«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Динадан Аппаққа дейін…

0 84

«Астана» концерт залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әсем қоңыр» атты музыкалық кеш өтті. Бұл атау бекерден-бекер таңдалмады. Күй анасы Дина Нұрпейісованың осылай аталатын күйі бар. Елорданың мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі ұйымдастырған осы концерт қазақтың сөз және саз өнерінде із қалдырған ақын және күйші қыздардың шығармашылығына арналды.

1937 жылы Алматыда көркемөнерпаздардың слеті өтеді. Сол уақытта бұл жиынмен қатар оқушылар арасында екінші республикалық олимпиада өтіп жатады. Екі шараға да қатысып, талапты оқушыларды көрген Динаның есіне немересі Қоңыр түседі. Сол жерде жалынды жастарға арнап «Әсем қоңыр» атты күйін жазады. Кейбір өнер зерттеушілер бұл күй Әсемқоңыр есімді алысқа ұзатылып бара жатқан қызға арналғанын айтады. Осы күймен ашылған кеш әрі қарай басқа да музыкалық шығармалармен жалғасты.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туып, өмір сүрген Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызының артында «Қайран елім», «Аққыз», «Жетім қыз», «Қосбасар», «Қоңыр күй» сынды бірнеше күй, «Жалған-ай», «Қайран бауырларым», «Аман бол, амал қанша», «Сағыныш», «Ханшайым» әндері қалды. Ал бұл кеш көрермендері оның «Мұң Қосбасар» күйін тыңдады.
Батыс Қазақстан күйшілік мектебінде Ақбикеш, Науша қыз, Алтынай есімдері де аталады. Өкінішке қарай, бұл күйші қыздардың мұрасы жіті зерттелмеген. Есімдері де көмескіленіп, анда-санда күйлері тартылғанда ғана аталады. Ақбикеш кезінде атақты күйші Есжанмен күй тартысқан. Оған риза болған Есжан қоштасарда «Қош, аман бол, Ақбикеш» күйін арнаған. Ал Науша қыз әйгілі Есбаймен өнер сынасқан. Күйші қыздың «Шидеме-шегелеме» күйі халыққа жетті.
Алтынай күйші – Маңғыстау күйшілік мектебінің негізін қалаушы Абыл Тарақұлының шәкірті. Оның артында «Алтынай Ақжелең» атты жалғыз күй қалған. Майра Уәлиқызы мен Сара Тастанбекқызы – қазақ өнеріндегі белгілі есімдер. Ал Қытайдың Іле аймағында дүниеге келіп, сонда өткен Аппақ Майтабанқызының «Көк өзен», «Құбажай» атты әндері айтылып жүр. Көрермендер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов және дирижерлер Нұрлан Бекенов пен Әлішер Қасқырбай жетекшілік еткен оркестрдің, Жазгүл Даңылбаева, Анар Мұздаханова сынды жеке солистердің орындауында бұл шығармалар құлақ құрышын қандырды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды