-->

ДАНИЯР ЕЛЕУСІНОВ: БАЛАМНЫҢ БОКСШЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙМЫН

pogudx3luf6k90h7b-562ab720

“Астана ақшамы” газетінің дәстүрлі “Оқырманнан он сұрақ” айдарының бұл жолғы қонағы – Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов. Алтын жүлдесімен ел абыройын асырған жеңімпаз оқырмандарымыздың жолдаған он сауалына жауабын берді.

Мақсат Патсабаев, мұғалім:
– Олимпиада шыңын бағындырдыңыз. Ендігі мақсатыңыз қандай? Токиоға барасыз ба? Әлде кәсіпқой боксқа ауысасыз ба?
– Ол туралы әлi ойланған жоқпын. Жақсылап демалып алып, содан соң көремiн.
 
Гүлмира, медбике:
– Өзіңіз боксшылар әулетінде тәрбиелендіңіз. Жеңісіңізге әкеңіздің үлкен еңбегі сіңгенін әрдайым айтып жүресіз. Ағаңыз да бокста бірталай белесті бағындырды. Осы дәстүрді жалғастырып, болашақта сіз де ұлыңызды боксшы етіп тәрбиелейсіз бе?
– Оны уақыт көрсетедi. Өз басым боксшы болғанын қаламаймын. Баламның бойынан ағам екеумiздiң бойымыздан әкем көрген қабiлет пен қасиеттер табылып жатса және бокспен айналысуға өзiнiң қызығушылығы болса, өзінің қалауы болады.
 
Әбдірахман Пернешов:
– Қазақтың салмағы саналған 69 келіде алтын алып, дәстүрді жалғадыңыз. Егер келесі Олимпиадаға қатыспайтын болсаңыз, өзіңіздің ізбасарыңыз ретінде қандай жас боксшыларды атар едіңіз?
– Бұл салмақта боксшылар баршылық. Абылайхан Жүсіпов 69 келiге көтерiлуi мүмкiн. Егер 75 келiге ауысып кетпесе, Асланбек Шымбергенов те бар. Сондай-ақ, Сағадат Рахманқұлов және тағы басқа жас боксшылар шығуы мүмкiн.
 photo_67515
Мирас Бикенов, оқушы:
– Бала Данияр қандай болды? Алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме? Алғашқы алтын медальді қандай турнирде алдыңыз?
– Алғашқы жеңiсiм қалай ұмытылсын?! Бірінші рет Орал қаласының бiрiншiлiгiнде 8 жасымда өзiмнен 2-3 жас үлкен балалар арасында қала чемпионы атандым.
 
Бота:
– Сіздің жақсы боксшы ғана емес, жақсы биші екеніңізден де хабардармыз. Көпшілік интернетте тараған биіңізді ұнатып, бағасын бас бармағымен беріп жатыр. Ол биіңіз үшін неге ұяласыз?
– Бiлмеймiн, қазiр өзiме ерсi көрiнедi.   
 
Нұрлыбек, кәсіпкер:
– Олимпиадада осал қарсылас болмайды. Дегенмен сізге ең қиын қарсылас кім болды? Жартылай финалда қабағыңыз жарылғанда, қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине, финалдық кездесу. Өйткенi жарақатыма соққы тигiзiп алудан қорықтым, егер жарақатыма соққы тиiп қан тоқтамаса, ереже бойынша жеңiс техникалық нокаутпен қарсыласыма берiлуi мүмкiн. Бірақ бұл жағдайдың бір жағынан пайдасы да болды.
 
Салтанат Әбдіразақ, студент:
– Болашақта сізді қандай саладан көруіміз мүмкін? Шәкірт тәрбиелеп, бапкер болу ойыңызда бар ма?
– Әзiрге ойланған жоқпын. Уақыты келген кезде көрермiз. 
 
Бақдәулет:
– Сіз алтын алғанда, бүкіл қазақ қуаныштан бөркін аспанға атты. Газет, сайт, әлеуметтік желілерде ақындар сізге арнап өлең жазды. Сол өлеңдерді оқыдыңыз ба? Оқысаңыз, қандай өлең жолдары есіңізде қалды?
– Ұл туған қазағыма Даниярдай,
Айналдым анасынан Ғалиядай!
Алашқа алтын медаль алып берген,
Еңбегi әкесiнiң дариядай.
Сондай-ақ:
Отырмын шын сезiмге ерiк берiп,
Қоқанды Хиуасымен алдым жеңiп.
Аузымнан әлi жалын от шығады,
Үрейден, ыза-кектен кеткен керiп.
 
Фатима:
– Бокста әділетсіздік жиі жасалатынын көзіміз көріп жүр. Сізге де солай жеңіп тұрған сәтіңізде әділетсіздік жасалған кез болды ма?
– Әрине, болды ондай кездер. Бiрақ қолымды көтермеген кезде, мүмкiн өз деңгейiмде лайықты өнер көрсете алмаған шығармын деп ойладым.
 
Бақыт Өтенов, құрылысшы:
– Баркер кубогынан үміттендіңіз бе? Сіздің ойыңызша, бұл атаққа кім лайық болды?
– Жоқ, үмiттенген жоқпын. Негiзi, менiңше, бұл атаққа кубалық боксшылар Арлен Лопес немесе Робейси Рамирес лайық дер едiм.

Дайындаған: Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*