«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дзюдо мерекесі

0 44

Нұр-Сұлтан қаласында «ORTUS» Martial Arts» жекпе-жек мектебі ашылды. Жаңа спорт ұйымының тұсаукесеріне орай жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен 1-інші республикалық турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы ­Данияр­ Есин алыс-жақыннан келген жасөспірім спортшылар мен бапкерлерге сәттілік тілеп, «ORTUS» Vartial Arts» мектебінің негізін қалаушы Сергей Пак мыр­заға ризашылығын білдірді.

Жарыстың бас төрешісі Бауыржан Шадраимов турнирге 700-ден аса бала балуандар қатысқанын, татамиде еліміздің барлық аймақтарынан, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінен келген дзюдошылар белдескенін мәлім етті. 2005-2012 жылдары туған балалар арасындағы турнирде төрт жас тобы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Екі күн бойы татамиде тер төккен жасөспірімдер бәсекесінде өз салмақ дәрежелері бойынша А.Абжали (Жамбыл облысы), ­К.Махамадов (Өзбекстан), Д.Қанат (Нұр-Сұлтан қаласы), Қ.Қасқаев (Түркістан облысы), Т.­Дамирұлы (Шығыс Қазақстан облысы), ­Д.Гладких (Қарағанды облысы), А.Аймұрат (Алматы қаласы) және басқалар республикалық турнирдің чемпионы атанды.
Турнирдің жабылу рәсімінде «ORTUS» Martial Arts» жекпе-жек спорт мектебінің жетекшісі Сергей Пак чемпиондар мен олардың бапкерлерін жеңістерімен құттықтап, жүлдесіз қалған жас балуандарға алдағы жарыстарға жақсы дайындалып, татами тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді.
Сонымен, елордамызда балалар мен жасөспірімдерге арналған тағы бір спорт ұйымы тұсауын кесті. Медаль тағып, диплом ұстап көңілдері көтерілген балаларға қарап тұрып осы мектеп чемпиондар ұстаханасына айналса екен деген тілек білдірдік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды