«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дау-дамай себептері түсіндірілді

0 76

«Әбу-Даби Плаза» құрылыс кешенінде еңбек етіп жүрген бірқатар жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығарылуының себептерін түсіндіру жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.

Жалпы, 5 корпустан тұратын нысанның төртеуінің құрылысы аяқталған. Мамандардың айтуынша, құрылысы енді аяқталуы тиіс соңғы корпустың ғимараты техникалық тұрғыдан мамандардың ерекше дайындықтан өтуін талап етеді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан қосалқы мердігерлердің белгілі бір деңгейдегі сапа сертификаты бар көрінеді.
– «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысы жуырда аяқталады. Осыған орай, нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстардың көлемі күннен-күнге азайып келеді. Жұмыс көлемін қысқарту үдерісін еңбек инспекциясы қатаң бақылауға алды. Бұл – көрікті де зәулім нысан. ТМД аумағында бұған ұқсас ешқандай ғимарат әзірге жоқ. Сол себепті біз нысанда орын алып жатқан оқиғаға түсіністікпен қарауымыз керек, – деді Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов. – Бұл жердегі қауіпсіздік техникасы, қызметі, жалпы жұмыс дұрыс жүргізіліп жатыр. Әр маман өзінің жұмысын жақсы біледі, оған жауапкершілікпен қарайды. Ал дау-дамайға қатысты айтар болсақ, төрт компанияның жұмысы қысқарды. 19 қаңтарда қосалқы мердігерлік ұйымдар тарапынан жұмыс көлемінің азайғаны туралы хабардар етілді. Өз кезегінде қосалқы мердігерлік ұйымдар өз жұмысшыларына жағдайды түсіндіруі керек болатын. Тағы да бір айта кететін жайт, дау-дамай шығарып жүрген бұл жұмысшылар штатта жұмыс істейтін қызметкерлер емес. Олар тек жұмыс көлеміне қарай еңбек етіп, нәпақа тапқан.
Қазіргі таңда аталмыш мәселені арнайы құрылған жұмыс тобы өз қарауына алған. Жұмыс тобының құрамында құқық қорғау органдары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері бар. Нысанға барып, төлемдер, жұмысқа алу, келісімшарттарды бұзу туралы бұйрықтардың барлығын тексеру жұмысы басталғанын айтқан Ермек Оспанов, қажет болса, жұмыс тобы тергеу нәтижелерімен де таныстыратынын атап өтті.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда «Әбу-Даби Плаза» құрылыс кешенінде 4453 адам еңбек етеді. Оның 3288-і келісім негізіндегі штатта жұмыс істейді. Жұмысшылардың 2248-і шетелдіктер болса, 860-ы – қазақстандық. Айта кету керек, салынып жатқан нысанда 87 қосалқы мердігерлік ұйым жұмыс істесе, оның 86-сы отандық компаниялар екен.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды