Четверг, 29 Июнь 2017
-->

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КӨЛІКТЕРГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде аумағы 1084 шаршы метр болатын Франция павильоны ашылды. Аталған мемлекет «Болашақтың энергиясы Францияда жасалады» деген тақырыпты ұсынып отыр.

kbb_9703

Франция павильонының бас комиссары Паскаль Лороның айтуынша, француздар көрмеге үш тақырып бойынша келген. Нақтырақ айтсақ, олар «Экоқала», «Жаңартылған энергия» және «Экологиялық көлік» деп аталады. Мәселен, «Экоқала» бойынша француздар құрылыс материалы ретінде қолданылатын бетонның бірнеше жаңа түрін ұсынып отыр. Сондай-ақ, олар қоқыс қалдықтарын бір емес, бірнеше рет қайта өңдеп, кәдеге жаратуға жіті көңіл бөлуде. Бұдан бөлек, қоршаған ортаға еш зияны жоқ экологиялық көліктерді пайдалануға француздар ерекше басымдық беріп отыр. Паскаль Лороның сөзіне сенсек, Франция велосипед, скутерден бастап ауыр және жеңіл автокөліктерін де электр энергиясымен қуаттауды жоспарлап отыр.

kbb_9684

– Қоршаған орта мәселелерін шешуде Франция маңызды рөл атқарады. Біздің ел 2015 жылы желтоқсанда өткен Климат жөніндегі конференция аясында Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойылуы үшін орасан жұмыстар атқарды. Өйт­кені Француз үкіметі өз алдына экологиялық саясат саласында биік мақсаттар мен міндеттер қойып отыр. Мысалы, энергия тұтынудың энергоүнемдеуші үлгілерін іздеу және энергияның баламалы көздерін қолдануды білдіретін Энергетикалық ауысу туралы заңды айтуға болады. Оларды іске асыру француз кәсіпорындарының – энергетика және энергияны үнемдеу саласындағы инновациялық технологияларды өндірушілердің білімі мен дағдысының арқасында мүмкін болады. Сол себепті «ЭКСПО-2017» – Франция мен француз компаниялары үшін маңыздылығы бойынша бірегей оқиға, – деді Паскаль Лоро.

kbb_9704

Көрме қонақтары француз павильонының бірінші қабатынан «жасыл» энергетика саласындағы жаңа технология­лармен таныса алады. Онда әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосқан Францияның көрнекті қайраткерлері көрсетілген. Екінші қабатта кеңселер, салтанатты іс-шаралар залы мен 200 адамдық конференц-зал орналасқан. Осы бірегей алаң аясында мамандар мен көпшілік қауым қазіргі және болашақ буынның дамуы үшін маңызды болып саналатын өзекті мәселелер туралы ақылдаса алады.

kbb_9699

Паскаль Лороның айтуынша, ­ЭКСПО көрмесіне Франция ең озық деген кәсіпорындардың өнімдері мен жобаларын алып келген. Сондай-ақ, ол Франция су мен жел энергетикасын дамытуға баса мән беріп отыр­ғанын айтып өтті. Мәселен, қазіргі таңда осыған қатысты станциялар Еуропада кеңінен танымал болып отыр. Нақтырақ айтсақ, Франция 2030 жылға қарай жаңартылған энергия көзін тұтынуды 32 пайыздан асыруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, 21 маусым күні Франция Ұлттық күнін атап өтеді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*