«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Денсаулықты сақтау шарасы

0 33

Елордада салауатты өмір салтын насихаттау бойынша халыққа және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге шараға келген әр адам консультациялық-диаг­ностикалық тексеруден өтіп, қан қысымы мен салмағын өлшеп өз денсаулығының жалпылама көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік алды. Шартты түрде «Денсаулық қалашығын» құрып, онда елордалық медицина ұйымдарының мамандары тұрғындарға кеңес берді.
Шараға тартылған елорда ерік­тілері көпшілікке дене шы­нық­тыру жаттығуларын жүргізіп, тақырыптық флэш-моб, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсету шеберліктерін де өткізді.

Жас мамандар баспаналы болды

«Жанұя» отбасылық дәрігерлік орталығы қаланың шеткі аудандарында да тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Бараев, Өндіріс, Қосшы, Қоянды елді мекендерінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Қазіргі таңда емханаға тіркел­ген азаматтар саны 41 200-ге жеткен. Орталықтың барлық бөлімшеле­рінде тұрғындарға алғашқы медициналық-санитариялық қызмет ұсынып келеді.
Мұнда күндізгі стационар да қарас­тырылған. Сонымен бірге, лабораториялық диагностика, иммунопрофилактикалық қызметтері жұмыс істейді. Биыл мекемеде екі бірдей «Ана мен бала» бөлмесін ашып, жедел жәрдем көлігін алды. Ал келер жылы рентген құралы үшін бөлме ашу жоспарланған. «Жанұя» отбасылық дәрігерлік амбулатория­лары тұрғындарға қызмет көрсету мақсатында 100 пайыз медициналық құрал-­жабдықпен жарақтандырылған. «Жас мамандар түгел дерлік баспанамен қамтамасыз етілді» деп хабарлады орталықтың директоры Гүлмира Бикетова.

Есірткіге қарсы үгіт

Наркология және психотерапия орталығында халықаралық наша­қорлықпен күрес күнінде өткізілген шараға 300-ге жуық адам қатысты. Есірткіге тәуелділік мәселелері бо­йынша 70 адам білікті мамандардың кеңесін алды. Сондай-ақ 30-дан аса акция қатысушылары ағзадағы психотропты заттардың бар-жоғына тегін тестілеуден өтті.
Орталықтың фойесінде есірткіге қарсы тақырыптық фильм көрсетіліп, психоактивті заттардың залалы бойынша ақпараттық және оқу материалдарын таратты, салауатты өмір салты насихатталды.
– Бүгінгі ұйымдастырып отыр­ған ашық есіктер күні барлық келушілер мен қатысушыларға тиімді өткеніне, өз сұрақтарына жауап таба алған пайдалы күн болғанына сенімдіміз, – деді орталықтың бас дәрігері Ольга Комарова.

Қатер жоқ демеңіз…

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді аурухана базасында төтенше жағдай кезінде адамдарды құтқару және денсаулығын сақтау жөнінде кешенді-жаттығу сабақтары өткізілді. Осындай оқыту іс-қимылдардың дәйекті тетігін әзірлеуге, сондай-ақ жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес келетін төтенше жағдайлар кезінде үш ауқымды алгоритмді тестілеу жүргізуге мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара Денсаулық сақтау министрлігінің, «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы», сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен
ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды