Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик: АЛАШ – ТЕМІРҚАЗЫҚ

АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ БІР КЕЗЕҢІ

– Биыл Алаш партиясы мен Алашорда автономиясының құрылғанына жүз жыл толды. Кейбір зерттеушілер алаш қозғалысына да бір ғасыр болды дейді. Осы оқиғалардың аражігін ашып бере аласыз ба?
– Рас, бүгінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары Алаш партиясы мен қозғалысына бір ғасыр толды деп айтып, жазып жүр. Әрине, бұл – жалпы қауымға жариялап, жарнамалап айтуға жақсы ұғым, дұрыс ниет. Бірақ ғылым мен баспасөз нақтылықты қалайды. Сондықтан биыл Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясының жүз жылдығын атап өтіп жатырмыз. Елдік тұрғысынан келгенде, «Алаш партиясы», «Алаш Орда» ұлт кеңесі дегендер – соның ішіндегі түрлі құрылымдық дүниелер.
Енді ұғымдарға келейік. «Алаш» деген ұғым бізде көнеден бар. Оның туған уақытын, дерегін кесіп айту қиын. Шоқан Уәлиханов: «Әрбір ру, тайпаның ұраны бар. Бірақ бүкіл қазақтың басын біріктіретін ұран – алаш» деп жазады. Шоқан – ХІХ ғасырдың ғалымы. Менің түсінігімде, Алаш қозғалысының басталуы он тоғызыншы ғасырдың соңынан жол тартады. Дәлірек айтқанда, 1890 жылдан десек болады. Оның себебі бар. 1891 жылы қазақтың ұшы-қиырына көз жетпейтін шалқар һәм сайын даласы патшалық Ресейдің қазыналық меншігіне айналды. Ал жер – халқымыз үшін басты құндылық. Одан айы­рылу – қасірет, аза тұтып, қара жамылғанмен бірдей. Енді ұлттың көзі ашық қайраткерлері де қарап қалмады. Әйтеуір халықты, жерді сақтап қалу мақсатында ұран көтерілді. Ол – баяғыдай ақ найзаға сену емес, ақылға сену ұраны. Алаш қозғалысы осылай туды. Қозғалыстың қалыптасуы XX ғасырдың басына дөп келді. 1907 жылы Алаш қозғалысының нақты бағыты анықталды. Осы жылы қазақ ұлты Ресей империя­сының мемлекеттік Думасына депутат болып сайлану құқығынан айырылды. Жалпы патшалық Ресейдің Думасына халық қалаулылары 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін төрт рет шақырылды. Соның 1906-1907 жылғы шақырылымына ғана ұлтымыздан өкілдер сайланды. Бірақ бұл екі шақырылым да үш айдан жұмыс істеп, тарқап кетті. Дұрысы, патша оны тарқатты.
Соңғы екеуінде өкіл болмады. Парламент деген – қазір де, бұрында да үлкен ұғымды білдіретін, халықтың өкілдері елдің мұңы мен жағдайын айтатын биік мінбер. Сонда алты миллион қазақтың биік мінбеден құқығын қорғайтын өкілі жоқ дегенді қалай түсінеміз? Осындай қысылтаяң шақта «Оян, қазақ!» деген ұлттық мұратты ту еткен идея­лардың пайда болуы қозғалыстың негізгі сипатын сараптайды. Ол сипат не? Жер үшін, тіл мен діл, білім мен руханият секілді сан алуан мәселелер үшін күрес сол кезден бастау алды.
1911 жылы Троицк қаласынан Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен қоғамдық-саяси «Айқап» журналы жарыққа шықты. Біз осы межені Алаш жәдитшілдігінің саяси тұтастыққа ұласу шағы деп есептейміз. Әрине, ол бірден көктен түскен жоқ. Алдымен оның себептері, алғышарттары сараланып, бағыты пысықталды.
Сол жаңарған, серпілген ғасыр басына барайық. Қозғалыс жүріп жатыр. «Серке», «Айқап», «Қазақ», «Ұран», «Сары Арқа», «Бірлік туы», «Абай», «Балапан», «Жас азамат» басқа да газет-журналдар жарыққа шықты. Олар да оңайлықпен басылған жоқ. Бұлардың ішінде ұлттың басын біріктірген, айбынды ағартушылыққа қызмет еткен – «Қазақ» газеті. Осы басылымдардың аясында халықтың саяси білігі даярланып жатты. Бірақ 1917 жылы қазан төңкерісі болады деп ешкім күтпеді. Мұны Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы «Ресейдегі бүлік» деп жазды. Олар патша үкіметі құласа да Ресейдің саяси күштері демократиялық негізде әрі қарай дамиды деп ойлады. Соған имандай сенді. Оны сол уақыттағы газеттерде басылған мақалалар дәлелдейді. Қошке Кемеңгерұлы «Бүлінгеннен бүлдірме алма!» деп мақала жазды. Бұл астаң-кестең кезең туралы 80-жылдардың жария­лылық кезеңінде шыққан М.Горькийдің «Не своевременные мысли» деген жинағы жақсы түсіндіреді. Жазушы орыс қоғамының ішінде жүріп, төңкерістің жағымсыз, тіпті хайуани сипат алып кеткеніне таңғалып, күнделікке түсіріп отырған.
1917-1918 жылдары Ресейде уақытша үкімет билік құрды. Дәл сол кезде Әлихан Бөкейхан да, Мұстафа Шоқай да, Мұхамеджан Тынышбайұлы да уақытша үкіметтің өкілдері ретінде қазақ мекендеген аймақтарға қызметке жіберілді. Осындай дүрмек болып жатқанда Петроградта (орыс Санкт-Петербург атынан безген кез) құрылтай жиын ұйымдас­тырылады. Оған әр ұлттың, аймақтың өкілдері қатысу қажет. Енді осы кезеңде тарихшылар да қиналатын, саясаттанушылар да дал болатын, бүгінгі көп зерттеу­шілер бағалай алмай жүрген оқиғалар өрбіді.
– Ол қандай оқиға?
– Алдымен, мына мәселеге тоқталайық. Автономия мемлекет пе, егер сондай деп есептелсе, оның құрылымы не, құжаты қайсы, конституциясы қандай, оның негіздері неден тұрады деген сұрақтар туады. Біз – гуманитарлық саланың маманымыз. Ала-құла империя қирандысы кезеңіндегі автономияны классикалық түрдегі мемлекет қағидатымен өлшеуге болмайды. Егер ондай өлшеммен қарасақ, көп асылымыздан айырылып қаламыз. Сондықтан да біздің оппоненттеріміз, әу бастан Алашқа қарсы адамдар, бәлкім, азаттыққа жаны қас большевиктің үрім-бұтағы Алаш ардақтылары құрған автономияны мойындамай, «оларда мемлекет те, мемлекеттік құрылым да болған жоқ, кезінде зиялы дегендері адасқан, бүгінгі қолдаушылары мен зерттеушілерінікі де жұрттың көзін байлау» дейді. Бір қызығы, осы ой репрессия алдында да, тұсында да, кейін де айтылыпты. Бүгінгі жаңғырығы – агония мен скептиканың буданы сияқты нәрсе. Қазір бармағымызды шайнатып отырған дүние – осы. Біз зымырап өтіп жатқан уақыттың қадірі туралы айтып отырмыз. Бір ой туа­ды: отаршыл елдердің тарихын алайық. Мемлекеттік негіздері, құрылымдары туралы құжаты түгел ме, жоқтан бар жасалған ба? Біз кеше ғана «тәуба!» деп, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Мерейтойын мемлекеттік деңгейде ұйымдас­тырдық. Осының да құжатын, «инаугурация фотосын» сұрап, төбеге де сенбей, төреге де ермей жүргендер бар…
Жүйрік уақыттың өзі айқындап берген, өткен ғасырдың басындағы аласапыран арасында мемлекет құруға жанталасқан Алаш азаматтарының жанқияр­лық күресіне қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы заманның көзімен қарауға болмайды. Біз Түркістан автономиясын – бүгінгі Орталық Азиядағы түркі мемлекеттеріне бастау болған мемлекет деп, Алаш автономиясын – Қазақ мемлекеттілік тәжірибесінің елеу­лі кезеңі деп есептейміз. Автономия – мемлекеттік құрылым. Сонда Алаш қайраткерлері мемлекеттің бесігін де, жөргегін де, тәй-тәйін де білді. «Ресей Федерациясы құрамында автономия» деген 1917-1918 жылғы алғашқы қадам мен Қазақстанның 1990-1991 жылғы тағдырын параллель жүргізіп байыптауға болады.
Уақытша үкімет ұлт өкілдерін алдағы құрылтайға шақыруына байланысты тездетіп Түркістан автономиясы жарияланды. Өйткені жиынға ұлттық құрылымның атынан бару керек болды. Түркістан автономиясы 1917 жылы 27 қарашада Ташкентте жариялану керек еді, қаланы большевиктер басып алғандықтан, амалсыз Қоқанда жарияланды. Кейбір зерттеушілер шатасып «Қоқан автономиясы» деп жүрген осы. Оның ресми атауы – Түркістан мұхтарияты. Түркістан автономиясы 1917 жылы 27 қарашадан 1918 жылы 11 ақпанға дейін 64 күн өмір сүрді. Одан кейін большевиктер автономия басында отырған азаматтарды ғана емес, бүкіл Қоқанды қан-жоса қылып, Хайретдин Болғанбай айтқандай, «тұла бойы қан саситынын» дәлелдеді.
Ал Алаш автономиясы 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда жарияланды. Кейін Орынборды большевиктер құрсағаннан кейін Семейге көшті. Бұл жайындағы деректерді зерттеушілер қопарып, жазып жатыр. Біз мұны да мемлекеттік негізі бар, Алаш Ордадай сайланған үкіметі анық елдік құрылым санаймыз. Бұл автономия бір жарым жылдан аса билік құрды. Сондықтан бүгінгі азат Қазақстан тақыр жерде пайда болған жоқ. Кешегі Алаш арыс­тары құрған мемлекеттің жалғасы. Тарихымызда қазақ хандығы үлкен бір сапалық кезең болса, екінші, еуропалық бағыттағы ізденістен туған мемлекеттік платформа – Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясы.
– Жалпы, Түркістан автономиясы туралы көп айтылмайды. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның себебі былай: ғалымдарымыз Алаш автономиясын өз тарихымыздың бір арқауы ретінде біршама зерттеді. Ал Түркістан автономиясы орналасқан өңір, қала – Ташкент, Қоқан болғандықтан, жадағай психологияда «басқа елдің оқиғасы» секілді көрінуі кәдік. Бірақ екі автономияны бөліп қарауға болмайды. Енді бір қызық жағдайды айтайық. Алаш үкіметі – ұлт кеңесі құрылған кезде, бір орын Мұстафа Шоқайға қалдырылған. Мұны «Түркістан мүддесі» деуге де болады. Алаш үкіметі Түркістан автономиясымен қарым-қатынас жасау үшін келіссөзге Міржақып Дулатұлы бастаған азаматтарды жібереді. Осы жерде бір тоқталатын нәрсе бар. Сол замандағы деректерге лупамен қарағандай үңілген дұрыс. Құжаттардағы, мақалалардағы мәтін астарынан «екі автономияны біріктіру кезеңі басталу керек» секілді ой бұғып жатқаны анық көрінеді. «Алаш пен Түркістан автономиясы қалай бірігеді? Қалай үйлесім табады?» деген мәселе зиялыларымызды сәт сайын ойландырған. Сондықтан Түркістан автономиясының қазіргі барша түркі мемлекеттері тарихында аталуы және соған орай кешенді зерттеу жүргізілуі шарт.

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЕШҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛІККЕ БАРМАҒАН

– Кейде біз тарихи деректерден Батыс алашорда, Шығыс алашорда дегенді оқып қаламыз. Сонда Алашорда екіге бөлінген бе?
– Жоқ. Көп адам ойлайды: «Неге бұлай аталған?» деп. Мұның бәрі – большевиктердің Орынборды басып алғанынан кейін өріс алған оқиғалар. Алаштың жағдайға қарап, Батыс пен Шығысқа «бөлінуі» – территориялық атау. Алаштың батыс қанаты, шығыс қанаты дегендей. Бұл жайында жазушы, зерттеуші Әнес Сарайдың тамаша зерттеуі бар. Жалпы, азамат соғысы 1918-1920 жылдары болды деп жазады. Негізінен, оны 1917 жылдан бастау керек. Дәл осы аумалы-төкпелі кезеңге байланысты Алашорда үкіметінің басшылары шұғыл сая­си шешімдер қабылдап отырды.
– 1917 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құру үшін ұлт қайраткерлері жалпыхалықтық екі съезд өткізгені белгілі. Осы жиындар қалай ұйымдастырылды?
– Жалпы, бұл екі съездің алды-артында қазақ даласында алпыстан астам түрлі деңгейде жиын өткен. Бұл кездегі елдің жағдайы белгілі. Отаршылдық жүйе халқымызды көтерем қойдай әбден діңкелетіп тастаған. Сондықтан Алаш зиялылары Ресейдегі саяси ахуалмен, қоғамдағы жағдаймен халықты таныстыру үшін болыс, уезд, губерния, аймақ деңгейінде басқосулар ұйымдастырды. Төңкеріс алдында ірі құдайы ас та саяси жиынның рөлін атқарғаны мәлім. Ал тарихи екі съездің орны бөлек. Алдымен съезге шақырушылардың құрамы жария­ланды. Үгіт-насихат жүргізілді. Бірінші съезде Алаш партиясы құрылылып, екінші съезде автономия жарияланды. «Қазақ» газетін қарасаңыз, осы оқиғалардың бәрі қатталған. Ол уақытта ел ішіндегі оқығандар санаулы. Орысша білім алғандарды «учительдер» деп айтқан. Мұсылманша оқығандарды «мұғалім» деген. Съездерге жалпы көзі ашық, қабілеті бар, сауатты адамдар тартылған. Одан кейін ел ағалары, халық арасында беделі бар, сөзі уәлі дәулетті кісілер, молдалар шақырылған. Съезді ұйымдастыру ақпаратсыз өте қиын екені түсінікті. Оның үстіне түрлі әлеуметтік мәселелер мен қаржылық шығындар бәрі көзі қарақты азаматтардың ақылымен шешілген.
Алқалы жиындарда болашақ мемлекеттің құрылымы, негіздері қозғалған. Бір ғана Торғай облыстық съезіне 400-дей делегат қатысқан. Кейбір ғалымдар бұған ерекше мән беріп, мұны «екі съезден кем емес» деген пікір айтады. Сонымен, мемлекеттік құрылым мәселесі жан-жақты сөз болған, талқыланған және шешім шығарылған съездерді қазақ тарихындағы аса ірі оқиғалар деп есептейміз. Бүгінгі тілмен айтқанда, мұнда мемлекеттің тұжырымдамасы, саяси платформасы анықталды.
– Алаш ардақтыларының қай-қайсы да ағартушылықпен айналысты. Газет шығарды, кітап жазды. Жұртты білімге, оқуға шақырды. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Әр ұлттың тарихында оның даму кезеңін анықтайтын бағыттар бар. Біздің тарихымызда XIX-XX ғасыр аралығы ағартушылық кезең саналады. Бұрын халыққа Шоқанды, Ыбырайды, Абайды қазақ ағартушылары деп түсіндірдік. Мысалы, нағыз педагог Ыбырай Ресейдің Қазақстанға енгізген білім жүйесінде қызмет істегенмен, оған білім саласына реформалық ізденістер жасауға мүмкіндік берілмеді. Бұл үш тұлға тіпті бір үстелдің басында отырған адамдар емес. Олардың әрбірі, Әлихан Бөкейхан айтқандай, «қазақтың жалғызы». Ағартушылық деген дүние үлкен идея­ға, концепцияға айналу керек. Оның баспасөзі мен кітаптары жүйелі шығып жатуы қажет. Бізде осы үдеріс кеш те болса ХХ ғасырдың басында концептуальді негізде қалыптасты. Алаш зиялыларының қайраткерлігі, шығармашылығы, тіпті адами болмысы ағартушылық бағытқа жұмсалды. Екінші бір нәрсе бар: кеңестік дәуірде «шығысша, араб­ша оқығандар діни бағыт ұстанды, батыстық білімді қаламады, зар заманмен кіндіктесіп, қоғамға енген жаңалықтарды мойындамады» деп айтып келдік. Мысалы, Шәкәрімді алайық. Аузынан Алласы түспеген діншіл. Қажыға барған. Ол шығыс құндылықтарын бойына сіңіре отырып, Л.Толстойды салмақтайды, елеу­лі философиялық ойлар айтады. Міне, екі көзқарастың синтезі – Шәкәрім. Алаш зиялыларымен үзеңгілесе шыққан діндар қайраткер Садуақас Ғылманидың «Жүсіпбектің «Психологиясына» деген өлеңі бар. Ол – арабша сауатты, 30-жылдары қуғын-сүргін көрген, кейін ғұмыр бұйырып Қазақстанның қазиы болған кісі. Жүсіпбек Аймауытұлы «Психологиясы» еуропалық бағыттағы зерттеушілердің теориясы мен тәжірибесін талдаудан тұрады. С.Ғылмани осымен ой таластырады. Ал осыдан діндар шектеу­шілігі байқала ма?
Мысалы, Алаштың лидері Әлиханның жұбайы – орыс ұлтынан. Мұсылман дінін қабылдамаған. Ә.Бөкейхан – қазақ, жары басқа милләттің қызы болғанмен, балалары ұлт тарихы мен руханиятын қадірлейтін адамдар болып қалыптасты. Қызы Елизавета елшіл қайраткер Смағұлға тұрмысқа шықты.
Ә.Бөкейханның 1914 жылы жазған «Мұсылман сиезі» деп аталатын мақала топтамасы бар. Соның біреуінде ол Міржақыптың «Бақытсыз Жамалын» Құран сүрелері аясында талдайды. Жалпы Алаш көшбасшысының дінге қатысты керемет ойларын оқимыз. Ол – халықты діннен айырмау керек екенін білген адам. Әлихан Науан қазіретті «қазақтың Ломоносовы» деп бағалап, мақала жазған. Бүгінде атақты қазірет туралы дерек жоқтың қасы… Осы оқиғалардан шығыс пен батыс ұстанымын үлгі тұтқан қазақ азаматтары томаға-тұйықтыққа бармағанын көреміз. Түптеп келгенде, олардың бәрі ұлттың көсегесін көгертуге қызмет етуді ойлаған прагматик адамдар еді.
– 1918 жылы Жаһанша мен Дінше қазақ үкіметіне автономия сұрап, Лениннің қабылдауында болған екен. Бірақ оның хаттамасы сақталмаған. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Қоғамдағы саяси күресте большевиктер жеңеді деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ олар күннен күнге күшейіп келе жатқаны айқын болды. Үлкен үйді кім алса, сол мемлекеттің иесі болады. Большевиктер билік асқарларының бәрін қолға түсірді. Жалпы патшалық Ресей трагедиясын бүгінгі Ресей бағалап бере алды ма?.. Көрші елде түрлі коммунистік атрибуттар мен ескертіштердің сақталып қалуы осы сұрақ жауабын алудың әлі ерте екенін аңғартқандай.
1917-1918 жылдары Алаш қайраткерлері жан-жақты келіссөз жүргізді. Мысалы, Сібір аймағын билеген патша генералдарына байланысқа шықты. Қиырдағы Жапония мен Қытайға да адамдар жіберді. Енді қару-жарақтың, әскери әлеуеттің бәрі большевиктер қолына өте бастағаннан кейін Алаш басшылары Ленин үкіметімен келіссөз жүргізуді ойластырды. Бұған байланысты Жаһанша Досмұхамедұлының, Халел Ғаб­басұлының келіссөз жүргізгені мәлім. Алғаш телеграф арқылы байланыс жүргізілді. Тарихи деректер Жаһаншаның Мәскеу­ге 1918 жылы сәуірде келіссөз үшін барғанынан хабар береді. Әрине, ол Ленин мен Сталинге барған. Оның хаттамасы жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Ал Халел мен Жаһаншаның бірлесе келіссөз жүргізетін нысанасы – Комуч пен Казревком. Бұлардың хаттамасы немесе келіссөзде не айтылғанын ғалымдар жариялады.
Алаштың көп векторлы саясаты ұлт тағдыры еді. Бұл олардың үлкен саяси мектептен өткенін дәлелдейді.
Кеңес өкіметінің қолына толық билік көшкеннен кейін ұлт зиялылары алында жер саясаты, шекараны белгілеу, автономия мәртебесін анықтау секілді маңызды мәселелер тұрды.
Тарихтың осы екі-үш жылы тіпті күрделі. 1918 жылы Алаш басшыларының большевиктермен келіссөз жүргізуі, 1919 жылы Ленин үкіметінің «Алашқа кешірім жасаймыз» деп, ұлт қайраткерлерін кеңес өкіметіне тартуы, 1920 жылы А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ қайраткерлерінің коммунистік партияға өтуі, былайша айтқанда, сол кездің форматында түсіндіру қиын оқиғалар өрбіді. Олар қалай бір-бірін мойындады? Халық саяси үдеріс­терді терең білген сайын мұның мәніне көзі жетіп келе жатыр.
Алаштың большевиктермен жүргізген келіссөзін тарихи даму контексінде, сол заманның шындығы аясында байыптауымыз керек. Алаштың жастар буынан басқарған Смағұл Сәдуақасұлы коммунистік партияға өтіп, жаңа кеңес автономиясын құрысады. Сол кеңес автономиясының алғашқы комиссарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Онымен бір үстел басында «Қазақ» газеті сынаған Әліби Жангелдин отырады. Міне, осының бәрі қазіргі ғалымдарды терең де салиқалы ойға жетелеуі керек. Айналып келгенде, бұған ұлттық бірліктің өресімен қарау қажет.

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ XX ҒАСЫРДАН БАСТАЛҒАН

– Сол кездегі қазақ жастары өте белсенді. Уақыт көшінен қалмай, жаңа технологияны меңгеруге ұмтылған. Шығандап шетелге оқуға баруға ұмтылған. Осы бір тақырып неге көп қозғалмайды?
– Кез келген жерде жастар – жаңашылдықтың бастауы. Аға толқынға жастар бірнәрсені бүлдіргендей көрінеді. Ол «бүлдіру» көбінесе жақсылыққа қарай жүреді. Алаш қозғалысының ішінде жастар қанаты жұмыс істеген. Оның тарихы 1914-1915 жылдардан басталады. Сол кезде «Бірлік» деген ұйым болған. 1917 жылдары Қазақстан көлемінде 20 шақты жастар ұйымы жұмыс істеген. Осылардың бәрі шығармашылық бағытты ұстанып, халықты оятуды көздеген. 1918 жылы Омбыда қазақ жастарының съезі ұйымдастырылады. Сонда барлық жастар ұйымдары «Жас азамат» деген ұйымға бірігеді. Бұған Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов қатысқан. Жалынды жастар сол кезде заманауи жаңа технологияны меңгеру бағытында жұмыс істеуіміз керек деген мақсат қояды. Онда Ресейде де технология соншалықты дамымаған. Жастарда шетелге барып оқып, олардың дамыған технологиясымен танысу туралы ой болған. Ұйымның «Жас азамат» газетін қарап отырсаңыз, онда технологияға байланысты шетелдің озық тәжірибесі көп айтылады. 1921 жылы Смағұл Сәдуа­қасұлы бастаған бір топ жас қайраткер Қазақ облыстық партия комитетіне Германияға барып оқуға рұқсат сұрап, хат жазады. Бұларға рұқсат берілмейді. 1922 жылы Түркістандағы (Ташкент) Тұрар Рысқұлов Мәскеуге дәлелдеп, 40-тан астам жасты Германияға оқуға жібереді. Соның бес-алтауы – қазақ. 1924 жылы Тұрар оларды іздеп барады. Ол туралы мақала да жазады. Осы оқиғалардың бәрі НКВД хаттамасына түсіп отырған. Біраз өзбек жасы елге оралмаған. Олар сол жақта үлкен қайраткер болып қалыптасты. Елге оралған азаматтарды кейін Мұстафа Шоқаймен жолығып тұрды деп кінәлаған. Әлгі қырықтың барлығы дерлік репрессияланды. Арасында қыз­дар да бар. Бүгінгі «Болашақ» бағдарламасы сынды жасампаз ой негізі ХХ ғасырдың 20-жылдары өрбігені тағылымды деп есептейміз.
– Алаш – ұлттың рухы. Оны айтқан кезде кез келген қаны бар қазақ арқаланып кетеді. Бірақ біз осы бір ардақты тұлғалардың жанқиярлық еңбектерін дәріптеп, қадірлеп жүрміз бе?
– Бұл жерде мәселені төтесінен қойған жөн. Кеңестік психологиядан арылуымыз қажет. Бәрін мемлекет жасайды, үкіметтің қаулысы керек деп алақан жайып, немесе жер-көкті сынап, өткенге байланысты зар еңіреп, кінәліні іздеу қажет емес. «Ресей империясының құрамында болдық» дейміз, сол елдің Алаш зиялылары айтқан өнегелі де тарихы бар. Мысалы, ХІХ ғасырда орнатылған еңселі ескерткіштер, мәселен, ­І Петрдің тұлғасы, өзге де зәулім сарайлардың бәрі де қоғамдық негізде көтеріліп, жеке адамдардың қаржысынан пайда болған. Сондай оқиға Алаш кезінде де жүзеге асқан. Дәулетті адамдар жағдайы жоқ азаматтарға қалтасынан ақша шығарып оқытқан. Мысалы, Сәкеннің «Өткен күндер» деген алғашқы кітабы жастардың қаржысына шыққан. Смағұл Сәдуақасұлы дәулеті кем молданың баласы болған. Талаптанып Омбыға келіп, училищеге оқуға түскенде, оған қандас оқушылар әкелері берген қаржыны бөліп беріп, оқытқан. Кейін Смағұл халықшыл болып шықты, қаншама адамға, соның ішінде солтүстіктен батысқа, батыстан солтүстікке жазықсыз айдалған бұрынғы байларға адами жақсылық жасаған. Міне, осындай дүние бізге қазір керек.
– Аға, сізді алаштанушы ғалым ретінде жақсы білеміз. Смағұл Сәдуақасұлы мен Қошке Кемеңгерұлының шығармаларын жинақтап шығардыңыз. Қайраткер Смағұлдың сүйегінің күлін елге әкелуге мұрындық болдыңыз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Таяуда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына байланысты энциклопедиялық бағытта жинақ жарық көреді. Екінші, Макс Кучинский деген германиялық ғалымның «Дала және оның адамдары» атты 1925 жылы неміс тілінде шыққан кітабы бар. Ол қазақ даласын аралап, Шәкәріммен және Әлихан Бөкейханмен байланыс орнатқан. Құнды ойларын жазып алған. Осы жинақты алдағы жылы жұртшылықтың қолына тигізсек дейміз. Одан кейін балалардың ұғымына сай Алаш туралы шағын кітапшалар шығаруды жоспарлап отырмыз. Жақында Италияда болдым. Ол елде 1609 жылдан бері жұмыс істейтін Амброзиана кітапханасында болып, ғылыми жиындарында рухани жаңғыруға байланысты баяндама жасадым. Сол жерде Ә.Бөкейхан идеясын жеткізуге тырыстым. Аталған руханият ордасында Абайды, Шоқанды, Яссауиді аударған Эдуардо Канетта деген ғалым бар. Сол кісімен Әлихан, Ахмет, Мұстафа еңбектерін бір том етіп итальян тіліне аударып жариялауды уағдаласып келдік. Алдағы 24 қарашада Ғази университетімен Стамбулда Алашқа қатысты конференция ұйымдастырамыз. Алаш туралы мақала жазып, кітап шығару, түрлі шаралар ұйымдастыру бәріміздің парызымыз секілді елдік іс болып тұр.
–Аға, риясыз ақтарылып айт­қан әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған