«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәстүрлі ән мектепке емес, сарынға бөлінуі керек

0 124

Сан ғасырдан бері ауыздан ауызға тарап, бабаларымыздан мұра боп келе жатқан халық әндерінің қаймағын бұзбай, сонау Ақан сері, Біржан сал, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды дүлдүлдердің жолын жалғап, төл өнеріміз дәстүрлі ән­дерді насихаттаушылардың қатары бүгін де аз емес. Солардың бірі – ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері, «Шабыт» халықаралық фес­тивалінің «Дәстүрлі ән» номинациясы бо­йынша тұңғыш Гран-при иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Айтбек Ны­ғызбаев. Өміршең өнер иесімен дәстүрлі әннің кешегісі және бүгінгісі һәм келешегі, қазіргі уақыттағы насихатталуы мен даму деңгейі тұрғысында сұхбат құрдық.

Қазақтың төлмузыкасына насихат жетіспейді

– Айтбек Жақсылықұлы, қазіргі уақытта көпшілік қазақтың ән өнерін «Арқа», «Жетісу», «Сыр», «Батыс», «Шығыс» деп өңірлік мектептерге бөліп жүр. Бұл дұрыс па?
– Әрине, дұрыс емес. Негізі ән өнерінің дәстүрі мен мәнеріне қарай мектепке емес, «Жетісу сарыны», «Арқа сарыны» деген сияқты тек сарынға ғана бөлінгені жөн. Ал мектеп сол сарынның ішіндегі жеке орындаушының мәнеріне қарай жіктеледі. Мысалы, Байғабыл Жыл­қыбаев, Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Қайрат Байбосынов, Қо­сымжан Бабақовтардың орындаушылық ерекше­ліктері бір-біріне ұқ­са­майды. Олардың әрқай­сысы бір әнді әртүрлі орын­дай­ды, тіпті домбыра сүйемелдегендеріне дейін өзгеше. Бірақ әуен мүлде өзгермейді. Олар­дың әрқайсысы – бір-бір мектеп. Мен Қайрат Байбосыновтың мектебін жалғастырушымын. Ал Қайрат Байбосынов Жү­сіпбек Елебековтің шек­пенінен шыққан.
– Ал халық әндерінің насихатталу жағы бұрын қалай болып еді, қазір қалай?
– Қазір қазақтың клас­сикалық халық әндерін насихаттау жағы жетіспей жатыр. Теледидардан көрейін десең, кілең жеңіл-желпі дүниелер. Дәстүрлі ән концертін тек түннің ортасында көрсетеді. Ол уақытта балалардың барлығы шырт ұйқыда жатады. Соған қарным ашады. Дегенмен радио-телеарналарды да кінәлай беруге болмас. Қанша айтқанмен нарық заманы ғой. Бірақ бала тәрбиесі бәрінен де қымбат екенін естен шығармау керек.
Ал бұрын халық әндерінің насихатталуы басқаша еді. Айлап гастрольдік сапарға шығатынбыз. Мысалы, 3 айдың ішінде өнер ұжымдарына 40 концерт қою жоспарланатын. Өңір-өңірге, ауыл-ауылға дейін барып концерт қоятынбыз. Билет құны да қолжетімді болды. Біз кеткеннен соң сол елді мекенге басқа облыстың өнерпаздары баратын. Осылайша, ауылды жерлерде де концерт үзілмейтін. Қазір ауылға көп ешкім концерт қоюға бара бермейді. Жалпы, халық әні тыңдармандарының көбі – ауылдың адамдары.
Астаналықтар ондай концертке көп келмейді, шыны керек. Залдың толып отырғанын бір көрмейсіз. Оның бір себебі елордалықтардың күні жанталаспен өтіп жатқандықтан болар. Астананы тұрақтайтындардың көбі – жан-жақтан жұмыс істеп, табыс табуға келгендер немесе министрлік мамандары сияқты лауазымды қызметтегі адамдар ғой. Олардың концертке келетін уақыттары да жоқ шығар. Бір жағы насихаттың аздығы да әсер етуі мүмкін. Ал басқа қалаларда халық әндеріне деген қызығушылықты бірден байқайсыз. Бұл тек елордадағы «бір кем дүние» шығар. Әйтпесе, Астананы жақсы көремін. Мен үшін бұл қаланың орны бөлек. Өйткені Астанамен бірге жасасып келемін.
– Астанаға қашан көшіп келіп едіңіз? Қала несімен ұнайды?
– Жалпы, бұл жерге ең алғаш рет 1994 жылы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына келген болатынмын. Ол кезде мұнда орыстар әлі де үстемдік құрып тұрғандай көрінді. Елорданың Сары­арқаның төсіне көшіп ке­луінің арқасында сол­түстік аймақтар едәуір қазақыланып қалды. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Ал Астана құрылған жылы, яғни 1998 жылы «Шабыт» фестивалі алғаш рет шымылдық түрген болатын. Осы байқауға келіп қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Концерт аяқталған соң Еуразия ұлттық университетінің сол кездегі ректоры Амангелді Құсайынов мені осы оқу орнындағы музыка кафедрасына жұмысқа шақырды. Араға бір жыл салып, 1999 жылы Астанаға қоныс аудардым. Содан 19-20 жылдан бері осындамын. Қала көз алдымызда салынды. Қазір бос уақытымда Есіл өзенінің жағалауында жүргенді ұнатамын.

Байқаулардың қадірі қашып барады

– «Шабыт» фестива­ліндегі «Дәстүрлі ән» номинациясының екі жылда бір рет өтуіне наразы болып жүргендер бар. Бұған сіз не дейсіз?
– «Шабыт» фестиваліндегі «Дәстүрлі ән» номинация­сы бұрын жыл сайын өткізілетін. Қазір екі жылда бір рет өтетін болыпты. Мен мұны дұрыс деп санаймын. Маған салса, тіпті 4 жылда бір рет өткізуді қалар едім. Себебі мұндай үлкен байқау жыл сайын өте берсе, небір мықтылар оған ең алғашқы жылы-ақ қатысып, соның 5-6-ы лауреат атанып кетеді де, олар келесі жылы бұған қатыса алмайды. Содан келесі жылында ортаңғы топтағы әншілер қатысып, лауреат атанады. Одан кейінгі жылы төменгі деңгейлі әншілер жеңімпаз болады. Осылайша, аты дардай байқаудың қадірі қашады. Қазіргі уақытта осындай байқаулар көбейіп кетті. Бір жағы ол да дұрыс шығар. Себебі әншілер де шыңдалады. Екіншіден, көрермен де дәстүрлі әннен сусындап қайтады.
– Нағыз дәстүрлі әнші қандай болуы керек?
– Қазақтың ұлттық дүние­сін көздің қарашығындай сақтап, бабаларымыздан мұра боп қалған тарихи әндерімізді өзгертпей, сол қалпында ұрпаққа аманаттау – әрқайсымыз үшін үлкен міндет. Ал дәстүрлі әннің төңірегінде жүргендерге жауапкершілік екі-үш есе көбірек жүк­теледі. Сондықтан дәстүрлі әнші ең алдымен қарапайым болуы тиіс. Мысалы, ұс­тазым Қайрат Байбосынов өте қарапайым адам. Ол кісі тіпті бойында сондай өнердің бар екенін өзі де байқамауы мүмкін.
Сонымен қатар әннің мәтініне, оның авторына ерекше мән берген жөн. Ежелден келе жатқан ха­лық әндеріне автор таңу­дың мүлде қажеті жоқ. Қазір өз руына тартатын «пысықайлар» кейбір халық әніне автор ретінде өз аталарының атын қоятын болыпты. Жалпы, бізде Кеңес идеологиясының кесірінен көптеген халық әндері өзгеріске ұшыраған. Осыған байланысты Ғылым академиясының мұрағатынан қарап, содан соң әндерге қатысы бар Балқадиша сияқты тұлғалардың ұрпақтарынан сұрастырып, өзгеріске ұшыраған әндерді қалпына келтіріп, «Сыр сандық» атты қазақ әндерінің антологиясын құрастырып шығардық. Оған ұстазым Қайрат Байбосыновтың репертуарындағы 500-ден аса ән енгізілді.

Қазіргі эстрадада таза қазақылық жоқ

– Қазақ музыкасының жанашыры ретінде қазіргі есерсоқ әндердің көбеюіне не себеп болып жатыр деп ойлайсыз?
– Қазақтың тарихы – қазақтың музыкасында. Мысалы, «Елім-ай» әні 1723 жылы Ақтабан шұбырындыда шықты. Бұл тарихи әнді халық әлі күнге дейін ұмытқан емес. Неге? Өйткені ол – қазақтың тарихы. Қазіргі әннің қадірінің кетіп бара жатқанының себебі тақырыппен ән жаздыру пайда болды. Бұрын олай емес-тұғын. Ол заманда қазақтың композиторлары жайдан-жай ән жаза салмаған. Бұрын ән белгілі бір уақиғаға байланысты туындайтын. Қазіргі жастардың көбі ән мәтінінің мағынасына да көңіл бөле бермейді. Өткенде «Сенің жатақханаңның алдына келдім, Сен шықпадың. Күтіп отырмын» деген сияқты әнді де құлағым шалды. Айтыңызшы, мұндай ән бола ма? Осыған жүрегім ауы­рады. Бірақ қазір сондай әндер радио мен теледидардан үзбей берілетін болды. Мейлі, оны қызғанбаймын да. Бірақ өсіп келе жатқан ұрпақ үшін алаңдаймын. Мұндай әндер олардың ойын бұзады. Көлікте келе жатқанда осындай әндер естілсе, «балам тыңдап қоймасын» деп, радионы бірден өшіріп тастаймын. Өйткені балаға не нәрсенің бәрі тез жұғады.
Онымен қоймай, эстрада мен дәстүрлі әнді салыстырып жататындар да кездеседі. Алайда бұл екеуін мүлде салыстыруға келмейді. Олар ешқашан қабыспайды да. Эстрада, ол – бөлек жанр. Бұл жанрдағы әуендер жеңіл келеді. Оны тыңдаған адамның аяғы қозғалып, билегісі келіп тұрады. Сондықтан жеңіл әндердің ғұмыры да ұзаққа бармайды. Олар тарих болып та қалмайды. Мұндай әндердің ғұмыры – ары кетсе, 4-5 жыл ғана. Ал халық әндері, дәстүрлі әндер мәңгілік жасайды. Оны қанша тыңдаса да, жұрт жалықпайды. Халық әндері адамды елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелейді.
Әлбетте, эстрада әндерін айтқылары келгендер айта берсін. Оған еш таласымыз жоқ. Бірақ эстрада әншілері әннің мазмұнын көбіне өзгертіп жібереді. Не қазақ емес, не өзбек емес, не басқа емес. Оларда еліктеушілік көп, таза қазақылық жоқ. Ал эстрадада қазақылықтың қаймағын бұзбай, ұлттық болмыстан айырылмаған әншілер деп «Дос-Мұқасан» тобы мен Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиеваларды айтуға болады. Одан кейінгі буынның ішінде «МузАрт»-қа көңілім толады. Басқаларын біл­меймін. Содан соң сазгерлер де «мен 10 ән, 20 ән жаздым» деп сан қумау керек. Бір-ақ әнімен тарихта қалатындар бар. Мысалы, Әбікен Хасенов «Қоңыр» деп аталатын бір-ақ күйімен тарихта қалды.

10 жылғы оқудан соң сахнаға шығуға кеш болады

– Дәстүрлі әнмен сусындап өсіп келе жатқан жас­тарды оқытуда кемшін тұстар бар ма? Болса қан­дай?
– 2004-2005 жылдары Еуразия университетіндегі музыкалық кафедра жабылды. Сол кафедраның бір артықшылығы – жас­тардың мектепті бітіре салып, оқуға тапсыруға мүмкіндіктері бар еді. Ал қазір Қазақ ұлттық өнер университетіне түсу үшін міндетті түрде музыкалық білім талап етіледі. Әрине, оқыған да дұрыс шығар. Себебі баланың ноталық сауаттылығы жоғары болады. Даусы қойылады. Бірақ кейбір талантты балалар ән айтатын уақыттан өтіп кетіп жатады. Мысалы, қазір мектеп бітірген 18-дегі бала 4 жыл колледжде, одан кейін тағы 4 жыл университетте, 2 жыл магистратурада білім алса, оқуын аяқтағанда 28-ге толады. Оның нағыз ән айтатын кезі оқумен кетеді. Біз кезінде Алматыдағы эстрада цирк студиясында екі-ақ жыл оқыдық. Сол кездегі оқыту бағдарламасы мүлде бөлек еді. Бірден сахнаға да­йындайтын. Ұстаздарымыз Жәнібек Кәрменовтің де, Қайрат Байбосыновтың да сабақ өткізу әдістемесі тым өзгеше еді.
Жалпы, талантты бала­лардың көбі ауылдан шы­ғады. Ал қаланың балаларын көп жағдайда ата-аналары күштеп әкеледі. Сондай балаларға обал. Өйткені өзі қаламағаннан кейін бәрібір одан әнші шықпайды. Тіпті консерваторияны бітіріп, даусын қоя алмай кеткен жастарды да көзім көрді. Алайда олар жиын-тойдан әрі аса алмады. Ондайлар теориялық білім беретін жақсы мұғалім болуы мүмкін.

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды