«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Домингомен ән айтқан

0 60

Еліміздің «100 жаңа есім» жобасына енгендердің бірі – республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші солисі Медет Шотабаев. Музыка майталманымен ретін тауып сұхбат құрған болатынбыз.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖІГЕР

«Қыз Жібек» операсында Төлеген болып ән шырқаса, «Мадам Баттерфляй» операсында Пинкертонның, ал «Травиата» операсында Альфредтің партиясын орындайтын Медет Шотабаевтың ән қоржынында басқа да классикалық әндердің қатары аз емес. Кең диапазонды даусымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер иесі сұхбат барысында әңгімені әріден бастады.
– Бала кезімде эстрада жанрын жақсы көретінмін. Шынымды айтсам, операны тыңдай бермейтінмін. 9-сыныпты бітірген соң 15 жасымда Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжге түстім. Онда оқуға түсуімнің өзі қызық болды. Негізі, музыкант болуыма әкем қарсы еді. «Балам, ол ер адамның жұмысы емес қой, одан да басқа мамандықты таңдасаңшы» деді әкем. Бірақ анам өнер адамы болғанымды қалады. Содан «тапсырып көрейін, өтпесем 11-сыныпты бітіріп, басқа мамандық таңдармын» деп ойладым. Бір күні қаперімде ештеңе жоқ, Бағдат деген ағамның үйінде жүргенмін. Анам хабарласып: «Балам, тез кел. Колледжде іріктеу болып жатыр» деді. Мен жуынып-шайыну, шашымды тарау былай тұрсын, тізесі шығып кеткен шалбарымды, созылып кеткен жейдемді ауыстырып үлгерместен, аяғымдағы тәпішкемен жетіп бардым, – дейді М.Шотабаев. – Барсам, талапкерлер көп екен. Мен ең ақырғы болып кірдім. Сынақ барысында мұғалімдер халық әндерін сұрады. Бірақ мен білмейтінімді, тек эстрада әндерін орындайтынымды айттым. Анамның: «Балам, ұялма, билеп, даусыңды қатты шығарып айт» дегені есіме түсіп, билей жүріп ән айтып шықтым. Бір қарасам, балалардың бәрін күлкі қысып отыр екен. Бір нәрсе дұрыс емес пе деп ойлап қалдым. Тапсырмалар беріп, даусымды тексерген соң мұғалімдер «Шыға тұр» деді. Іле соңымнан ере шыққан бір кісі мені көрсетіп: «Мына баламен кім келді?» деді айғай салып. Сөйтсем, анам анадай жерде ұялғаннан көпшіліктің қалқасына тығылып тұр екен. «Ертеңгі емтиханға ақ көйлек пен қара шалбар киіп келсін!» деп тапсырды. Осылайша, оқуға түстім.
Жалынды жігіт бағына орай Семей өңіріне белгілі, өзіндік орны бар әнші, білікті оқытушы Нұрлан Көшеровтің сыныбында оқыпты.
– Колледжде эстрада жанры бойынша оқимын деп ойлағанмын, негізі. Басында қиын болды. Сабақтың мәнісін түсінбедім. «И-и-и-и» деген дыбыстарды қайталататын. Маған бұл аса қажет емес сияқты болып көрінетін. Бірақ әкем қарсы болып, әрең түскен оқуым ғой, не де болса шыдап, оқи берейін деп бекіндім. Бәрі мұғалімге де байланысты екен. Нұрлан аға мені үнемі жігерлендіріп жүрді. Сөйтіп, даусыма біраз жан бітіп, операға ұқсай бастады. Содан Алматыдағы республикалық байқауға қатысып, 2-орынға ие болдым. Осы жүлденің арқасында Құрманғазы атындағы консерваторияға емхтихансыз оқуға түсуге жолдама алдым, – дейді өнер иесі.

ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР

2003 жылы колледжді ойдағыдай тәмамдаған соң Медет арман қуып, Алматыға барып, Құрманғазы атындағы консерваторияда ҰОС ардагері, КСРО халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаевтың сыныбында оқып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шығады.
– Консерваторияға түсу де оңай болмады. Құжат тапсыруға бір күн кешігіп қалыппын. Ондағылар маған енді келесі жылы келуім керектігін айтты. Сан соғып қалдым. Бір жыл бойы ән айтпасаң, дауысыңнан айырыласың. Жылдар бойғы еңбек еш кетеді ғой. Не істерімді білмей, Нұрлан ағаға хабарластым. Оның нұсқауы бойынша Бекен аға Жылысбаевқа барып, жағдайды түсіндірдім. Ол ректорға ертіп апарды. Бірақ оқу орнының басшылығы: «Бұл бала бүгін-ақ өзінің кім екенін көрсетті. Егер біз оны қабылдасақ, ертең ол сабаққа келмей қояды» деді. Содан мен дер кезінде жолға шығуға ақшамның болмағанын айттым. Хош, Бекен аға егер менің тәртібім нашар болған жағдайда өзі де жұмыстан шығатыны туралы өтініш жазып, ақыры консерваторияға қабылдандым, – дейді Шотабаев.
«Талаптыға нұр жауар» дегендей, Бекен Жылысбаевтай нар тұлғалы ұстазының атына кір келтірмес үшін жалынды жігіт тынбай еңбектеніп, қамшы салдырмай сабағын оқиды. Соның нәтижесінде 3-курстың басында «Дегдар» гуманитарлық қорының қолдауымен Италияға оқуға жіберіледі. Теңіз жағасынан орын тепкен Пезаро қаласындағы Рената Тебальди және Марио дель Монако академиясында Марио Милани сыныбында екі жыл оқыған Медет елге оралып, консерваторияның 5-курсын Шахмардан Әбілов­тің сыныбында бітіріп шығады. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет теа­трында солист болып еңбек жолын бастаған ол 2013 жылдан бері елордадағы «Астана Опера» опера және балет театрында қызмет етеді.

– Бірде Мәскеуде өтетін Глинка атындағы халықаралық вокалшылар байқауына жолдама алғанмын. Бірақ тура аттанардың алдында жол шығынымды өтеуге көмектеспек болған кісілер қол ұшын беруден бас тартты. Содан не істерімді білмей, Бекен ағаға барып, мұңымды шақтым. Әрине, ақша сұраған жоқпын, тек рухани қолдау күттім. Мені мұқият тыңдап отырған Бекен аға қызын шақырды да, әмиянын алдырды. Жинап жүрген зейнетақысын маған тұтастай қолыма ұстатып: «Мә, мейлі, орын ал-алма, бастысы, қатысып кел. Әйтпесе, кейін өкініп жүрерсің» деді. Шынымды айт­сам, ондайды күтпеген едім. Сөйтіп, ұстазымның батасын алып, Мәскеуге аттандым, – дейді Медет. – Байқауға әлемнің кіл мықтылары қатысты. Мен де елімнің намысын қолдан бермеуге тырысып, І-ІІ кезеңдерден өтіп, финалға жеттім. ІІІ кезеңде ән айтып болған соң көрермен қатты қошемет көрсетіп, «Браво» деп айқайлап, мені сахнадан жібергісі келмеді. Бірақ бұл концерт емес, сайыс қой. Сондықтан басымды иіп, құрмет көрсеттім де, сахна сыртына шығып кеттім. Алайда сол кездегі орындағаныма аса көңілім толмаған болатын. Дегенмен «үмітсіз шайтан» дейді. Ертеңіндегі марапаттауда ­ І орынға ие болғанда, төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Бірден сүйіншілеп, тілеуімді тілеп отырған Бекен ағаға хабарластым. Ол кісі қатты қуанғаннан жылап жіберді.

ОПЕРА ОТАНЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТУ ОҢАЙ ЕМЕС

Түрлі байқауларда бақ сынап, Франция, Италия, Германия, Швейцария, АҚШ, Бразилия, Жапония сияқты әлемнің көптеген елдерінің үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген солист 2009 жылы Финляндияда өткен «ХХІ ғасыр өнері» халықаралық байқауы мен 2012 жылы Румынияда өткен Х.Даркле атындағы халықаралық вокалшылар байқауында гран-приді жеңіп алған. Бұдан басқа да талай халықаралық ән бәйгелерінде ат оздырып, жүлделі орындарды олжалаған кейіпкеріміз:
– Әсіресе, Италия сахнасында ән айту қиындау. Өйткені Италия операның отаны болғандықтан, онда опера әндері халық әні іспетті. Кез келген итальялық әннің мәтінін жатқа біледі. Сондықтан ол жақта сөзден немесе дыбыстан мүлт кетсең, сені әнші деп қабылдамайды. Ал тенор дауыстылар Италияда жоғары бағаланады. Әуежайдан түскен уақытта бақылаудан өткізетін құқық қорғау қызметкерлері қандай себеппен барып тұрғаныңды сұрағанда, концертке қатысатыныңды, опера әншісі екеніңді айтқанда ерекше құрметпен қарай бастайды. Ал тенор дауысты екеніңді айтсаң, олармен тіпті арқа-жарқа болысып қаласың, – дейді сөз арасында.
Қазақ, орыс, итальян, неміс, француз, ағылшын, испан тілдеріндегі опералық әндерді орындайтын 37 жастағы әнші бүгінде әлемнің сақа солистерімен де бірге өнер көрсетіп жүр екен.


– «Астана Опера» опера және балет театры – елордадағы ғажайып ғимараттардың бірі. Тіпті шетелдік өнер жұлдыздарының өзі мұнда келгенде таңдай қағады. Мысалы, жақында біздің театрға әлемге әйгілі Пласидо Доминго келіп, жоғары деңгейдегі халықаралық байқау ұйымдастырды. Байқау өткен соң «Травиата» спектаклі қойылып, сол кезде маған Пласидо Домингомен бірге ән айту бақыты бұйырды. Армандарымның бірі орындалды. Енді ол мені келесі жылы Лос-Анджелеске шақырып отыр. Өте қуаныштымын, – деген әнші өнер тұлғалары Әлібек Дінішев пен Ермек Серкебаевты және Лучано Павароттиді пір тұтатынын айтады. – Ән айту – мен үшін тек жұмыс қана емес, бар өмірімнің мәні. Соған орай жарым да опера әншісі. Онымен үйдегі тақырыбымыз да ортақ, ол – музыка. Бойымда тек бір әттеген-ай бар, әкем Мұхаметсадық Құрмашұлының өнердегі жетістіктерімді көре алмай кеткені өкінішті. Ол мен колледжге түскен соң бір жылдан кейін өмірден өтті. Бірақ оның аруағы разы шығар…
Сұхбат соңында Медеттің күнделікті дауыс қою дайындығына куә болдық. Алдымен күйсандықтың әуені күмбірлей естілді. Содан соң «М-м-м-м», «М-М-М-М». Осылай төмен нотадан ары қарай жоғарылай береді. Тыңдасаң, құлақтың құрышы қанады екен. Беу, шіркін!

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды