Діни тұжырымдама – құқықтық құжат

Қоғамдағы басты мәселенің бірі – діннің тым саясиланып, террорлық, экстремистік құралға айналуы. Мұндай заманауи үрдістер кейбір құндылықтарымызды қайта қарап, болашаққа жаңаша бағдар жасауды қажет етеді.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен өткен жиында Қазақстан Респуб­ликасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы, діни бірлестіктермен байланыс және конфессияаралық келісім, 2018 жылға арналған кеңес жұмысының құрамы мен жоспарын бекіту мәселелері талқыланды.
«Биыл мемлекеттік деңгейде және қала көлемінде көптеген жұмыстар атқарылды. Дін – нәзік сала. Жыл бойы барлық күрделі шараларды бірге атқардық. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды алдағы уақытта да бірге жалғас­тыратын боламыз» деді қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Ашығын айту керек, Алла мен адам арасын саудалап жүргендердің құйтырқы саясатына қарсы тұру үшін қоғамға мықты иммунитет керек. Ал ол иммунитет – біздің тарихымыз, салт-санамыз, мемлекеттік деңгейдегі шаралар және әділ құқықтық құралдар. Осы мәселе төңірегінде билік діни экстремизм және терроризмге қарсы елдегі билік органдарын тегіс жұмылдырып келеді. Мәселен, 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс-қимыл» туралы заң, 2005 жылы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заң, 2013 жылы Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Алайда әлем болып терроризм мен экстремизмге қарсы күрескен сайын оның жаңа әдістері пайда болуда. Мәселен, бұрын террорлық жарылыстарды арнайы топтар ұйым­дастырса, бүгінде жүк мәшинелері мен көліктерді пайдалану негізгі құралға айналып отыр. Бұл ретте еліміз қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында іс-шара жоспарларын
ұйымдастыруда.
Соның бірі – бүгінгі талқыға түскен 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдама. Аталған құжат еліміздегі және әлемдегі діни ахуалды ескере отыра дайындалғаны белгілі. Тұжырымдама аясында елдегі діни ахуал талданып, осы құжат негізінде бірқатар заңдық нормаларға өзгерістер мен толықтырулар дайындау көзделген. Яғни, елімізде дінді деструктивті құрал ретінде қолданудың алдын алу, за­йыр­лы қоғам негізіндерін қалыптастыру арқылы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірден-бір алғышарт болып табылатын құ­қық­тық құжат болып отыр.
Осы ретте Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директоры Айдар Әбуов қоғамда діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралуына жол бермейтін жаңа құқықтық норманың қажеттілігі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, тұжырымдамада елдегі діни ахуалға айқын баға берілген. Алғаш рет дін са­ласын құ­қықтық реттеу
барысында жаңа бағыт-
бағдарларға басымдық жа­салған және жаңа жұ­мыс жоспары дайындалған.
«Бұл көптеген процессуалды мәселелерді шешеді және құқықтық құралдардың белсенді жұмысы көрінеді дегенді білдіреді, яғни, жедел өзара іс-қимылдар арқылы пайда болып жатқан қауіп-қатер­лерге дер уақытында жауап беруге тиімділікті арттырады. Тұжырымдама кешенді шешімдер жасауға бағытталғанын ескерсек, бірқатар бағыттарға мысалы ақпарат және коммуникация, білім мен денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару сынды салалардағы экстремизмге жол бермеу жоспарлары арқылы елдегі діни ахуалды оң өзгерістерге бастайды.
Тұжырымдаманың инди­каторлары бойынша, ел хал­қының дін саласындағы мем­лекеттік саясатты қолдау деңгейі 2018 жылы 89% болса, 2020 жылы 91% құрайтын болады. Осындай нәтижелерге қол жеткізетін болсақ, елімізде деструктивті және де діни радикалды қозғалыстардың аясы тарылатыны анық. Тұжырымдама қысқа уақыт аралығындағы стратегия­лық жоспар болғанымен халыққа берері көп. Оңтайлы жүргізілген ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде халықтың діни сауа­ты артып, өзіндік әрбір азаматтың экстремизм мен радикализмге қарсы индивидуалды иммуниеті пайда болады» дейді Айдар Парқұлұлы.
Бүгінде Астана қаласында ресми түрде тіркелген 14 конфессиядан тұратын 49 діни бірлестік жұмыс істейді. Рухани білім берумен айналысатын Астана медресесі бар. Қазақстан Республикасы «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Астана қаласы Дін істер басқармасының басшысы Данияр Есин өз баяндамасында басқарманың жыл бойы атқарған жұмыстарына да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2017-2020 жылдарға арналған «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру тобы 500-ден астам шара өткізген. Дін тақырыбына арналған кітапшалар «ASTANA-BILIMLAND» электрондық кітапханасына енгізілген. Жалпы, басқармаға қарасты Дін проблемаларын зерттеу орталығының «Сенім телефонына» жыл басынан бері 1 520 адам хабарласқан екен. Жыл басынан бері діни бағытта әкімшілік құқық бұзушылықтың 63 дерегі тіркелген көрінеді.
Кеңес қорытындысы аясында діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің алдағы жылға арналған жұмыс жопары мен құрамын бекіту талқыланды.

Гүлмира Аймағанбет

Сонымен қатар

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ҚЫСҚА ДАЙЫН

Бүгінде Астанада 1140-тан аса қоғамдық көлік қала ішіндегі жолаушыларға қызмет көрсетуде. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған