«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еден жуғызу еңбекті қанау ма?

0 45

Қазіргі таңда оқушыларды мектепте физикалық еңбекпен айналысуға баулу, дәлірек айтсақ, өздері отырған сыныптың ішін тазалап кетуге үйрету Жапонияда кеңінен тараған. Бұл үрдіс Батыста баланы қанау ретінде қабылданғанмен, Шығыс мәдениетінде жас ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне көмектесетін кешенді тәжірибе тәрізді қолданылады. Өз тілдерінде Gakko Soji деп аталатын осынау шара Күншығыс елінде мемлекет тарапынан міндетті іс болып саналмаса да, шәкірттер оны күнделікті дағдыларына айналдырып алған. Олардың ұрандары қарапайым: егер сен белгілі бір орынды не жерді пайдалансаң, оны келесі адамға таза күйінде қалдыру – сенің жауапкершілігің.

Биылғы оқу жылынан бастап астанадағы бірқатар мектеп жапониялық тәжірибені негізге ала отырып, оқушыларды сынып ішін тазалауға міндеттеуде. Яғни шәкірттер сабақтан соң парталарды реттестіріп, тақтаны сүртіп, еденді жуып кетуге жауапты. Тың бастамаға қатысты қоғам пікірі бүгінде екіге жарылып тұр.

Гүлімжан ТҰТҚАБАЙҚЫЗЫ, Нұр-Сұлтан қаласындағы №80 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Тазалауға тек жоғарысынып оқушыларынғана тартамыз

– Жаңа оқу жылынан бастап біз осы тәжірибені енгізіп жатырмыз. Былтыр мұны қанатқақты жоба ретінде бірнеше сыныпта қолданып көрген едік, оқушылар қызу қолдады. Негізі, Жапонияны үлгі етіп алдық қой, дегенмен Кеңес өкіметі тұсында да осындай практиканың бар болғанын көпшілік біледі. Жалпы, оқушыларды сынып ішін тазалауға міндеттеудегі мақсатымыз – оларды өмірге дайын азамат қылып тәрбиелеу, өздерінің және басқалардың еңбегін бағалау­ға үйрету, тазалыққа тәрбиелеу, топпен бірге жұмыс істеуге епті ету. Педагог ретінде айтарым, бала бұдан жақсы болмаса, жаман болмайды. Біз балалардың физикалық мүмкіндіктерін ескеріп, бұл іске тек бірінші ауысымдағыларды, яғни 8-11-сынып оқушыларын ғана тартамыз. Сабақтары біткен соң, олар келесі ауысымның балалары үшін сыныптарын тазалап тапсырады. Біздің бастамамызды астанадағы №30 және №76 мектептер де жалғастыруда.

Жазира АСАНОВА, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы Стратегия, талдау және цифр­лық технология бөлімінің басшысы:

Бұл міндеттеме емес

«Кукирико бөктерінен» атты жапониялық анимэ фильмінен көрініс: оқушылар тазалық жұмыстарымен айналысуда

– Елордадағы жиырма шақты мектепте оқушыларға сынып ішін тазалату тәжірибесі сәтті жүзеге асырылды. Бұл жерде ешқандай міндеттеудің жоқ екенін айта кеткен жөн. Егер баланың өзі немесе ата-анасы қарсы болса, онда бұл жұмысқа қатыспай-ақ қоюына болады. Екіншіден, бұл оқушылардың бәрі жаппай еден жуады деген сөз емес. Мәселен, олар асханада өз ыдысын өзі жинау, сыныптағы гүлдерді ­суару немесе терезенің шаңын сүрту сияқты қарапайым шаруа­ларды жасаудан бастайды.

Ғайша ӘБДІКӘРІМ, ата-ана:

Балалардан бұрын ересектерді тәрбиелеу керек

– Меніңше, халықты жауапкершілікке тәрбиелеу балалардан емес, ересектерден басталуы керек. Мысалы, қоғамдық орындағы әжетхананы пайдаланғанда, саябақта қыдырғанда, пойызға мінгенде, концертке барғанда адамдарды өз қоқыстарын өздері жинап кетуге міндеттеу қажет. Сонда ғана үлкендер бөтеннің еңбегін бағалауды үйреніп, бұған балаларын өздері-ақ үйрете бастайды. Ал оған дейін балаларға қанша жерден мектепте шаң сүрткізгенмен, олар мұның не үшін қажет екенін түсінбейді, өйткені үйіндегілерден көргені басқа. Екіншіден, бұл жерде Жапонияның тәжірибесін мысал ету де орынсыз деп ойлаймын. Ол жақта гигиена – бірінші орында, балалар заманауи әрі қауіпсіз құралдармен таза сыныптардың ішін жинас­тырады. Ал біздегі ауыр химикаттарды пайдаланып, ертеңгі күні балалардың бірі қауіпсіздік шарасын сақтамаса, оған кінәліні қайдан іздейміз?! Үшіншіден, бүгінгі балалардың онсыз да уақыты аз. Бірнеше үйірмені бір бастарына үйіп-төгіп қойғанымыз аздай, былайғы сабақтарының өздерін орындап үлгеру оңай шаруа емес. Енді оған қосымша етіп мектепті жинастыруды жүктеп қойғанымыз обал.

Шұғыла ДУАНАЕВА, балалар психологы:

Өзіне-өзі қызмет көрсету қабілеті өмірде керек

– Оқушыларға сынып ішін тазалату тәжірибесі Жапония, Корея секілді Азия елдерінің білім беру жүйесінде бұрыннан бар. Олар осылайша балалардың бойына өмірде керек болатын қабілет – өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін сіңдіргісі келеді. Өзіне-өзі қызмет көрсете білетін адам өзінің де, өзгенің де еңбегін құрметтеуді үйренеді. Жапония, Кореяға бара қалсаңыз, қайда қарасаңыз да мұнтаздай тазалықты көресіз. Өйткені халық бала кезінен бастап өзінен кейін орынды жинастырып кетуге дағдыланған. Бізде кейбір ата-­аналардың осы тәжірибеге қарсы болу себебі оларға түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегеннен деп ойлаймын. Әрине, физикалық еңбек те белгілі бір қисынның шеңберінде болуы тиіс. Тақта сүрту, гүл суару, сынып ішіндегі қоқысты жинау, парталарды реттестіріп қою тәрізді балаларға аса үлкен ауыртпалық түсірмейтін жұмыс­тардың еш зияны жоқ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды