«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Джиу- Джитсу додасы

0 14

Елорда төрінде Nur-Sultan Jiu Jitsu Grand Prix халықаралық турнирі өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының президенті, қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов құттықтау сөз сөйлеп, осындай жарыстардың ұйымдастырылуы елімізде джиу-джитсу спортының дамуына жақсы серпін беретінін атап өтіп, турнирге келген шетелдік, сондай-ақ қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бұл жарыс жас спортшыларды қолдау мақсатында «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Турнирге әлемдегі үздіктердің, әлем және Азия чемпиондарының қатысып отырғаны – біз үшін зор құрмет. Біздің елордамыз да Лондон, Рим, Париж, Әбу-Даби, Токио және GrandSlam шарасын өткізген астаналар қатарына қосылады деп сеніммен қараймын, – деді Болат Мажағұлов.
Турнирдің құрметті қонағы болған Халықаралық джиу-джитсу қауымдастығының президенті Панай­о­тис Теодорополус та жарысқа қатысушыларды құттықтап, қонақжайлылық танытып жатқан қазақстандық әріптестеріне алғысын білдірді. Дәстүр бойынша құрметті қонаққа қазақтың ұлттық шапаны жабылды.
Екі күнде татамиде әлемнің 10 мемлекетінен 300-ге жуық спортшы белдесті. Оның ішінде Біріккен Араб Әмірлігі, Бразилия, Иордания, Ауғанстан, Түркменстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан спортшылары болды. Джиу-джитсу шеберлері Ne-Waza, Fighting, DUO және Contact-System секілді 4 бағытта күш сынасты. Қазақстан құрамасы сапында 30 елордалық спортшы ел намысын қорғады.
Бірінші жарыс күні 150-ге жуық спортшы бағын сынады, олардың қатарында 30-ы Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғады.
– Джиу-джитсу – керемет күрес, оны жүрекпен, санамен меңгеру керек. Біз үлкен бір отбасы сияқтымыз. Мен сияқты мүгедектігі бар адамдар осындай беделді жарыстарға қатыса алады деп ойламаппын. Бұл бірінші рет. Бізге қолдау көрсетіп, Қазақстанның намысын қорғап, туымызды көкте желбіретуімізге сеп болып, дайындап, жаттықтырып жүрген сэнсэйіміз Қуат Сағиевке алғысым шексіз, – дейді арнайы ұйымдастырылған параджиу-джитсу турнирінде алтын жүлде иеленген Бауыржан Арыстанбеков.
Халықаралық жарыстың чемпиондары қатарынан Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Ресей, Бразилия және Қазақстан спортшылары көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды