«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ДАНАЛЫҚҚА ҚҰШТАРЛЫҚ

0 14

АҚЫЛ, АДАМГЕРШІЛІК, ЖӘНЕ КІСІЛІК 

Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын академик Жабайхан Әбділдин алпыс жасқа толғанда тағы бір танымал академик Зейнолла Қабдолов: «Ойшыл туралы ой» деген мақала жазды. Сонда мынадай жолдар бар еді: «Әбділдин-Кант енді бір үш жылда Мәскеу университетінің аспирантурасын оқып-түгесіп, негізінен, сол өзі пір тұтқан ғажайып ойшыл Иммануил Кант диалектикасына иек арта кандидаттық диссертация қорғап еді, анау-мынау фәлсафаға оңай таңдана қоймайтын ақ бас академиктер ауыздарын ашып, көздерін жұмды». Кейіпкерін «Сол кездің өзінде қазақ топырағындағы Кант атана бастаған» деп сипаттаған Зейнолла Қабдолов әйгілі философтың бүкіл болмысын өзі орнықтырған «бүтін бітім» ұғымына орайластырады. Ғұлама ғалымның қазақ ғылымындағы шыққан шырқау биігін ақыл-ой мен ерен еңбектің жемісі деп бағалайды.

Академик Зейнолла Қабдоловтан кейін Жабайхан Әбділдин туралы ой-пікір айту оңай емес. Әйтсе де, ғалымның ғибраты кезеңнен кезеңге, жылдан жылға жалғаса беретінін, қай мезгілде де бағасын алып отыруға тиісті екенін ұмытпаған жөн. Мезгіл демекші, Жабайхан ағамыз философ ретінде мезгіл мәселесіне жете мән береді. Дүниенің алмасуы, мезгілдің ауысуы, жаңа кезеңнің келуі қазақтың психологиясына қалай әсер ететінін жан-жақты саралайды. Мәселен, ол бір сұхбатында былай деді: «Көктемнің келгеніне сондай қуанатын, оны жанындай жақсы көретін бір халық болса, ол қазақ шығар… Абай айтқан: «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырып жердің жүзі». Қазақ қысқа жақсылап дайындалады да, сол қыстан аман шықса болды, «бітті, мәселенің бәрі шешілді» деп есептейді. Сосын жаз бойы тойлайды». Философ осы қазақ тұрмысында айрықша рөл атқаратын мезгіл мәселесін еңбек дәстүрімен байланыстырады. Ақыл, білім, еңбек, тәрбие, сезім – Жабайхан Әбділдиннің үнемі қайталаудан жалықпайтын тақырыптары.

Философиядағы негізгі нәрсе – дүниеге көзқарас. Ғалым мұны ешқашан жадынан шығармайды. Сол көзқарас қоғамның сергек болуына ықпал етеді. «Адам болған соң, дүниеге дұрыс көзқарас керек. Қай ел болсын, азаматы оның патриоты болуы керек. Отанын ойлайтын азамат қалыптастыру мәселесі білім беру мәселесінен кем емес» дейді ол. Жабайхан Мүбәракұлының ұғындыруынша, қоғам озық болуы үшін ақыл, адамгершілік, кісілік сезім керек. Бұл үшеуі мемлекеттегі рухани ұстынды құрайды. Ақыл болмаса, таным дұрыс қалыптаспайды. Адамгершілік болмаса, қоғамдағы құндылықтар арзандайды. Кісілік болмаса, адами қарым-қатынастың берекесі кетеді. Осы үшеуінің аясында сезім деген ұғымды да ұмытпаған жөн. Академиктің бұған қатысты тұжырымы айқын: «Осы үшеуінсіз қиын. Біздің қазақ халқы білімі, математикасы, физикасы болмағанмен, ежелден адам болуға керемет көңіл бөлген. Мысалы, Рим кезінде керемет мемлекет болды. Бір заманда сол Римде адамгершілік азайған соң, парақорлық, өтірік айтушылық белең алып, кісілік төмендеп кеткен. Жұрттың бәрінің ойы байлық пен билікте болған соң ұлы мемлекет күйреген. Ақыры өздері адам емес деп жүрген варварлар жаулап алды. Адамгершілікке көңіл бөлмесе болмайды». Мұндай нәрселердің бәрі де сабақ болуға тиіс. Адамның ізгі қасиеттерін тәрбиелеуге жол ашатын шараларды көптеп ұйымдастырған жөн. Академиктің ұлағатты ұстанымы осыған саяды.

