«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Екі аяқты айуанмен арпалыс

1 923

Теңіз көлі алабында алаңсыз жайылып жүрген ақбөкендерді гүрілдеген көліктің дауысы шошытып жіберді. Бір сәтте сол көліктерден оқ қарша борады. Бес ақбөкен омақаса құлады. Жазықсыз киіктерді қыруға келгендерді «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары байқап қалған еді.

Инспекторлар екі аяқты айуандардың ізіне түс­еді. Бірақ бір көліктің доңғалағы қарға батып қалады. Екінші көліктегі екеу әрі қарай қуалай берді. Ақ және күміс түсті «Лэнд Крузерге» мінген браконьерлер қуғыншылар жақындағанда терезеден қару кезеді. «Охотзоопромның» инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык ескерту жасап, қызметтік қарумен аспанға оқ атты. Енді бірде көліктердің доңғалағына тиген оқтан браконьерлер еріксіз тоқтады.
Көліктен мылтықпен шыққан үшеу инспекторларға тап берді. Қып-қызыл төбелес басталып кетті. Жастайынан қарулы, рухты болып өскен Ерланның күші де, мысы да басым еді. Осы сәтте екінші «Джиптегілердің» біреуі артынан келіп, Ерланды қарақұсынан мылтықтың дүмімен ұрып, жерге сұлатты. Қатты соққыдан Петр де есінен танып қалды. Инспекторлардың көлігінің кілтін айдалаға лақтырып, GPS-ті үзген қанішерлер көліктеріне мініп, ізім-ғайым жоғалды. Біраздан соң есін жинаған Ницык рациямен екінші экипажға хабар береді. Бірақ GPS-тің үзіліп қалғанынан жатқан жерін айта алмады. Ол кезде алай-дүлей соққан боран да күшейген еді. Қатты қансыраған Ерлан өлім аузында жатты. Браконьерлер қанға бояп, өлім аузына қалдырғандарды әріптестері кешкі сағат 20.30-да тауып алды.
Бұл оқиға отандық медицинаның әлі дамымағанын тағы дәлелдеді. Марқұм Ерланның інісі Нұрлан Нұрғалиевтің айтуынша, «Біз қала аумағынан тыс жерге бармаймыз» деген жедел жәрдем дәрігерлері де батыр жігіттің өмірін арашалауға кесірін тигізген. «Ағаң Ерлан ес-түссіз жатыр. Браконьерлер қарсылық танытыпты» деген хабар жете сала, Астанадан жолға шықтым. Баршын селосына жеткенше санавиацияның тікұшағын жіберуді сұрай бердім. Қайғылы оқиға Жанбөбек ауы­лынан 70 шақырым жерде болған. Қансыраған ағамды, жанындағы серігін рацияның көмегімен таптық. Жолда өмір мен өлімнің арасында жатқан ағамды жансақтау бөліміне жеткізе алмадық. Баршында да, Қорғалжында да ондай бөлім жоқ. «Тікұшақ жіберіңдерші» деп жалындым. «Охотзоопромның» басшылығы тікұшақ таңертең бір-ақ ұшады деді. Малиновкадан асып, МАИ бекетіне жеткенде жедел жәрдем келді. Бірақ өкініштісі, ағамды Астанадағы ауруханаға әкелгенде бір сөтке қансырап шыдаса да, өмірін сақтап қала алмадық деп еске алады қайғылы күнді Нұрлан.
Бейбіт күннің батыры атанған Ерлан үшінші немересінің дүниеге келгенін көре алмай кетті. Н.Нұрғалиевтің айтуынша, «Охотзоопромның» адамдары ағасын өлтірген жауыздардың ұсталғанын айтыпты. Екі «Джиппен» аңға шыққан 8 адамның біреуі бұрынғы полиция қызметкері екен. Алайда ІІМ-нің ресми өкілі Алмас Сәдубаев: «Қылмыскерлердің жеке басы анықталды. Оларды ұстау шаралары іске асырылуда» деп хабарлады. Қалай десек те, қызмет бабымен опат болған азаматтың мемлекеттік марапатқа да лайық екені даусыз. Баршын, Қорғалжын өңірінде елге сыйлы азамат, Нұра ауданының құрметті азаматы, Ерланның әкесі – Балғабай Нұрғалиев қылмыскерлердің ұсталып, қатаң жазасын алуын талап етеді.

  1. Сәуле :

    Қолдаймыз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды