«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Екі Кенен тумайды…

0 40

Ұлттық музейде атақты халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің бірегей өкілі, ком­позитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған «Алатаудың ақиығы» атты көр­ме ашылды.

Көзі тірісінде «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де…» деп толғаған абыз атамыз ғасырға жуық ғұмыр кешіп, өзі өмір сүрген дәуірдің түрлі зобалаңдары мен тарихи оқиғаларын көзімен көріп, шығармашылығына арқау етті. Оның артында халқымыздың асыл қазынасына қосылған сүбелі туындылар қалды.
Мәдени шараның ашылуында белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Кенен атамыздың адами болмысы мен ақындығы жайында ой өрбітті. Мырзатай ағаның айтуынша, ақыннан жүзден астам ән, өлең-жыр, эпикалық дастан қалған екен. Тектінің тұяғы Бақытжан Кененұлы да әкесі туралы тағылымды естелігімен бөлісті.
Көрмеге ақынның кіндік қа­ны тамған Жамбыл облысы Қор­дай ауданындағы Кенен Әзір­баев атындағы әдеби-ме­мо­риалдық музейінен әке­лінген құнды жәдігерлер қо­йылды. Жұрт­шылық сөреден ата­мыздың жыр­шы Нартай Бекежа­нов, жазушы Сәбит Мұқанов, академик Ахмет Жұбанов секілді хал­қы­мыздың асыл азаматтарымен бір­ге түскен суреттерін көрді. Сон­­дай-ақ ақынның домбырасы, пү­ліштен тігілген мамық жағалы жасыл шапаны, 1974 жылы 14 маусымда оған берілген Ленин ордені және тірі күнінде өзі тұ­тынған бұйымдар – қаламсап, күміс белдік, көзәйнек, қолсағат сынды жәдігерлер де келушілерге жы­лы әсер қалдырды.
Одан кейін көпшілік қауымға мерейтой қарсаңында түсірілген «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм көрсетіліп, дәстүрлі ән­шілер ақынның назды сазға толы әндері мен жырларын шырқап, тыңдармандардың делебесін қоздырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды