«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Экологиялық жыл» жариялау ұсынылды

0 22

Елімізде алдағы жылдары «Экологиялық жыл» деп жариялануы мүмкін. Кеше «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының ІІІ халықаралық конгресінде осындай ұсыныс айтылды.

Қазақстанның су мәселесі мен оны шешу жолдары тақырыбына арналған жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов пен Тоқтар Әубәкіров, Сенат және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік құрылымдар өкілдері, шет елдік меймандар қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Қазақстандағы ауыз судың бүгіні мен ертеңі туралы сөз қозғап, Арал теңізінің және басқа да су ресурстарының мәселелерін көтерді.
– Бірінші конгресте біз Қазақстанда экологиялық жыл жариялауды ұсынған болатынбыз. Алайда бұл әзірге ұсыныс күйінде қалып отыр. Осы ұсынысымызды тағы да ұсынамыз. Болашақта бұл мақсатқа міндетті түрде жетеміз деген ойдамыз. Ал енді су тақырыбын қозғап отырмыз. Жалпы, адам баласы сусыз тек 5-ақ күн өмір сүре алады екен. Өйткені адам ағзасының 70 пайызы судан тұрады, – деді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртаев.
Оның айтуынша, Қазақстандағы көлдер саны 39 мыңнан асады. Алайда алдағы он жылдықта әлем елдерінде судың тапшылығы болуы мүмкін. Сондықтан қазірден соның алдын алу қажет. Тақырыпты тарқата талдаған сарапшылар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған кең-байтақ жеріміздегі су ресурстарын жойып, ластап алмай, дұрыс пайдаланып, оны келешек ұрпаққа саф таза күйінде тапсыру міндет екенін атап өтті.
Бұл тұрғыда Германияның Мюнхен қаласынан арнайы келген қандасымыз, «Еуропа Қазақ форумы» қоғамдық ұйымының төрағасы Өмірхан Алтын жұртшылықты ауыз сумен қамтудағы немістердің тәжірибесі туралы айтты. Оның сөзінше, Германия­да ауыз су мәселесіне 1880 жылдары мән беріле бастаған. Бүгінде онда бұл тұрғыда ешқандай мәселе жоқ көрінеді. Тұрғындардың 99 пайызы ауыз сумен қажетінше қамтамасыз етілген.
– Германияда халықты ауыз сумен қамту – билік басындағылардың міндеті. Егер олар бұл міндеттерін тиісті деңгейде орындай алмаса, қызметін босатуы керек деген ұғым қалыптасқан. Алайда ондағы осыған жа­уапты мамандардың су мәселесіне бас қатырып жүргендері шамалы. Өйткені олар – қалыптасқан жүйені орындаушылар ғана. Ал ондай жүйе әлдеқашан орнап қойған. Қазақстанда ауыз суға бөлінетін қаржы Германиядан кем емес екен. Бірақ мұндағы бар гәп – бюрократия. Мұнда жобаның өзіне миллиондаған қаржы жұмсалады екен, – деді ол.
Ертіс пен Жайықтың жағдайын сөз етіп, елдегі өзге де өзен-көлдер туралы түрлі ақпаратпен бөліскен сарапшылар экологияны жақсарту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды