«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Егіздерді екі сыныпта оқыту қаншалықты жемісті тәжірибе?

0 24

Әдетте біздің қоғамда егіздер бірдей киініп, бірге жүріп-тұруы керек деген стереотип бар. Балаларды мектепке берерде «оларды бір сыныпта оқытамыз ба, әлде бөлек сыныптарда ма?» деген мәселе тіпті тумайды да. Бір қызығы, Голландия, Ұлыбритания, Австрия секілді кейбір мемлекеттерде егіздерді мектеп әкімшілігі мақсатты түрде екі бөлек сыныпқа қабылдайтын көрінеді.

«Бір сыныпта оқытқанмен, бөлек парталарға отырғызған дұрыс»

Алдияр мен Бақтияр ­Зикириндер елордадағы №76 мектеп-лицейдің 6-«З» сыныбында оқиды. Түр-тұлғасы бір-бірінен аумайтын егіз балаларды кейде, тіпті, мұғалімдерінің өзі ажырата алмай қалады екен. Ондайда жасөспірімдердің мінезін бағуға тура келеді: әңгімеге жоқ әрі томаға-тұйықтауы – Алдияр да, ашық-жарқыны – Бақтияр.
Егіздердің анасы Анар ­Зикиринаның айтуынша, балалар кішкентайынан бір-біріне аса жақын. Жақындығы сонша, ойда-жоқта бірі ауырып қалса, ата-анасы екіншісіне де дәрі-дәрмегін даярлап отырады, өйткені екі-үш күннен соң екіншісі де ауырады. Мектепке барарда да екеуін екі бөлек сыныпқа беру туралы әңгіме мүлдем болмаған.
– Сыныбымда бір емес, екі егіз жұп бар. Барлық егіздің бір сыңары – пысықтау, екінші сыңары бостау келеді. Әлгі еті тірісі бостау бауырына қамқор болып жүреді. Бұл қайта жақсы емес пе? Балалар да бір-бірінің қасында өскендіктен, психологиялық тұрғыдан өздерін жайлы сезінеді, – дейді біздің кейіпкерлердің сынып жетекшісі, №76 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Мәдина Сәтбекқызы.
Осы орайда аталған мектептің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Берік Калипанов та ой қосты. Оның пікірінше, балаларды бір сыныпта оқытқанмен, бөлек парталарға отырғызған дұрыс. «Өйткені егіздер партада да бірге отырса, жора-жолдас іздемейді, соның кесірінен өзге сыныптас­тарымен коммуникация құру қабілеті төмендейді» дейді ол.

«Сенің сыңарың – үздік оқушы, сен неге ондай емессің?»

Апалы-сіңлі Аяулым мен ­Аружан Тимуровалар – Германия­ның Мюнхен қаласындағы Europäische Schule мектебінің оқушылары. Бірақ егіз жеткіншектер екі түрлі сыныпта білім алуда.
– Мектепке қабылдарда директор менімен оңаша сөйлесіп, неліктен педагог ретінде егіздерді екі бөлек оқытуды қолдайтынын түсіндіріп берді. Біріншіден, егіздерді қоғамда бөлек-бөлек емес, бір ұғым қылып қабылдау қалыптасқан. Әсіресе, құрдастары оларды «егіздер» деп бірдей бағалап кетуі мүмкін. Бұл нәрсе олардың әрқайсысының бойындағы жеке-дара қабілеттердің кеңінен ашылуына кедергі келтіреді. Екіншіден, 70-80 пайыз жағдайда егіздердің бірі басыңқы рөлді иеленеді. Мұның себебі – кез келген топта бір көшбасшы болуы керектігінен. Ал егіздер дегеніміз де – кішігірім топ. Үнемі сол көшбасшы сыңарының айтқанына келісе берудің кесірінен баланың өзіне деген сенімділігі азаяды, өзінің қажеттіліктеріне құлақ асуды қояды, әрі-беріден соң жауапкершілікті де басқаға ысырып қоюға дағдыланады. Осы дәйектемелерді естіген соң, біз де қыз­дарымызды екі түрлі сыныпта бөліп оқытуды жөн көрдік, – дейді қандасымыз Бағым Байжігітова.
Осыған ұқсас тәжірибе туралы Thе Guardian газетіне Genevieve King лақап атымен жазған егіз балалардың әкесі өз мақаласында: «Егіздер дүниеге келгеннен бастап оны айналадағылар үнемі салыс­тырумен болады. Бірінің тісі шықса, «екіншісінікі қашан шығады?» дейміз, бірі тәй-тәй жүре бастаса, екіншісінің әлі еңбектеп жүргеніне таңғаламыз. Яғни олардың екі түрлі индивид екенін ұмыт қалдырамыз. Олар бір-біріне ұқсауға ешқашан міндетті емес. Қоғам тарапынан жаңағыдай салыстыруларға жиі жолығатындықтан, оларға бір сыныпта оқу да қиын. Бірі жақсы оқыса, «сенің сыңарың – үздік оқушы, сен неге ондай емессің?» деген секілді орынсыз кінә тағушылық міндетті түрде болады. Сондықтан мен балаларымды екі бөлек мектепке бердім» деп бөліседі.

Шұғыла ДУАНАЕВА, балалар психологы:

Егіздерді мектепте бөліп немесе бірге оқыту туралы шешім шығармас бұрын осы мәселенің түпкі негізінде қандай мақсат жатқанын анықтап алған жөн. Мұндағы мақсат – егіздердің екеуіне де бірдей көзқарас қалыптасып кетпеуін қамтамасыз ету, әрқайсысының өзіндік «менін» танытуға рұқсат беру. Егер мұғалім тәжірибелі болса, онда ол балалардың егіз бола тұра екі түрлі адам екенін, екі түрлі темперамент, екі түрлі қызығушылық иелері екенін есте ұстайды. Яғни егіздер бір сыныпта оқыса да, әрқайсысының жеке-дара танылуына жол ашады. Ал құрдастары тарапынан сондай түсіністік бола ма деген сұраққа келсек, егер балаларға отбасында бөлек-бөлек көзқарас қалыптасса, анасы «Айман, сен қызыл көйлек киесің, өйткені Шолпанның да көйлегі қызыл» немесе «Екеуің де бірдей ботқа жейсіңдер» деген секілді қағидамен тәрбиелемесе, онда егіздердің өздері-ақ сыныптастарының оларды бірдей көруіне мүмкіндік бермейді. Оларда «біз әртүрліміз» деген іштей пайым болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды