«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дүние театрлары – Есіл жағасында

0 131

Жексенбі күні «Қазақстан» орталық концерт залында елорданың 20 жылдығы аясында «Астана» ІІ Дүниежүзілік театр фестивалінің шымылдығы түрілді. Фестиваль Қазақстанның Еңбек ері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған қазақстандық әртістер мен Еуропа мен Азиядан келген қонақтардың қызыл кілеммен жүріп өту салтанатымен ашылды.

– Астананың 20 жылдығы аясында өтіп жатқан осы жыл театр қауымына үлкен мейрам, халыққа қуаныш сыйлап отыр. Биыл елорда мерекесі шеңберінде 5 театр фестивалі, 2 кинофестиваль ұйымдастырылады. Мұны өнер тойы деп есептеуге болады. Бұл өркенді еліміз басшыларының бізге жасаған ұлы қамқорлығы деп білем. Мұхтар Әуезовтің «Өнерсіз ел – ел емес» деп айтқаны бар. Өнерді құрметтеген адам – бақытты адам» деді фестивальдің ашылу салтанатында Асанәлі Әшімов. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан театрлары ассоциациясы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырған фестивальге 12 мемлекеттің театрлары қатысып жатыр. Қазақстаннан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық театры, «Астана Мюзикл» театры қойылымдарын ұсынады. Осылармен қатар «Piccolo di Milano» театры (Италия), «1927» театры (Ұлыбритания), «Meno Fortas» (Литва), «Warszawa» (Польша), Тәуелсіз интернационалды «11» театры (Германия), Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры (Грузия), Бейжің халықтық көркем театры (Қытай), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры, Мәскеу губерниялық театры (Ресей), Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық театры (Қырғызстан) қатысуда. «Астана Мюзикл» театрының «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін көрермендер тамашалап үлгерді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры кеше жуырда премьерасы өткен У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясын ұсынды. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» спектаклін, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық театры Г. Хугаевтың қойылымын көрсетеді. Фестиваль, жалпы, 28 маусымға дейін жалғасады. Соның аясында драма, трагедия, комедия сынды әр алуан жанрдағы спектакльдерді тамашалауға болады.

Қойылымдар қала театрлары мен «ЭКСПО» қалашығындағы Энергия-Холда, Бейбітшілік және келісім сарайында көрсетіледі. Қазылар алқасына белгілі театр мамандары Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон-Валлен (Франция), Давид Папава (Ұлыбритания) шақырылды. Фестивальдің басты қонағы – Оскар сыйлығының иегері, дүние жүзіне белгілі кино және театр актрисасы Жюльет Бинош. Ол Астанада шеберлік сабақтары мен шығармашылық кешін өткізеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды