«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дизайн код құрылады

0 18

Елордамыздың құрылысы мен сәулеті – өте өзекті мәселе. Қаланың қарқынды дамып келе жатқанын есепке алсақ, оның маңызы одан сайын артады. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізгенде соңғы жылдардағы жетістіктерімен қатар, қала тіршілігіне қатысты қордаланып қалған, шұғыл шешуді қажет ететін өткір мәселелер ортаға салынды. Президент елордада бірыңғай қала құрылысының сая­саты жоқ екенін атап өтті. Көшелер мен ғимараттарды безен­діруде гармониялық стиль жоқ екенін айтқан Мемлекет басшысы қаланың бірыңғай дизайн-кодын құруды тапсырды.

Жоба әзірленіп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаевтың мәліметінше, бас қалада бірізділік болу үшін арнайы дизайн-код әзірленіп жатыр. Оны да­йындау үшін астаналық сәулетшілер дүние жүзі бо­йынша көптеген қалалардың халықаралық тәжірибесіне сүйенеді. Яғни қалалық дизайнды жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін қайта бейімдеу және кедергісіз, жайлы қалалық ортаны құру арқылы өмір сапасын жақсартуға бағытталған даниялық сәулетші Ян Гейлдің қағидаттары енгізілуде екен.
– Нұр-Сұлтан қаласы дизайн-кодының жобасы әзірлену сатысында, оны 2019 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарлануда. Жобаға елорданың сапалы эстетикалық сәулет келбетін, бірыңғай ортаны қалыптастыру принциптерін, талаптарын, бағыттарын және тәсілдерін белгілеу, қаланың көркемдік, бірыңғай әрі әсем бейнесін жетілдіру және дамыту жөніндегі ұсыныстар кіреді. Соның ішінде көше-жол желісін абаттандыру, ғимараттардың колористикасы мен сыртқы түрі, қаланың ашық түсті ортасын қалып­тас­тыру, жарнама құрылымдары мен маңдайшаларды рәсімдеу жөніндегі ұсыныстар, көгалдандыру, жабындар және ұсақ бөлшек саудасы объектілері бойынша ұсыныстар қарас­тырылған. Дизайн-кодтың бекітілуіне қарай жоспарды жүзеге асыру тұрақты негізде жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.
– Дизайн-код – қала өркендеуінің негізгі бөлшектерінің бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – қаланы, қала көшелерін, орамдарды, қоғамдық аймақтарды безен­дірудің бірыңғай сәулеттік стилі. Қазір елордамыздың да өзінің белгілі бір стилі бар. Мен мұны шығыс пен батыстың үйлесімі деп атар едім. Нұр-Сұлтан қаласында батыс сәулет өнерінің соңғы үлгілерін таба аламыз. Астанамызда Норман Фостер секілді әлемге әйгілі көптеген сәулетшілер жұмыс істегені белгілі. Қазіргі уақытта дизайн-код бойынша жұмыс басталды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов. Оның айтуынша, жақын уақытта, осы жылдың төртінші тоқсанында, келесі жылдың бірінші тоқсанында бірыңғай сәулет стилінің үшінші кезеңін қалыптастыру жұмысы аяқталады. Осы уақытқа дейін құрылыс салушылар өздерінің дайын эскиздік жобасын әкелетін. Алдағы уақытта әкімдік оларға да­йын дизайн-кодтарды ұсынатын болады. Сол арқылы бірыңғай сәулеттік стиль аясында құрылыс салушы мен сәулетші нақты бір ауданда қандай стильді ұстану керектігін түсінеді.

Бас жоспар – басты құжат

Бүгінде халық санының өсуіне байланысты Үкімет тапсырмасымен қаламыздың бас жоспарына өзгеріс­тер енгізілген. Мұнда инженерлік инфрақұрылымды, жолдарды дамыту көзделген. Биыл кешенді жоспарға Шет аймақтарды дамыту бағдарламасы да қосылды.
Шет аймақтарда 21 млрд теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілмек. Соның ішінде жолдарды орташа жөндеу 7 млрд теңгеге жасалмақ. Биыл жеті жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын 57 көше. Оған 6 млрд теңге бөлінді. Осы қаржының 500 миллионы Шет аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша аударылды. Бұл қаржыға «Көктал-2» тұрғын алабында және Н.Тілендиев даңғылынан оңтүстікке қарай инженерлік желілер мен жолдарды салу жоспарланды. Сонымен қатар «Интернациональный» және «Мичурино» тұрғын алаптарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құбырдың жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды.
– «Интернациональный», «Көктал-1» тұрғын алаптары мен онтүстік-шығыс аймағындағы жобаларға түзету енгізіліп жатыр. Сараптамалық оң шешімді 2020 жылдың 1 наурызына дейін аламыз деп жоспарлап отырмыз. Тиісті жұмыстарды Шет аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында келесі көктемнен бастамақпыз, – дейді қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Нұрлан Солтамбеков сонымен қатар кейбір көшелерде көлік ағынын азайту бойынша мәселе туындап жатқанын жеткізді.Тұрғындарға жайлы болуы керек

Қазір бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылымымен, жол инфрақұрылымымен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етілуі тиіс 13 мың гектар анықталған. Әкімдік азаматтық құрылысқа қарағанда инженерлік, жол инфрақұрылымдары құры­лысын бастапқы орынға қойып отыр. Себебі осы күндері тұрғын алаптар құрылысымен айналысқан кезде инженерлік инфрақұрылым мәселесі жиі алдан шығады. Сонымен қатар Н.Нұркенов бес құрылыс аймағы туралы айтты. Тарқатып айтқанда, Мыңжылдық аллеясы, Тұран даңғылы, «Тельман» тұрғын алабы және өзге де осы ­сияқты аудандар ықшамды құрылыс аймағына кіреді. Кешенді жоспар ықшамды құрылыс аймағымен ғана шектелмейді. Ол тұтас қаланы қамтиды. «Қала тұрғыны шаһардың қай аймағында тұрса да өзін жайлы сезінуі керек. Бас жоспарда бұл үшін полиорталық деген ұғым қарастырылған. Яғни «Нұржол» желекжолы мен Нұр-Сұлтан қаласының Орталық алаңында ғана емес, бүкіл қалада адамдарды тартатын орындар болады. Сол арқылы кез келген қала тұрғыны өзін жайлы сезінетін болады. Жұмысымыз­дағы негізгі мақсат – осы» дейді Н.Нұркенов мырза.
Қала әкімдігінде өткен қаланы дамыту кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отқа төзімсіз қасбеттер проблемасын да атап өткен болатын. Бұл – бұрын салынған, алюкобондпен қапталған ғимараттар. Проблеманы үш жыл ішінде шешуге тапсырма берілді. Яғни осы мерзімде отқа төзімсіз қасбеттерден құтылу керек. Н.Нұркенов «Тиісті бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Үш жылда бұл міндетті орындаймыз» деді.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды