«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәрігерді кім қорғайды?

0 479

Қазіргі күнде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйе­сі туралы» жаңа Кодекс жобасы талқылану үстінде. Денсаулық сақтау саласын жүйелендіретін маңызды жобада қамтылмаған, осы орайда дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру мәселесін көтеру туралы «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бақытжан Тәжібай пікірін білдірген еді.

– Салалық кәсіподақ Үкіметке хат жолдап, медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл қаншалықты өзекті?
– Бүгінде дәрігерлер тарапынан емделушінің өміріне, денсаулығына тікелей, жанама түрде залалын тигізген жағдайлар жиі айтылып жүр. Бұл медицинада жаңалық емес, кәсіби қателік деп аталады.
Медицина қызметкерінің емделушінің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру ниеті болмай, білмес­тікпен жаңылысуы не түрлі фак­торлардың әсерінен кісі өлімі болған жағдайды айтады.
Алайда дәрігерлік қателіктер жайлы ресми статистика жүргізілмейді, пациенттердің және медицина қызметкерлерінің құ­қық­тарын қорғауда арнайы нормативтік-құқықтық актілер жоқ. Сондықтан мұндай жағ­дайлар пациенттерден түскен шағымдар бойынша бағаланады. Дау туындай қалса, әр ұжымдағы қызмет сапасын бақылаушы ресми маман жағдайды ушықтырмауға мүдделі болады.
– Адам ауыр операциядан тұрмаса, басқа да факторлардан мүгедек болып, кісі өліміне апарса алдымен дәрігерді айыптаймыз. Кәсіподақ осындай дәрігерлерді қорғай ма?
– Мұнсыз болмайды. Онсыз ажалмен күнде бетпе-бет келе­тін хирургия, акушерлік, реа­ни­мация сияқты салада маман­дар тұрақтамайтын болады. Сол себепті тәуекелге бел буған дәрігер өз ісі үшін жауапкершілігі бір басында ғана болмауы керек. Ол жұмыс істейтін мекеме, сақтандыру ұйы­мы, дәрігерлер қауымдастығы анық-қанығын шешуге мүдделі болуы керек. Сол кезде кісі өлімі дәрігердің жауапсыздығынан, білместігінен бе әлде жұмыс барысы дұрыс ұйымдастырылмады ма, бәлкім, жүйенің ақауы болды ма, соны анықтайды. Келешекте осы тәжірибеден сабақ алып, оны болдырмаудың жолын жасайды. Денсаулық сақтау саласын дамытатын да – осы тәжірибе. Егер дәрігер қателігі еш жерде тіркелмей, өз арасында талқыға түспей, оған жауаптылардан сұралмаса, медицина тоқырай бастайды.
Қазіргі күнде жауырды жаба тоқып, қателік кетсе, жасыруға тырысады. Жалпы, күрделі ота ке­зінде не басқа да ауыр нау­қас­қа дәрігерлік көмек кезінде нау­қастың өлімінсіз болуы сирек жағ­дай. Осы себепті, тәуекел еткен дәрі­­гердің әрекеті сақтандырылуы тиіс.
Шетелде дәрігерден келген шығынды сақтандыру мекемесі мойнына алып, дәрігер жұмыс істейтін ұйым өз жұмысын қайта қарайды. Егер маманның біліктігі төмен болса, оны оқуға жіберіп біліктілігін арттыруға, жүйедегі олқылықтарды түзеу­ге барын салады. Осылайша медициналық қызмет көрсету сапасы жоғарылайды.
– Сақтандырылмаған жағ­дайда неден ұтыламыз?
– Біріншіден, дәрігерлер шешуші сәттерде тәуекелге бара алмайды, өйткені екі қолы байлаулы, жағдайға қарай өзгеше шешім қабылдаудан, жауапкершілікті мойнына алудан қорқады. Арты ауыр болса, дәрігер сотталып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да он жылдан аса уақыт оқып, бар ғұмырын медицинаға арнаған маманның бір қателік үшін түрмеде тоғытылғанынан гөрі, оның тәжірибесін ұштап, біліктілігін арттыруға жағдай жасалған жөн. Адам жанының арашасы болу оңай іс емес. Қоғам тарапынан түсіністік болып, бүкіл бір жүйе­нің қолдауы болғанда ғана оның біліктілігі ұшталады. Осындай ажалдың бетіне тура қарап, от пен судан өтіп шыңдалған мамандар медициналық қызметтің сапасын арттыратын болады. «Жатқан тастың астынан су ақпайды» деп халық бекер айтпаған. Қарекетсіз адам ғана қателік жібермейтінін түсінген жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды