«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ға қалай енді?

0 23

Биылғы күзде домбыра күйлерінің ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгеніне тура 5 жыл толады. Әлемдік беделді ұйымның күйлерімізді мойындауына елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми-шығармашылық ұжымы зор еңбек сіңірді. Өнеріміз үшін маңызды оқиғаның мерейтойына орай аталмыш оқу орнында күй апталығы өткен болатын. Сол кезде бұл іске бас­тамашы болған өнертану кандидаты, профессор, Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес (ICTM) мүшесі ­Саида Елеманованы әңгімеге тарттық.

БҮКІЛӘЛЕМДІК БАЙҚАУ НЕМЕСЕ АЛҒАШҚЫ ТАЛПЫНЫС

– Саида Абдрахимқызы, домбыра күйлерінің ЮНЕСКО-ға енуіне мұрындық болдыңыз. Оның белгілі бір талаптары болған шығар? Алдымен осы жағын тарқатып өтсеңіз.
– 2003 жылы Парижде Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция қабылданды. Ал оның алдында, 2001 жылы ЮНЕСКО-ның сол кездегі бас директоры Коитиро Мацуура «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар жауһарлары» атты бүкіләлемдік байқау жариялады. Сол кезде маған Америка Құрама Штаттарынан әлемдік деңгейдегі үлкен ғалым, диссертацияма оппонент болған Изалий Земцовский хабарласып, бүкіләлемдік байқауға түсетін жобаның ағылшын тіліндегі сараптамасын жасауды ұсынды. «Келісесіз бе?» деп сұрады. Бұл сұрағы мені абдыратып, басында бас тартқым келді. «Сіз музыкатанушы фольклористсіз ғой, қолыңыздан келеді» деп ол мені сендіріп, екі күннің ішінде керекті материалдарды жіберді. Тиісті сараптаманы жасап жібердім. Оның қай мемлекетке тиесілі болғанын айта алмаймын, себебі бұл – құпия.
– Сонда Қазақстан бұл байқауға қатыспады ма?
– Қатыспады. Еліміз одан мүлде хабарсыз болды. Осындай бүкіләлемдік байқау 2001 жылдан кейін 2003 және 2005 жылдары да ұйымдастырылды. Қарап отырсам, бұл байқау­да жеңіске жеткен мемлекеттер миллиондаған долларға ие болады. Содан кейін «Қазақстан оған неге қатыспайды? Мәдени жауһарларымыз жоқ па?» деп ойлана бастадым. Әрине, мәдени мұрамыз баршылық. Тек қана қайсысын тапсырсақ екен деп бас қатырдым. Ақыры, домбыра күйлеріне тоқтадым. Бастысы, сараптама жасау бойынша тәжірибем жинақталып қалған. Сонда да байқаудың талаптары өте көп. Сараптаманың өзі қаншама бетті алады. Және барлық құжаттар да ағылшын тілінде болуы керек.
Талаптардың бірі – 20 минуттық фильм жасау. Менде ол уақытта «Саз құдіреті» атты фильм дайын тұрған. Бірақ оның ұзақтығы – 1 сағат. Одан тиісті хронометраждағы үзіндіні қиып алуға мүмкіндігім болмады. Сосын ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросына бардым. Еш нәтиже шықпады. Мәдениет және спорт министрлігіне, оның мәдениет департаментіне жүгініп едім, ол жақтан да еш көмек болмады. Не керек, сараптаманы жасап, барлық құжаттарды дайындадым. Тәукел деп оған «Саз құдіреті» фильмін қосып жібердім. Алайда өтінішімді қабылдамады.

ЖОЛДЫ АШҚАН КОНВЕНЦИЯ

– Әрі қарай қандай әрекетке көштіңіз? Осымен тоқтамай, дегеніме жетпеймін деп ойлаған сияқ­тысыз ғой…
– Мамандығым бойынша, негізінен, осы уақытқа де­йін Арқаның әншілік өнерін зерттеумен айналыстым. Арал, Қазалы, Қармақшы, Маңғыстау, Қаратау жақтарда теңдессіз эпостарымыз да бар. Кезінде осы өңірлердің жыршылық мектептерінің елге таралып, насихатталуына атсалысқанмын. Бірақ бұл өнерді әлемге ұсынатындай материалдар жинақталмаған еді. Оның үстіне қалай дегенмен де күй өнерін қазақ мәдениетінің бір биігі деп есептеймін.
2009 жылы елордаға кө­шіп келдім. «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар жауһарлары» атты бүкіләлемдік байқауға қатысайық деп қала әкімінен бастап жан-жаққа хат жібердім. Обалы не керек, барлық хаттарға Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақо­жаева қол қойып берді. Өзім бас сұқпаған мекеме, қақпаған есік қалмады. Бірақ бұл да нәтижесіз аяқталды.
2011 жылы Қазақстан Ма­териалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификация­лады. Қозғалыс сол кезде басталды. Бұл құжаттың қабылдануына да үлес қостым. Тарқатып айтар болсам, 2010 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне мені шақыртып, Кореяда материалдық емес мәдени мұраға байланысты мәжіліс болатынын хабарлады. Ол жерде әр мемлекеттен бір адам өз елінде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып отырғанын таныстыру керек екен. Маған министрлік тиісті жоспарды, есепті дайындаңыз деп тапсыр­ма берді. «Жалғыз өзім тұтас мемлекеттің мәдени жоспары мен есебін қалай дайындаймын?» деп қарсы болдым. Бірақ министрлік мені көндірді. Сол жаққа барып келгеннен кейін, көргенімді айттым. Сонда еліміз Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау керектігі белгілі болды. Бұл конвенцияны қабылдамасақ, мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізе алмас едік.
Сөйтсем, басқа мемлекеттер мұны баяғыда түсінген. Бір қызықты айтайын, «Манас» эпосы алдымен Қытайда тұратын қырғыздар атынан ЮНЕСКО-ға ұсынылды. Яғни эпосты ұсынған мемлекет – Қытай. Ал Қырғыз Республикасы сол уақытқа дейін бейқам отырған. Бұл жаңалықты естіген соң намыстанып, қимылдай бас­тады. Ақыры «Манасты» қа­былдатқызды.

МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МҰРАЛАР ТУРАЛЫ АРНАЙЫ ЗАҢ КЕРЕК

– Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ға қалай енді? Ол үшін қан­дай жұмыстар жасалды?
– Домбыра күйлерін ЮНЕСКО-ға енгізу үшін барлық құжаттар дайын еді. Бізге тек қана 20 минуттық фильм керек болды. Сол фильмді жасауға музыка зерттеуші, күй жинақтаушы марқұм Базаралы Мүптекеевтің көп көмегі тиді. Бұл фильмге әртүрлі күй мектептерінің атынан Базаралының өзі бастап, Жанғали Жүзбай, Еділ Басығараев, Жұмабек Қадырқұлов, Мұрат Әбуғазы, Қайролла Сәдуақасов секілді күйшілер түсті. Оның да ағылшын тіліндегі аудармасы қажет еді.
Ақыры фильмді елорданың маңында түсірдік. ЮНЕСКО-ға 2013 жылы жібердік. Тиісті шешім 2014 жылы шығып, домбыра күйлері әлемдік беделді ұйымның адамзат игілігіндегі мате­риалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
– Болашақта ЮНЕСКО-ға қандай мұраларымызды енгізуге болады, енгізу керек деп есептейсіз?
– Қазір қазақтың дәстүрлі ән өнерін бұл тізімге енгізу үшін құжаттарды дайындап қойдым. Мәселе тиісті талап бойынша 20 минуттық ролик түсіруге тіреліп тұр. Оған мүмкіндігім жоқ. Бұл жұмыс қаржыны талап етеді. Телефонмен түсіруге келмейді, себебі ЮНЕСКО-ға сапалы фильмді жіберу керек. Бұл фильмде Батыс Қазақстан, Арқа, Жетісу секілді барлық әншілік мектептерді қамту қажет. Оның бәріне қазір демеушілер де табылмай тұр.
ЮНЕСКО-ға мәдени мұраларымызды көбірек енгізу үшін елімізде материалдық емес мұралармен айналысатын арнайы орталық керек. Материалдық емес мұралар туралы арнайы заң да болуы қажет. Оның екеуі де елімізде жоқ. Жалпы, дәстүрлі өнер өкілдеріне құрмет пен насихат жетіспей жүр. Мәселен, Фазыл Тұтқабеков, Әлімхан Жүзбай деген тамаша ақсақал күйшілеріміз соның бәрін көрмей, өмірден озып кетті. Осыны қолға алмайынша, іс алға баспайды.

Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

P.S: Осы уақытқа дейін ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еліміздің атынан тоғыз мұра енгізілді. Домбыра күйлерімен қатар қазақша күрес, асық ату, айтыс, киіз үй құру, Наурызды мерекелеу дәстүрлері, саят құстарымен аң аулау, жұқа нан пісіру дәстүрі және «Қорқыт ата» эпосы. Өткен жылы Қазақстанда Ұлттық домбыра күні мерекесі бекітіліп, алғашқы рет тойланды. Биыл бұл мереке 7 шілдеге түсіп тұр. Сол күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ елі алаңында мерекелік концерт өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды