ЭКСПО АУМАҒЫНДА – МҰЗ АЙДЫНЫ

Астанадағы ашық мұз айдындары мен сырғанақтар, мұз қалашықтары қысқы демалысты ұнататындар үшін қыс бойы қызмет көрсетеді. Елордадағы коньки тебушілердің құзырында – тағы бір су жаңа мұз айдын. Ол – жақында ғана ашылған ЭКСПО-2017 аумағындағы алғашқы мұз айдыны.

Жалпы, қыс басталса, жыл сайын «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда, қалалық әкімдік алдындағы алаңда, «Жерұйық» саябағында және Оқушылар сарайының жанында, бірқатар мектептердің маңында және басқа да қаланың біраз жерінде мұз айдындарының дәстүрлі түрде жасалатыны белгілі. Ашық мұз алаңдарынан басқа, «Алау» мұз айдыны сарайына да барушылар жетерлік. Енді ЭКСПО-2017 аумағындағы мұз айдыны да адам аяғы арылмайтын орындардың біріне айналады. Ауданы 4 мың шаршы метрді құрайтын мұз айдынында бір уақытта 700 адам коньки тебе алады. Мұз айдынының астында орналасқан тоңазытқыш құралдары +10 градусқа дейін мұзды ерітпей, ұстап тұруға қауқарлы. Соның арқасында сырғанау маусымы да келесі жылдың сәуір айына дейін ұзартылмақ.
Күнделікті сағат 12.00-ден 23.00-ге дейін, ал демалыс күндері сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейтін мұз айдынына кіру билетінің құны 1000 теңге болса, зейнеткерлер мен оқушыларға 500 теңге, ал 6 жасқа дейінгі балаларға тегін екен.
Сондай-ақ, мұнда конькиді қайрау және жалға алу қызметін пайдалануға болады. Мұздағы жаттығу құрылғысы, 300 орындық трибуна, жылы киоскілер бар. Бұл коммерциялық жобаны астаналықтар мен қала қонақтары үшін «Mega Ice» компаниясы жасаған.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Сонымен қатар

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Елорданың үш жылдық бюджеті бекіді – 369 млрд теңге 2018 жылға. Астана қалалық мәслихатының депутаттары қаланың 2018-2020 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған