Четверг, 22 Июнь 2017
-->

ЭКСПО – 2017 көрмесіне қаланың дайындығы пысықталды

Астанада өтетін көрме кезінде туристерге қызмет көрсету сапасы қандай болуы тиіс? Көлік-логистика мәселесі мен азық-түлікпен қамтамасыз ету қалай шешімін табады? Келушілер назарына қандай мәдени іс-шаралар ұсынылады? Осы және басқа да қызмет көрсету саласына қатысты түйткілдер елорда әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен жиында талқыланды. Оған кәсіпкерлер, қонақүй және мейрамхана иелері, туристік компаниялар мен банк өкілдері қатысты.

expo_international-pavilion-2

Ең алдымен қала әкімі халықаралық деңгейдегі көрмені абыроймен өткізу үшін қызмет көрсету сапасының жоғары болу қажеттігіне баса назар аударды.
– Ең басты мәселе – келушілердің саны. Өйткені елімізде өтетін көрмені тама­шалауға 5 миллион адам келеді деп болжануда. Оның 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызы – шетелдік қонақтар. Ендеше, алдымызда осы қонақтарды жайғастыру мәселесі тұр. Біз өз кезегімізде қонақүй, хостел, жатақханалардың есебін шығардық. Қазіргі уақытта қонақүй қорына 164 нысан кіреді. ЭКСПО-ның ашылуы қарсаңында қосымша 23-і ашылады, – деді Әсет Исекешев.
Сонымен, елорда төрінде қонақтар мен туристерді орналастыруда 35-40 мың төсек-орын дайын. Оның ішінде қонақүй мен хостелдерде – 16 мың, ЖОО жатақханаларында – 9 мың, жалға берілетін тұрғын үй – 18 мың.
Ал Астана Конвеншн Бюросы базасында көрмеге аймақтар мен елдерден келетін қонақтарды орналастыру бо­йынша брондау бөлімдері нақтыланды.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта 4190 қонақүй мен жатақхана брон­далған. Оның 130-ы Төтенше жағдай департаментіне, 100 орын ҰҚК шекара қызметіне, 150 орын ҚР ІІМ ака­де­миясының курсанттарына, 1200 орын еріктілер үшін, 1600 орын 40 мың балаға, 510 орын көрмеге қатысу­шы­лардың Ұлттық күнін және аймақ­тардың мәдени күндерін ұйымдас­ты­рушыларға және «Кинг отель» қо­нақүйінен 500 орын ІІМ қызмет­кер­леріне бөлінген.
Арнайы ашылған «Recommended by EXPO-2017» сайты арқылы астаналық кәсіпкерлер көрмеге келген қонақтарға қызмет көрсете алады. Бірақ мұнда қызмет көрсету сапасы жоғары кәсіпорындар ғана таңдалып алынып, олар көрмені өткізуде әріптес-серіктес те бола алады.

ekspo789

Үлгілі қызмет ұсынған жөн
Жиында бизнесмендер тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Олардың басым бөлігі көрме қонақтарын күту кезінде барынша жағдай жасай отырып, табыс тапқысы келеді. Әрине, серіктес болу үшін баға саясаты, көрсетілетін қызмет сапасы мен брондау бойынша орналастыру бірінші кезекте ескеріледі.
Белгілі болғандай, дәл қазір «Recommended by EXPO-2017» әріптестік бағдарламасына 136 нысан кірген. Қонақүй мен қоғамдық тамақтандыру орындары – 35-55, қызмет көрсету кәсіпорындары – 10, көлік компаниялары – 4, хостел – 7 және 24 апартамент бар.
«Кез келген қызмет көрсету ұйымдары дайындық шараларын осы бастан пысықтау керек. Бағдарлама бойынша персоналдың біліктілігі, ағыл­шын тілін білуі және туристер үшін мәзірдің қолжетімділігі талап етіледі. Қызмет көрсету барысында қандай да бір кем­шіліктер болса, оны жоюдың жолдары жөніндегі ұсыныстарды да қабылдауға әзірміз. Бұған осы саладағы барлық ұйымдарды белсене қатысуға шақырамын» деді қала басшысы.
Сонымен қатар, жиында сөз алған ҚР Апартамент жалға берушілер қауымдастығының өкілі қазіргі уақытта Астанада жалға берілетін 350 пәтер барын айтты. Жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қызмет көрсету сапасына ерекше мән берілетіні де сөз болды.

Такси қызметіне талап күшейеді
Жиында қала басшысы көлік мәселесіне де тоқталды. Келетін қонақтар тек ЭКСПО алаңында ғана емес, қаланы аралап, түрлі шараларға да қатысады.
«Көрме қарсаңында негізгі ауыртпалықтың бірі көлік жүйесінің қызметіне түседі. Қоғамдық көлік және арнаулы қызметтік көліктер мен такси қызметін дұрыс ұйымдастыру маңызды. «Bus Lane» қо­сымша бөлінген қозғалыс жо­лақтары есебінен жылдам жүру қамтамасыз етіледі. Соны­мен қатар, тіркелген такси көлік­терінің жүруін заңнамалық реттеу жоспарлануда» деді Әсет Исекешев.
Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің мәліметіне сүйенсек, ЭКСПО қонақтарын тасуды ұйым­дас­тыруда автобустар саны мамыр айынан бастап көбейеді. Күн сайын 83 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін жеті жаңа Shuttle Bus маршруттары ашылады. Сонымен қатар, ЭКСПО аумағынан өтетін қолданыстағы 11 бағыттың күнделікті тасымалын күшейту арқылы уақыт аралығын 5-7 минутқа төмендету қарастырылған.
Осы ретте, жиынға қатысу­шылар елордадағы такси мәсе­лесін көтерді.
«Қаладағы такси қызметін қайта қарау керек. Сырттан келген көліктер қала ішінде адам тасымалымен айналысып қана қоймай, көп жағдайда жол қозғалысы ережесін бұзады. Тіпті, шетелдік қонаққа бағаны аспандатып айтқан оқиғалар да кездескен. Осы ретте, ұсынысым – көрме кезінде бірыңғай такси қызметі де ұсынылса. Ал шетелдік қонақтарды тасумен айналысатындардың бірнеше тіл білгені артық етпейді» дейді елордалық кәсіпкердің бірі.
«ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық аясында «Астана Такси» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне отандық көлік өндірушілерден жеңілдетілген пайыздық мөл­шерлемемен автомобиль сатып алу қарастырылады» дейді әкім.

Қоймалардың қауқары қандай?
Көрме кезінде тұрғындар мен қонақтарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін кешенді шаралар қолға алынды. ЭКСПО өткізу уақытында 160 000 тонна азық-түлік өнімдері тұтынылады деп болжануда. Ал қазіргі таңда Астана халқы күніне шамамен 1,5 мың тонна тағам өнімін тұтынады.
Қалада орналасқан «Sapa logistics», «Астық логистик», «Continental Logistics» және «Мир Круп» секілді ірі кәсіпорындарда азық-түлікті сақтау орындары 42 мың шаршы метрге дейін жетеді. Бұған қоса, басқа да кәсіпорындардағы көкөніс сақтау қоймаларында 42 500 тоннаға дейін өнім сақтау мүмкіндігі бар.
«Қазір сауда-логистикалық операциялардың бірыңғай жұмыс регламентін пысықтау көзделуде. Ірі және орта сауда желілеріне ӘКК және Өңір­лерді қаржыландыру бағдар­ламасы бойынша күріш, қант, қарақұмық секілді тауарларды сатып алуға несие беру қолға алынды. Үшіншіден, ЭКСПО өткізу кезінде оңтүстік өңір­лерден, Өзбекстан және Қыр­ғызстан елдеріне азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізу бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі үшін мамандандырылған сауда алаңдары құрылады. Жәрмең­келік іс-шараларды ұйымдас­тыруға өтінім бірыңғай элек­трондық портал арқылы жүр­гізіледі» дейді қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ардақ Досанов.
Жалпы, қоғамдық тамақтан­дыру орындары туралы айтсақ, Астана қаласында 156 мейрамхана, 460 кафе, 27 асхана және 7 көпшілік тамақтану орындары бар. Яғни, аталмыш орындар 165 мың адамды қамтамасыз ете алады. Қазіргі уақытта үш айға 15,3 тонна азық-түлік қажет болса, көрме кезінде мұның қажеттілігі 25 мың тоннаға дейін артады. Сондықтан азық-түлік көлемін 40 мың тоннаға жеткізу көзделуде.
Жиында дәмхана иелері тарапынан тамақтану орындарының тазалығы, мәзір әзірлемесі, сонымен қатар, ұлттық асханалар желісін дамытуды қолдау қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауым­дастығының өкілі қалада дая­шыларды, гидтерді дайындай­тын орталықтар жұмысын ұйымдастыру туралы мәселе­лерді қарастыруды сұрады.

Мәдени шаралар мекені
Көптің көкейінде жүрген са­уалдың бірі – ЭКСПО көрмесі кезінде өткізілетін мәдени шаралар. «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесінің кешенді мәдени бағдарламасында қазақстандық және шетелдік шығармашылық ұжымдардың және еліміз­дің талантты жастарының қатысуымен 7 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар жобасын өткізу қарастырылған. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде» дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Жиында елордалық кәсіп­керлер қала әкімінен көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. ЭКСПО кезінде қоғамдық көлік мәселесі, такси қызметі, өрт қауіпсіздігі шаралары, тұр­ғындарға қызмет көрсету сапасы кеңінен талқыланды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Әсет Исекешев кәсіп­керлер тарапынан көтеріл­ген мәселелер ескерусіз қалмай­ты­нын айтты. Ол кәсіп­керлерге өздеріне қарасты ғимараттың сыртқы келбетіне, күндізгі және түнгі жарықтан­дырылуына және сыртқы жарна­маның заң­ды орналасуына көңіл бөліп жүруді тапсырды. Бұған қоса, абаттан­дыру жұмыстарының жос­парға сай орындалуын, қо­ғамдық орындарда мәзір түрі үш тілде енгізілуін, көрме қар­саңында нысандарға пост-тер­миналдардың қол­жетімділігін қамтамасыз етуді тағы бір мәрте еске салды. Өйткені мұның бәрі қаланың имиджін қалып­тастырып, туристік әлеуетін дамытатыны сөзсіз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*