«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Достықты жалаулатқан керуен

0 33

Астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы «Бабалар үні-2019» халықаралық автошеруін елордада қарсы алды. Осы жылдың 9 шілдесінде Мәскеу қаласынан шыққан он көліктен тұратын автокөлік керуені 30000 шақырым жол жүріп, жеті елді – Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Солтүстік және Оңтүстік Кореяны басып өтіп, 15 қыркүйекте кері оралмақ.

Арқада үш күнге аялдаған жүргіншілерді қарсы алушылардың арасында Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ-Сик, ҚХА төрағасы орынбасары Юсуп Келигов және басқа да этномәдени орталықтардың мүшелері болды. Қалалық әкімдік жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Нұралы Айдашев құттықтау сөз сөйлеп, Ресей халықтары ассамблеясы жалпыресейлік қоғамдық ұйы­мының, Еуразия халықтары ассамблеясы халықаралық үкіметтік емес ұйымдары одағының бастамасын қолдау қазақ жерінде жалғасып жатқанын айтты.
Достық керуені Еуразия кеңістігіндегі көршілес елдердің мәдени, гуманитарлық, экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді. «Халықтық дипломатия» қозғалысының жетекшісі Эрнест Ким автошерудің екі Кореяның бірігуіне үлкен үміт артатынын және осы мақсатта жалпы халықтың үнін жеткізуші ретінде бастама көтергенін жеткізді. Бұл шара Корея тә­уелсіздігінің 100 жылдық тарихына орай­лас­тырылған, бірінші наурыз қозғалысының ғасырлық тарихына да арналып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды