнографиялық музейінде небәрі 170 шаршы метр орын тисе, 80 жылдан кейін тәуелсіз ел ретінде 170 гектар жерде халықаралық көрме ұйымдас­тырдық. Бұл – үлкен жетістік» деп тарихи деректер арасында керемет аналогия жасады.

P.S: Дәл қазір «Экспо» алаңында қатысушы елдердің экспозицияларын демонтаждау аяқталды. Енді павильондар реконструкцияланып, келесі жылдың басынан қоныстанатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-технопаркі тағы да басқа ірілі-ұсақты нысандарға орын дайындалады. Ал «Нұрәлем», екі қазақстандық тақырыптық павильон, үздік тәжірибелер аймағы және Энергия холы келем деушілерге бүгіннен бастап есігін айқара ашады. Бүгін, ертең кіру – тегін. Билеттер сатылымға
14 қарашадан бастап түседі.

Әділбек Жапақ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған