«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дюрерден Төлепбайға дейін

0 17

Ұлттық музейде аттары аңызға айналған әлемге әйгілі қылқалам шеберлері мен қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалап, өрістеткен, қазіргі таңда осы салада жемісті еңбек етіп келе жатқан суретшілердің картиналарынан құралған «Ежелгі. Өзекті. Майталман даралар» атты сурет көрмесі ашылды. «Pigmalion» өнер галереясы ширек ғасыр бойы жинақтап, көрмеге ұсынған туындылар ХV-ХХ ғасырларды жалғап, осынау өнердің даму кезеңдерінен сыр шертеді.

Мұндағы жеке коллекциялардан, Еуропадағы белгілі өнер галереяларынан алынған картиналарды 1 наурызға дейін тамашалауға болады. Көрме ХV ғасырдың екінші жартысында туған қайта өрлеу дәуіріндегі аса көрнекті неміс суретшісі Альбрехт Дюрердің графикалық туындыларымен ашылып, импрессионист суретшілер арасында тұңғыш танылған Пьер Огюст Ренуардың, ХХ ғасырда бейнелеу өнерінің дамуына үлкен әсерін тигізген Анри Матистің, кубизмнің негізін қалаған Пабло Пикассоның, сюрреализмнің көрнекті өкілдері Марк Шагалдың, Хоан Мироның, Сальвадор Далидің әлеміне жетелейді.


Қазақ қылқалам шеберлерінің туындыларын Әбілхан Қастеевтің «Жаз» және Орал Таңсықбаевтың «Мақта жинау» картиналары бастайды. Әрі қарай танымал кес­кіндемеші Жаңатай Шәрденов­тің «Қысқы қайыңдар», бейнелеу және кино өнерлерінде айшықты ізін қалдырған Сахи Романов­тың кенепке майлы бояумен салынған «Сауыншы әйелдер», ҚазССР халық суретшісі Евгений Сидоркиннің «Береке», Шәймерден Сариев шығармашылығының ерте кезеңіне жатқызылатын «Шопанның әйелі», бейнелеу өнерінде символизм мен мистикаға көп барған Тоқболат Тоғысбаевтың «Муза» картиналарын көруге болады.


Көрмені қазіргі заманның белгілі суретшілерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерболат Төлеп­байдың «Ақ үй. Көшу» және «Дана» суреттері түйіндейді. Аталмыш көрмеге қойыл­­ған барлық картиналар да Ерболат­ Тоғысбайұлының коллекциясынан алынғанын айта кету керек. «Pigmalion» өнер галереясына оның қызы Данагүл жетекшілік етіп отыр.

Ерболат ТӨЛЕПБАЙ:
– Картиналардан коллекция жинау – халқымыз үшін әлі де таңсық дүние. Бұл да ертең ұрпаққа қалатын мұра. Мұндағы дүниелердің бәрінен ұлы суретшілердің қолтаңбасын көресіздер. Өзіміз классик суретшілердің картиналарын Қазақстанға алып келуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл картиналар анау айтқандай қымбат емес, екінің бірі сатып ала алады. Бірақ коллекция жинауға үйрену керек. Балаларымызға осы арқылы эстетикалық тәрбие бере аламыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды