«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Демалыс күндері су неге тоқтап қалады?

0 49

«Пригород» тұрғын алабын қара күйе басып кетті. Бұл мәселе Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьяновтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында көтерілді.

Аудан әкімінің бір жыл бойы атқарылған жұмыстар мен ал­дағы жоспарлары туралы баян­дамасынан кейін сөз алған «Пригород» тұрғын алабының тұрғыны Венера Фаттахова бірнеше түйткілді тарқатты.
– Сенбі-жексенбі және мерекелік демалыс күндері бізде су тоқтап қалады. «Астана су арнасына» талай мәрте хат жаздық, бірақ жауап болмады. Бұл – бір. Содан соң жаңадан салынған қазандық мұржасы бұрынғысынан төмен болғандықтан, одан шығатын түтіннен көшенің бәрі қара күйе болып, үйіміздің дәлізіне дейін ластанып жатыр. Сондай-ақ бұрын жыл сайын «Пригородта» балаларға арналған мұз қалашығы салынатын. Биыл бұл қарастырылмады, – деді В.Фаттахова.
Саяжайда тұратын 6 баланың анасы Мәншүк Намазбекова балаларын өз үйіне тіркете алмай жатқанын айтып қапаланды. Әкімнен бұл маңдағы саяжай үйлерінің қашан сү­рілетінін сұраған ол осы мәселені шешіп беруді өтінді. Ал Зәуреш Халимова есімді тұрғын пәтерінің терезесін құрылыс компаниясының дұрыс салмауының кесірінен қыс ортасында қазір үйінің қабырғасына мұз қатқанын айтып шағымданды. Бұдан бөлек тұрғындар жол мен көше жарығының, көлік тұрақтарының мәселелерін сөз етті. Өз кезегінде зейнеткер Болат қажы Балтабаев осы ай­да электр энергиясы қызмет құнының күрт қымбаттап, коммуналдық төлемақыға 27 мың теңге төлегенін айтып, тарифке қатысты наразылығын білдірді.


Әр тұрғынның сауалына кезекпе-кезек жауап берген Төлеген Закарьянов барлық өтініш-тілекті назардан тыс қал­дырмайтынын айта келіп, кейбір мәселенің оңды шешімін тауып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл мұнда көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Бірде жанып, тағы бірде сөніп тұратын тозығы жеткен шамдардың орнына энергия үнемдегіш жарық диодты шамдар орнатылмақ.
– Саяжайды сүру жоспарда қарастырылған. Бірақ оның нақты қашан жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз. Ал тіркеу жөнінде құзырлы органдардан сұрастырып көрейік. Бұл мәселе бақылауымызда болады. Сол сияқты су мәселесі жайлы бұдан былай алаңдамай-ақ қойыңыздар. Ол жағы алдағы уақытта шешіледі. Автотұрақ, балабақша мен мектеп мәселесі де жоспар бойынша реттеледі. Жалпы, мен мұндағы барлық мәселеден хабардармын, – деген аудан әкімі «Пригород» тұрғын алабының жанындағы «Есіл-Нұра» арнасына былтыр 7 адамның ағып кеткенін еске салып, аталмыш арнаға қорған салуға жауапты мамандардың салғырттық танытқанын қатаң сынға алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды