«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәрігерлерді дайындауға ерекше көңіл бөлу керек

0 43

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының Әлеуметтік-­мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­сы бір жылдық жұмысының қорытындысын шығарды. Осы уақыт аралығында атқарылған істер жайында комиссия төрағасы Мәжит Шайдаровпен сұхбаттастық.

– Мәжит Зейноллаұлы, былтырдан бастап осы күндерге дейін комиссия жұмысында негізінен қандай мәселелерге көңіл бөлдіңіздер?
– Өткен жылы жұмысымызда Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік саласына инновациялық технологияларды енгізу, мектептегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мүгедектерге,
әйелдерге, жалпы елорда тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету, отбасын қорғау мәселелері ерекше орын алды.
– Білім беру мен денсаулық сақтау салалары бойынша бас қалада жақсы бастамалар бар. Алайда түйткілдер де жоқ емес. Оларды шешу үшін сіздердің тарапыңыздан қандай ұсыныс­тар болды?
– Елорда халқы жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Қазір қала тұрғындарының саны 1 мил­лион адамнан асқанын білесіздер. Жиырма жылға жетер-жетпес уақыт ішінде халық саны осыншама өсетінін ешкім болжамаған еді. Барлық түйткілдер содан туындап отыр. Соның ішінде оқушыларды мектеппен қамту мәселесі де аса өзекті мәселелердің қатарынан көрінді.
Осы орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін енгізу арқылы жаңа білім беру нысандарын салуды ұсынып, қала мектептеріне арналған тамақтандыру комбинатын салу мәселесін көтердік. Бірқатар мектептер бұл күндері апатты жағдайға жетті. Сондай-ақ, оқушыларды әрең сыйдырып отырған орта білім беру мекемелері де бар. Соған байланысты №8 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселесін, №75 мектеп-лицейге қосымша ғимарат пен Өндіріс тұрғын алабында орта мектеп салуды ерекше бақылауға алуға жауапты органдардың назарын аудардық.
– Ауруханалардың жағда­йына, емханалардағы бітпейтін кезекке, дәрігерлердің сапасына қатысты халық та­рапынан жиі сын айтылады. Өзіңіздің мамандығыңыз – дәрігер. Сондықтан денсаулық сақтау саласының түйткілдерін өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын. Осыған байланысты қа­лалық мәслихат отырыстарында қандай мәселелерді көтердіңіздер?

– Алдында айтқанымдай, елорда тұрғындарының саны едәуір артты. Сырттан да бас қалаға емделуге келетін халық көп. Десек те, адамдарды алаламауымыз керек. Мәселен, елордаға Ақмола облысына қарайтын елді мекендер тиіп тұр. Осы елді мекен тұрғындарына ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі аясында жағдай тудыру керек деп есептеймін. Бұл мәселені Нұр-Сұлтан қаласының медициналық ұйымдары Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп шешуі қажет. Ал емханалардағы кезекке келсек, қазіргі цифрландыру заманында оны шешудің жолдары да қолға алынып жатыр.
Дәрігерлердің сапасына келсек, оларды дайындауға ерекше көңіл бөлу керек. Осы орайда қаладағы медициналық білім беретін арнаулы және жоғары оқу орындары оқытушыларының құрамын үнемі жетілдіріп отырып, дәрігерлерді оқытудың деңгейін көтеру керек. Кәсіби мамандар сол кезде көптеп шығады.


– Мүгедектер мәселесі дүркін-дүркін көтеріліп жатады. Мәслихатта оларды қолдау бағытында қандай ұсыныстар болды? Жалпы, бұл бағытта шешімін күтіп тұрған қандай мәселелер бар?
– Мәслихаттың тікелей араласуымен мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің біріне қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілді. Бірақ бұл тарапта әлі де өзекті мәселелер бар. Жыл сайын мүгедектікті растау және мерзімін созу бойынша түйткілдер туындап жатады. Әсіресе, бала кезінде тағайындалған немесе ағзада­ғы ауыр өзгерістермен байланысты мүгедектікке қатысты жағдай күрделі болып тұр. Қимыл-­қозғалысы қиын балаларды арбалармен қамту жағы да жолға қойылмаған. Оларға берілетін арбалар тиісті талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан мүгедек балалардың омыртқалары қисайып, жамбас буындарында ауытқушылықтар орын алып жатады. Осы орайда қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныс-хат жазу ұсынылды.
– Қалалық мәслихат отырыс­тарының бірінде аутизмге шалдыққан балалардың мәселесі қаралғаны есімізде. Осыған қатысты да біраз түйткіл бар сияқты…
– Елорда мәслихатына аутизм­ге шалдыққан ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жетімдерді қолдаумен айналысатын қоғамдық қордан өтініш келіп түсті. Осы ұйымнан емханаларда аталмыш ауруды бастапқы кезеңде анықтау мүмкіндігі жа­салмағаны, мектептер мен бала­бақшаларда инклюзивті топ­тардың мүлде жоқтығы неме­се жетіспейтіні, сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімдеу жұмысындағы түйткілдер анықталды.
Атап айтқанда, аутизм диаг­нозы қойылған балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес бағыты бойынша тегін бейімдеу курсынан өту үшін бейімдеу орталықтары мен денсаулығын түзету каби­неттеріне 1 жыл және осы мер­­зімнен көп уақыт кезекте тұруы керек екен. Осы мәселелерді шешуіміз қажет. Қалалық мәслихаттың Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы аталмыш ауруға қатысты мәселелердің бәрін бақылауына алды.
– Халқымызда «Ұяда не көр­сең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Адамның толыққанды азамат болып қалыптасуына отбасында алған тәрбиесі әсерін тигізетіні белгілі. Алайда қазір отбасылық құндылықтарға жіті назар аударылмай келе жатқан секілді. Сол себептен жаға ұстататын оқиғаларды жиі естіп жатамыз. Осыған не дейсіз?
– Мәслихатта гендерлік саясатты іске асыру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Осы отырыста жас отбасыларға балаларды жоспарлау мен тәрбиелеу, ажырасудың алдын алу бойынша психологиялық және консультативтік көмек көрсету керектігіне назар аудардық. Қаланың атқарушы органдары бұл мәселе бойынша кешенді жоспар құруы керек деп есептейміз.
Отбасылық және гендерлік жобаларды дайындап, жүзеге асыру жұмысы мемлекеттік-­жекеменшік әріптестік негізінде атқарылса, артық болмайды. Соның ішінде жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жоғары білім алуға жағдай тудыру қажет.
– Жас отбасылар деп қалдыңыз, биыл Жастар жылы екені белгілі. Осы орайда қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында жастар саясаты мәселелерін де талқыладық. Сол кезде жастарды не толғандыратынын анықтадық. Оларды ең алдымен жұмысқа тұру мәселесі мазалайды екен. Сондай-ақ, студенттерді жатақ­ханамен қамту мәселесі де өзекті. Аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің комиссия оларды бақылауына алды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды