Вторник, 25 Июль 2017
-->

ЕКІ КЕНЕН ТУМАЙДЫ…

Елордадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Астана әкімдігінің ұйымдас­тыруымен сал-серілердің соңғы сарқыты, халық ақыны, дүлдүл әнші Кенен Әзірбаевтің шығармашылығына арналған «Мен сүйемін xалқымды» атты кеш болды.

24324324

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп қазақтың жазиралы даласын жырға қосқан атамыздың аты мәңгілік ел жадында қалды. Жасынан Жетісудың жүйрігі атанып, Жамбыл бабамызбен қатар жүріп, халқымыздың ғажайып ақындық-жыр­шылық өнерін кейінгі ұрпаққа саф күйінде жеткізген бірегей тұлға болды. Ол кісі өзі өмір сүрген дәуірдің кең панорамасын ақ қағазға мөлдіретіп түсірді. Ғасырға жуық ғұмырында жұртымыз бастан кешкен зобалаңның арасында жүрді. Солардың бәрін дастанға айналдырып, кейінгіге керемет мұра қалдырды. Екі жүзден астам дастандар мен толғаулар жазды. Жүзден аса ән шығарып, оны өзі қоңыр дауысымен төгілдіріп орындады. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Кенеке, сізді жаттағанын айтатын жыршы шығар деуші едім, сіз даңғыл жырау екенсіз ғой, әбжіл шешен екенсіз ғой, көкірегіңіз даңғыл шежіре екен» деп жоғары баға беріпті. Көрнекті өнер зерттеушісі Ахмет Жұбанов оның композиторлығын қатты қадірлеген.

Өнер кешінде ардақты атамыздың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, жайлау», «Күләшқа», «Келінжан», «Шырқа, дауысым», «Қайран жастық», «Базар-Назар» деген кең тынысты, әлеуметтік астары бар, сазды мұңға толы әндерін Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Сүндет Байғожин, Саят Ме­деуов, Айгүл Иманбаева, Гүлзира Бөкейхан, Нұрлан Албан, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева және «Қоңыр» тобы мен «Тараз» триосы табысты орындап, көрермендерді әдемі әсерге бөледі. Кеш соңында тектінің тұяғы Бақытжан Кененұлы жиналғандарға әкесі жайында кішкене естелік айтып, өнерпаздарға алғысын білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*