«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Донор болу – өзгеге өмір сыйлау

0 208

Дүние жүзілік донор күніне орай Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында «Басқаларды да ойла. Қан тапсыр. Өміріңмен бөліс!» атты арнайы іс-шара өтті.

Адам өмірін аман алып қалу үшін қан тапсырудың маңызы зор. Сонымен қатар, қан тапсыру донордың денсаулығына да өте пайдалы екенін айтады дәрігерлер. Осындай игілікті істі насихаттауға арналған шараға жиналған Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен «Нұр Отан» партиясының мүшелері, қоғам белсенділері, түрлі мекеме қызметкерлері және тұрақты донорлар Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының мәжіліс залында бас қосты. Шара барысында мекеме басшысы Жандос Бүркітбаев жиналғандарды атау­лы күнмен құттықтады. Ал өз кезегінде Олимпиада чемпионы, былғары қолғап шебері, «Astana Arlans» кәсіби бокс клубының бас менеджері Бақтияр Артаев көп жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып жүрген бірқатар донорларды арнайы алғыс хатпен марапаттады. Марапатқа ие болғандардың бірі – Василий Салиенко: «Менің қан тапсырып жүргеніме 30 жыл болды. Науқастарға қаны сағат сайын, тіпті минут сайын қажет болуы мүмкін. Егер бір тамшы қаным бір адамның өмірін сақтап қалатын болса, ол – мен үшін үлкен бақыт. Осындай игі іске жастарды да белсенді атсалысуға шақырамын» дейді.
Осы күні Астана Медицина универ­ситетінде №4 қалалық емхананың геронтолог дәрігерлері мен аталмыш оқу орнының профилактикалық медицина, спорттық медицина курсы және тағамтану кафедрасының ғалымдары, тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері мен қалалық және аудандардың ардагерлер кеңестерінің тұрақты комиссияларының мүшелері үшін денсаулықты сақтау жайында семинар-тренинг өткізді. Шараны Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы мен қалалық Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Райхан БАЛТАБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды