-->

ДОСТЫҚ ПЕН ТУЫСТЫҚ ЖОЛЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

34543

Елбасы Қазақстанға ат басын бұрған мәртебелі мейман Гурбангулы Бердімұхамедовті құрметпен қарсы алып, таяуда өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Шағын құрамда өткен отырыс кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз әріптесінің сайлаудан кейінгі алғашқы сапарын біздің елден бастағанын жоғары бағалайтынын, Түрікменстанның өңірдегі маңызды әрі одақтас ел екенін айтты.

– Екі елдің халқы – бір-бірімен бауырлас әрі тату көрші. Бізді ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамыр, тіл мен дін байланыстырады. Ширек ғасырда арамызда шешілмеген мәселе болмаған, өзара түсіністікке, ынтымақтастыққа негізделген байланыс орнады. Достығымыздың арқасында іске асқан бірлескен ірі жобалардың бірі – Жібек жолы бағдары бойынша Қазақстаннан Түрікменстан арқылы Иранға тартылған теміржол құрылысы. Бұл мәселе 15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумында кеңірек талқыланатын болады. Жоба маңызды бағдар ретінде қарастырылуда және біздің міндетіміз – осы келісімді мазмұндық жағынан толықтыра түсу, – деді Н.Назарбаев.

36434

Қазақстан Президенті қос тараптың қол қоюы үшін әзірленген құжаттар аясында ынтымақтастықтың басқа да мәселелеріне тоқталып, әлемдік экономика мен саясат үшін қазіргідей күрделі кезде екіжақты қарым-қатынасты табысты дамытуда бүгінгі сапардың маңызды екеніне мән берді.

Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға шақырып, ілтипатпен қабылдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Ол бауырлас елдердің қазіргі даму кезеңіндегі ұстанымдары да ұқсас екенін, бейбітшілік пен тұрақтылық аймақтық деңгейде ғана емес, барша әлемде орнағанын қалайтынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып саналатын Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

5464

Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша екі ел президенттері Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Стратегия­лық серіктестік туралы шартқа, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісімге қол қойды.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Түрікменстан өкілдерімен қол қойған келісім екі ел астаналарының арасындағы барыс-келісті арттыра түспек. Ашхабадты қосқанда, Астананың байланыс орнатқан қалаларының саны 20-дан асады. Олардың ішінде Ташкент, Анкара, Дубай, Мәскеу, Варшава, Бейжің, Ницца, Тбилиси, Бішкек секілді қалалар бар.

2653

Орынбек  ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*