-->

ДҮНИЕ ЖҮЗІ ПЕРНЕТАҚТАСЫНАН АУЫТҚЫМАЙЫҚ

«Астана ақшамы» газетінің редакциясына арнайы келген тіл маманы Бейбіт Әмірбек өзі дайындаған жаңа қазақ әліпбиінің нұсқасын таныстырды. Елбасы айтқан қағиданы басшылыққа алған ғалым кезінде Қарағанды қалалық тіл басқармасында, облыстық ақпарат басқармасында біраз жыл жұмыс істеген. Қазақ графикасын латын әліпбиіне көшіру мәселесімен көп жылдан бері айналысып келеді. Алты тілді еркін меңгерген ағамыз Германияның Кёльн қаласында оқып, «Карл Дуйсберг Геззельшафт» қоғамының халық­аралық сертификатын иеленген екен.

Бейбіт Әмірбек өзі да­йындаған қазақ әліпбиіне «Алтын көпір» деп ат қойып, айдар таққан екен.

Бейбіт Әмірбек,
тіл маманы:

– Парламентте таныстырылған нұсқа көңілімнен шықпады. Себебі оны бала түгілі үлкендердің өзіне меңгеру қиынға соғады. Мен өз нұсқамда әрбір дыбысқа жеке символ бер­дім. Екіншіден, бір дыбыс­ты 2-3-4 символмен белгілемеген жөн. Мәселен, неміс тілінде «Чапаев» сөзіндегі – «Ч» дыбысы төрт символмен белгіленеді – tsch. Қазақ фонетикасындағы ерекше дыбыстарды «Qwertу» пернетақтасындағы апостроф арқылы белгілеуге болады. Ә- A’, Ғ- G’, ң- n’, Ө- O’, Ұ – W, Ү- U’, і-Ү’, h-h’. Мәселен: Әліппе – А’lу’ppe, ғалым – g’alуm. Ұлытау – U’lytau. Ұлттың, мемлекеттің атауы Қ әрпінен басталатындықтан, жеке Q символы алынды.

 

 

 

Ғалымның айтуынша, ұсынылып отырған әліп­пенің нұсқасы дүние жүзі пайдаланып отырған «Qwertу» пернетақтасына негіз­деліп жасалған. Сондықтан әлемнің қай түкпі­рінде жүрсек те, қазіргі заманғы планшет, смартфон, гад­жеттерді қолдану арқы­лы жазуға мүмкіндік мол.
«Елбасы айтқандай, жаңа әліпбиді жасауда әртүрлі диакритикалық белгілер мен диграфтар қиындық тудырады. Барынша стандарттық пернетақтаның символдарын пайдаланған дұрыс. Мен ұсынған жаңа нұсқада бар болғаны екі диграф қолданылады. Ол тілді тез үйренуге, меңгеруге кедергі емес. Мәселен, Ш – Sh, Чч – Ch. «Qwertу» пернетақтасында кирил­лицадағы жіңішкелік белгісі Ь жоқ. Бірақ вальс, альянс, автомобиль, конъюнктура т.б. сөздерді жазу жіңішкелік белгісінсіз көзге оғаштау. Сондықтан бұл жерде де апостроф пайдалануға болады (Мысалы, val’s, al’ians, avtomobil’, kon’iunktura т.б). Осы «Алтын көпір» әліппе нұсқасын пайдалана отырып, тіпті ертеңнен бастап қазақша мәтіндерді тере беруге
болады. Пернетақтаға еш­қандай өзгеріс жасау қажет емес. Бұл нұсқаның «жеңіл жазу» деп аталатын себебі, мәтіндерді кириллицадағы 42 әріппен
термей, латынның 24 әрпімен апостроф арқылы теру болмақ. Сөйтіп, қазақ тілінде жазуды тез үйренуге, тілді жылдам меңгеруге жағдай жасалмақ» деп түйіндейді Бейбіт Әмірбек.
Бұл ретте осы салада жүр­ген көптеген азаматтар­дың пікірлері мен ұсыныс­тары Бейбіт Әмірбек ұсын­ған
жаңа әліпбиге сәй­­кес келеді екен. Мәселен, «Ұлт­тық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, латын пернетақтасындағы 26 әріп пен ‘ (apostrophe) белгісі негізінде қазақ алфавитін жасауға әбден болады.
«Біріншіден, латынға көшу – Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде даму логикасының бір бөлігі. Өйт­кені кез келген графика реформасы – не отарлау, не елдің азаттық алып, дербес мемлекет ретінде даму процесімен қатар жүретін құбылыс. Ал талқылауға ұсынылған алфавит жобасына келер болсақ, өз басым таңдалатын таңба­лардың ағылшын тіліне арналған пернетақта аясынан шықпағанын қалар едім. Қазақтілді мазмұнмен, мәтінмен жұмыс істейтін орта мұны қолдайды деп ойлаймын. Ұсынылған нұсқа осы талапты ескерген.
Латын пернетақтасында 26 әріп пен ‘(apostrophe) белгісі бар. Осының негі­зінде тіл нормаларын бұзбайтын әрі қолданысқа ыңғайлы қазақ алфавитін жасауға әбден болады. Ол үшін бір дыбыс – бір әріп қағидасына байлану шарт емес, алайда диграфтардың санын да тым көбейтуге болмайды. Меніңше, кейбір дыбыстарды бере алатын 3-4 диграфтан аспағаны дұрыс» дейді ол.
Ал философ ғалым Ғарифолла Есім елімізді әлемге танытудың бірден-бір жо­лы латын әліпбиіне көшу екенін айтады.
«Мұның тура жолы – латын әліпбиіне көшу. 42 әріпті кириллица – бұл орыс­тың кириллицасы емес, орыс­та – 33 әріп. Бізде – 42.
Мына нәрсені айта кете­йін. Жаңа қазақ әліпбиінде әріпті көбейтпеу қажет. Біз өркениетке өтеміз десек, ағылшынның тәртібімен жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын» дейді.

P.S: Қалай десек те, латынға көшудің маңызы айқындалды. Ендігі меже – қазақтың төл дыбысын сақтай отырып, 26 таңбаға сыйғызып, тиімді әліпби жасау.  

Гүлмира Аймағанбет

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*