Жабайхан Мүбәракұлы соның бәрін әйгілі ғұламалардың еңбектеріне негіздеп түсіндіреді. Оларды оқыған сайын танымың ашыла береді. Ең күрделі деген сауалдардың жауабы содан табылады. Тек көкірегіңнің көзі ашық, көңіліңнің санасы ояу болғаны жөн. Сондықтан ол былайша ой толғайды: «Менің ойымша, Абай айтқандай, мынау байлық дегеннің өзі біржақты нәрсе. Бұған ұмтылатын адамдар көп. Сол сияқты билік те біржақты. Көп адам билікте бола бермейді. Сондықтан осы өмірге адам боп келгеннен кейін адам болып дүниеден өтуің керек. Адам болудың ең бірінші шарты – ақыл. Адам болудың екінші шарты – сенің кісілігің, ұятың, арың, әділдігің, адамшылығың. Үшінші – сен еңбек арқылы адам боласың. Кедейдің үйінде тусаң да байдың үйінде тусаң да, сені кішкентай күніңнен еңбекке үйрету керек. Қазақ «Отынды шапқанға жаққыз, малды тапқанға баққыз» дейді».

Жабайхан Әбділдиннің даналық сабақтары осылай аудитория ішінде де, одан тыс та үздіксіз жүріп жатады.

ЖҮЙРІК БОЛЫП ЖАРАЛҒАН

Інісі Мейірханның естеліктеріне үңілсек, философ ғалымның балалық шағы туралы біршама мәлімет аламыз. Екеуінің арасы – бес жас. Жәкең мектепте сабақты өте жақсы оқыпты. Сондықтан бесінші кластан жетінші класқа бір-ақ секіріпті. Сөйтіп, өзгелерден озып отыру оның о бастан өмір салтына айналғанға ұқсайды. Тек сабақтан ғана озық болмаған. Былайғы күнделікті тірлікке де өте епті болыпты. Інісі Мейірхан оны жолы болғыш деп сипаттайды. Балыққа барса, үнемі олжалы қайтатын көрінеді. Қоянға тұзақ құрса, тұзағына қоян емес, түлкі түседі екен.

Бала Жабайхан асықты да шебер ойнаған. Мейірхан ағамыздың айтуынша, әкесі Семей жаққа «Жаңа күш» колхозына мал дәрігері болып барып, қоныс аударған кезде, бұлар сол ауылдың балаларымен асық ойнайды. Сонда біздің кейіпкеріміз бүкіл баланы шетінен ұтып шығады екен. Ол ол ма, Жабайхан ағамыз бала күнінде бәйге атын ерттеген шабандоз болыпты. Көлтайторы, Қызылторы, Моряк деген жараулы аттардың жалына жармасып, талай бәйгені олжалап қайтыпты. Сірә, жүйрік болу сол кезде-ақ маңдайына жазылған шығар.

Бұл естелікке жүгінсек, Жабайхан Мүбәракұлы қоғамдық қызметке де ерте араласқан. «Жәкең мен ес білгелі мектепте бірде комсомол ұйымының хатшысы, бірде оқушылар комитетінің төрағасы, әйтеуір бір бастық болатын» деп еске алады Мейірхан Мүбәракұлы. Шынында да, ол кейін ғалымдығына қоса, басқару мектебінде де шыңдалды. Қазақстан ҰҒА Философия және құқық институтының директоры, академияның Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, Ғылым академиясының вице-президенті ретінде саланы ұйымдастыруға ерен еңбек сіңірді.

Жабайхан Мүбәракұлы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің Жоғарғы Кеңесінің, кейін Парламент Сенатының депутаты болып, заң шығару жүйесінің орнығуына аянбай атсалысты. Әсіресе, Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған тұста белсенді қызметімен танылды.

Тәуелсіздікке қадам басқан тұста Алаш арыстары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және Жүсіпбек Аймауытовтың мұраларын ақтауға арналған комиссияның төрағасы ретінде қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды қалпына келтіру ісіне басшылық етті.

Жабайхан ағаның ғылымдағы жетістіктері лайықты бағаланды. Ол – Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан Президентінің Бейбітшілік және рухани татулық сыйлығының лауреаты. «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Достық», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Жабайхан Мүбәракұлы әрбір бес жыл сайын өтетін Әлем философтарының конгресіне үзбей қатысып келеді. Осы кезге дейін халықаралық форумда оныншы рет болыпты. Жай қатысып қана қоймайды. Дүние жүзі философтарының алдында баяндама жасайды. Әлемдік философияның тарихына, тұлғаларына көңіл бөлу, идеяға, адамгершілік мәселелеріне назар аудару жөнінде әйгілі әріптестерімен ой бөліседі. Соңғы конгресс Афиныда өтті. Амандық болса, келесісіне де жолы түсуі мүмкін.

Мейірхан ағамыз «Жалпы, Жәкеңнің жолы болғыш еді деп дұрыс айтқан екен. Ол университетте философия факультеті ашылған жылы оқуға түсті. Бұл үздіктердің үздігі оқитын беделді факультет еді. Сол кезден ден қойған ұстанымы: философтар туралы жүз әңгімеден оның бір шығармасын оқыған әлдеқайда артық. Себебі барлық ғылымның атасы – философия. Одан тіршіліктің түрлі сауалына жауап аласың. Өмір құбылыстарының барлық жұмбағын сол арқылы шешесің. Атақты физик Ньютонның алғашқы кітабы философиямен байланысты екенін Жәкең жиі айтады.

Студенттерге үнемі өзгеше талап қояды. «Оқытушының тақырыпқа арналған лекциясы бәрібір аздық етеді, қиын болса да, философтардың шығармаларын оқыңдар» дейді. Кезінде өзі де сөйтті. Алғашқыда тісі бірден бата қоймады. Ақыры, бір күні жұмбақ әлемге енгенін ұғынды. Содан соң, өзі айтқандай, әлгі ғұламалар мұны көтеріп әкетті. Сол ғажайып дүниелерді әлі күнге дейін өміріне рухани азық етіп келеді. Тарих ғылымы өткеннің деректерін түгелдеумен айналысса, философия бүгінгі күннің мәселесін шешуге септігін молынан тигізеді.

Жиі жүгінетін ғұламасы – данышпан Абай. Сол Абай туралы жазам деп толғанғанына отыз жыл болған шығар. Бұл тақырыпқа бірден келуге асыға қоймады. Ұлы философтарды әбден бүге-шігесіне дейін зерделеп болған соң Абайға басқаша көзбен қарады. «Кант «Ойыңда, көзіңде не болса, соны көресің» деп өте жақсы айтқан, – дейді Жабайхан аға, – Бір ғұламаны оқу үшін өзіңде де ой болуы керек. Өзіңде ой болғанда ғана сол адамның ойын терең түсінуге жол ашылады. Әйтпесе, бетінен ғана сырғып өтесің. Мен Абайды оқи-оқи мынадай тұжырымға келдім. Ол әлемдегі ұлылардың ешқайсысынан кем емес. Абай тек қана өлең жазған жоқ. Ол ғұлама философ болды. Мен «Мұндай адам қалай жаралған?» деп таңғалам». Кейіпкеріміз Абайдан кейін жазылған өлеңнің, музыканың, айтылған ойдың мүлде бөлек сипат алғанын айтады. Сондықтан өзгелерге оны қайта-қайта оқуға міндеттейді.

ҮШ АКАДЕМИКТІҢ ҮЛКЕНІ

Ұстаздың мына бір тұжырымына зер салмасқа болмас. «Жемқорлықты тоқтатудың бір жолы – адамгершілікке көңіл бөлу», – дейді ол. – Адам заңнан бұрын арының алдында қиналуы керек». Жалпы, академикті бүгінгі мәселелердің бәрі де ойландырады. Бірде ол немерелерінің сабақ үлгерімін қарап отырып, оның оқулықтарына зер салды. Кітапта бірыңғай ғұламалардың суреттері мен өмірбаяны беріліпті. Философ мұны онша жөн деп санамайды. Одан бала не түсінеді? Оған өмірбаян неменеге керек? Оның орнына белгілі билер мен танымал шешендердің даналық сөзін ұсынса, оқушының есінде қалар еді ғой.

«Адам болам десең, ұлылармен сұхбаттасуың керек. Мен мысалы, Платонмен, Аристотелмен сөйлесе алмаймын ғой. Тек олардың кітабы арқылы сөйлесіп, ақылдасып отырамын. Олардың кітабына зер салсам, өздері менің желкемде тұрған сияқты болады. «Мына мәселені былай шеш» деп көрсететіндей сезіледі. Әрине, интернетте бәрі бар. Бірақ бұлардың бәрі кітапқа көмекші ғана. Бәрібір мен кітапты аса бағалаймын», – дейді академик.

Жалпы, Әбділдиндер әулетінде бір емес үш академик бар. Үшеуі де Ұлттық Ғылым академиясының академигі. Жабайхан ағаның туған інісі Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдин – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Салыстырмалылық теориясы мен гравитатация теориясы бойынша Қазақстанда ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым. КСРО Ғылым академиясы Физика-техника институтының аспирантурасында оқып, КСРО Ғылым академиясының академигі В.А.Фоктың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғаған. Докторлық диссертациясы «Жалпы салыстырмалылық теориясындағы денелер қоғалысы проблемаларын Фок тәсілімен зерттеу» деп аталады. Ұзақ жыл бойы жалпы салыстырмалылық теориясын зерттеп, іргелі еңбектерді санатқа қосты. Эйнштейннің гравитация теориясының механикасы туралы монография жазды.

2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшелігіне сайланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болды. Оның университет тарихындағы ең алғаш сайлау арқылы тағайындалған басшы екенін айта кеткен ләзім. Кейін ҚазҰУ жанынан Эксперименттік және теориялық физика институтын құруға атсалысты. Қазақ поэзияның озық үлгілерін үнемі оқып отыруды айнымас дағдыға айналдырды. Абай, Махамбет, Әуезов шығармаларына айрықша көңіл қойды.

Үшінші академик – Раушан Жабайханқызы Әбділдина. Ол – әкесінің жолын қуған философ ғалым. Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика институтын бітірген соң Мәскеуде, КСРО Ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасында оқыды. Оны бітірген соң Ресей Ғылым академиясының академигі В.А.Лекторскийдің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады. Кейіннен ҚР БҒМ Философия және саясаттану институтында қорғалған «Адамның, оның бостандығы мен даралығының мәдени-тарихи процесс контексіндегі эволюциясы» деп аталған докторлық диссертациясы өз саласындағы ғалымдардың назарын аударды. Раушан ҚР ҰҒА Философия институтының әлеуметтік философия бөлімінің меңгерушісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия және социология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеді. Қазір М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасын басқарады. Оның «Шығармашылық ретіндегі бостандық диалектикасы», «Жатсыну әлеміндегі адам», «Тарихи-мәдени процесс контексіндегі адам және оның бостандығы» т.б. көптеген ғылыми монографиялары жарық көрген. Раушан 2013 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болып сайланса, былтыр Ұлттық академияның толық мүшелігіне өтті.

Осы екі академиктің ғалым ретінде қалыптасуына әулеттегі алғашқы академик Жабайхан Әбділдиннің ықпалы болғаны айқын. Ол тек баршаға танымал зерделі зерттеуші ғана болған жоқ, отбасындағы және айналасындағы тәрбиенің тізгінін де тең ұстады. Үш академиктің үлкені сөзімен де, ісімен де әулетіндегілердің бәріне өнеге көрсетті. Бауырлары мен балалары оның жүріс-тұрысын, болмыс-бітімін үлгі тұтты. Барша жұртқа ұстаз болған Жабайхан аға неге өз әулетінің ардақтасына айналмасын?!

Сөйтіп, оқыған-тоқығаны көп болыстың баласы – Мүбәрак деген мал дәрігерінің екі ұлы, бір немересі Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының академигі болды. Бұл даналыққа құштарлығы ерте оянған Жабайхан Әбділдиннің жемісті өмір жолының шарапаты екеніне дау жоқ.

Әйгілі ғұлама Демокрит «Өмірдің мәні неде?» деген сауалға «Ол – өзіңнің өткен өміріңе ризашылығың» деп жауап берген екен. Жабайхан Мүбәракұлын да осы қанатты қағида қанағат сезіміне бөлейтіндей көрінеді бізге.

Амантай ШӘРІП,

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 17 =