Четверг, 29 Июнь 2017
-->

ДАМУДЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН  НАЗАРБАЕВТЫҢ «ҚАЗАҚСТАН-2050» СТРАТЕГИЯСЫ – ЕЛІМІЗДІҢ АЛДЫНА ЖАҢА ӨРШІЛ МАҚСАТ ҚОЙЫП ОТЫР. ОЛ – ӘЛЕМНІҢ ДАМЫҒАН ОТЫЗ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАТАРЫНА КІРУ.

Қазақ елінің 2050 жылға дейінгі даму бағыттары айқындалған жолдаудың маңызы өте зор. Бұл мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғырту­дың ауқымды бағдарламасы болып табылады. Елбасы: «Біздің бас­ты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз» деп атап көрсетті. Осы ретте тарих өлшемімен салыстырғанда, қас-қағымдай уақыт – тәуелсіздіктің жиырма бір жылында еліміз қол жеткізген, жолдауда атап айтылған табыстарға қысқаша тоқтала кеткен жөн: «Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Біз «Алдымен экономика – cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды. Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негіз­делген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біз елімізге 160 млрд доллардан астам шетел инвес­тициясын тарттық. Стратегия – 2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз. 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды». Осы жылдарда Қазақстанда: «Білім алуға тең мүмкіндіктер жасалуда. Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік». Әлемдік саясатта біздің еліміз – талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес. Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына және ұжымдық қауіпсіздік ұйымына төрағалық етті. Астана экономикалық форумында біз диалогтың жаңа форматын – G-global-ды ұсындық. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз. Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Осындай жауап­ты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылды». Мемлекет басшысы Жолдауда осыдан дәл 15 жыл бұрын қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының мерзімінен бұрын орындалғандығын атап өтті. Оның басты қорытындылары: «Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар. Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы – жеке иелікте. Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті.
Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік». Сонымен қатар республикада «үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Орташа айлық жалақы 9,3 есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе ұлғайды. Халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16 есе өсті. 1993 жылы біз «Болашақ» атты біре­гей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды. Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды. Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті. Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық». Осылайша 2030 стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде. Сондықтан Елбасы Жолдауында негізделген еліміз дамуының жаңа стратегиясы «Қазақстан – 2030-дың» үйлесімді жалғасы болып табылады. «Қазақстан-2050» стратегиясы – бұл тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт. Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.
Президент бұл биікті бағындыру жолындағы бірінші дәрежедегі маңызды мақсат-міндеттерді айқын­дады:
• Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.
• Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.
• Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.
• Жаңа әлеуметтік үлгіні қалып­тастыру.
• Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.
• Мемлекеттік аппараттың жауапкер­шілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.
• Халықаралық және қорғаныс сая­сатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.
Осынау өршіл мақсат-міндеттерді іс жүзіне асыру қай салада болсын қарбалас жұмыстарды талап ететіні даусыз. Оның ішінде білім беру саласының алдында тұрған міндет аса жауапты екені даусыз. Өз дамуының құбылмалы әлемдегі жаңа кезеңіне қадам басқан еліміздің қатаң бәсекелестікте жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуы – осы міндеттер­ді іске асыратын мамандардың білік­тілігіне байланысты. Сондықтан Қазақстан дамуының жаңа стратегиясы жоғары мектептің алдына қоятын міндет аса жауапты: «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді».
Елбасы білім беру саласында халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту міндетін алға қойды. Осы орайда инженерлік білім беру жүйесін дамыту аясында біздің университет базасында «Қазақстан жоғары техникалық оқу орындарының республикалық ассоциациясын» құру бағытындағы жұмыстар қолға алынбақшы. Сонымен қатар халықаралық үлгідегі куәліктер берудегі әлемдік тәжірибені зерттеу және ұсыныстар әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылады. Кешен аясында қолданбалы және академиялық ғылым мен бизнес қауымдастық бірлескен зерттеулер жүргізеді, техника мен технологияның басым бағыттары бойынша тәжірибелік үлгілер жасалады. Мұнай-газ, тау-кен-металлургия, машина жасау салаларында жоғары технологиялы өндірісті құру жөніндегі сызба және технологиялық жұмыстарды атқаруға тиіс ғылыми-шығармашылық ұжымдар құрылады. Елбасы Жолдауында біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі – жаңа қазақстандық патриотизм екендігі айтылды. Соңғы уақытта халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Бізде сенім бостандығы бар, бірақ соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Сондықтан біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістердің алдын алу, дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетіне тыйым салатын іс-шаралар жоспарын жасауымыз керек. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Жолдауда атап көрсетілген осы міндеттерге орай, университет ұжымы әлемдік білім және ғылым кеңістігіндегі ықпалдастық аясында техникалық ағылшын тілін тереңдеп меңгеру, алдағы әліпбиімізді латын қарпіне көшіру дайындығына кірісу шараларын қолға алады. Сонымен қатар, қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру одан әрі жалғасын табады.

Әмина ТҰяҚова,
Астана қаласы Алматы аудандық әділет басқармасының бас маманы, Астана қалалық заңгерлер одағының мүшесі

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*